ШЕКАРАДАҒЫ КЕПТЕЛІС
Қазақстан қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті қазақ-қырғыз шекарасында "тауар тиеген жүргізушілердің тексеруден өтуге құлықты болмауы себепті" жүзден аса көлік жиналып, Қазақстан жағына өте алмай тұрғанын хабарлады.
Наурыздың 31-і күні Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы "Ақ-тілек автожол" бақылау өткізу бекетінде кезекте тұрған жүк көлігінің саны 200-ге жеткен. Қазақстан жағына қарай сағатына шамамен 4-5 көлік өткен.
Кіріс комитетінің мәліметінше, наурыздың 27-інен бастап Қырғызстанмен шекарадағы Қарасу өткізу бекетінде бекетінде қытай мен түркиялық тауар тиеген тоғыз жүк көлігінің құжаттары талапқа сай емес екені анықталған. Содан бері 40 автокөлік құжаттарын ретке келтіру үшін Қырғызстанға қайта оралған.
"Қырғыз өнімдеріне визуалдық тексеру жүргізіліп жатыр. Әзірге заңбұзушылық жоқ" дейді комитет.
Сәуірдің 1-і күні Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметі көліктердің шекарада әлі кептеліп тұрғанын хабарлады. Мекеменің мәліметіне сәйкес, кезекте тұрған жүк көліктерінің саны 223-ке жеткен.
Қырғыз билігі "кептеліске көліктердің мұқият тексерілуі себеп" дейді.
"ЕАЭО-НЫҢ ӘР МҮШЕСІ ӨЗ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ"
2017 жылы сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстан билігін сынағаннан кейін қырғызстандық жүк көліктерінің шекарадан өтуі қиындаған еді. Сол кезде Қазақстан үкіметі Қытайда өндірілген тауарлардың заңсыз жолмен келуінен Еуразия экономикалық одағы зор зиян шегіп жатқанын мәлімдеп, шекарадағы шара соған тосқауыл қою мақсатымен жасалды деп түсіндірген. Қырғызстанда билікке Сооронбай Жээнбеков келген соң шекарадағы жағдай аздап реттелгендей болған. Бірақ шекарадан өтетін жүктердің бөгеліп жатқаны туралы ара-тұра айтылып келеді.
Бір одаққа кіретін көрші екі елдің шекарадан тауар өткізу проблемасын шеше алмауына не себеп? Қырғызстандық қоғам қайраткері Ишенбай Кадырбеков Еуразия экономикалық одағы құжаттарында оған мүше елдер тең құқылы деп көрсетілгенімен, іс жүзінде әрқайсысы өз нарығын қорғауға тырысып отыр деп санайды. Оның пікірінше, тауар контрабандасына екі елдің кеден қызметкерлерінің де қатысы бар.
- Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына еш дайындықсыз кірді. Сондықтан Қазақстан Қырғызстанның нарығына да орнығып, одан айырылып қалмау үшін түрлі себептерді ойлап тауып отыр. Өкінішке қарай, Ресей мен Түркияға тауарлар Қазақстан арқылы өтеді. Сол себепті осындай кедергілер болады. Бұған қоса [Қырғызстанның] Дордой мен Қарасу базарлары Қытай тауарларын өзге елдерге жөнелтетін хабқа айналған. Көрші ел өз нарығы бәсекеге төтеп бере алмаған соң, түрлі сылтаумен кедергілер қояды, - деп санайды Кадырбеков.
Оның сөзінше, Қырғызстан көрші елдер ешқандай мін таға алмайтындай, барлық талапқа сай сапалы тауарлар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруі тиіс.
ЖЕКЕ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ПЕН ШЕКАРАДАҒЫ МӘСЕЛЕ
Алайда жекелеген саясаттанушылар халықаралық экономикалық байланыста, әсіресе Орталық Азия елдері арасында ел басшыларының жеке қарым-қатынасының маңызы зор деп санайды. Қазақ-қырғыз шекарасындағы бақылау Қазақстанда билік басына жаңа адам келгеннен кейін күшейді. Бұл Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзара қарым-қатынасы туралы әңгімеге себеп болды.
Алайда, қырғыз сарапшысы Орозбек Молдалиевтің пікірінше, тіпті әлгіндей экономикалық мәселелерді реттеуге мемлекет басшылары араласқан күннің өзінде ол проблемалардың себебі шешілмеген күйі қалады. Сондықтан шекарада қалыптасқан жағдайды жеке қарым-қатынас факторымен байланыстырудың жөні жоқ деп санайды ол.
- Кеден қызметіміз қайда қарап отыр? Қазақстан жағы "құжаттағы тауар мен тиелген жүк сай емес" дейді. Олардың сөзіне сенсек, ол жерде коррупция бар. Ал қырғыз жағы "мемлекеттік кеден қызметіміз ол тауарларды қарамай өткізген еді" деп айта алмай отыр. Немесе үкімет барлық құжаттар реттеліп, кері қайтарылды деп мәлімдеуіне болар еді. Кеден басшысы айтса да болады. Неге үнсіз отыр? Ал олар әлденені ойлап тауып, барлығына саясат кінәлі-мыс деп шу шығарады. Бізде осындай мәселені билік басындағыларды ортаға салып шешу әдетке айналған, - дейді Молдалиев.
Қырғызстан парламенті депутаты Мирлан Жээнчороевті жүк көліктерінің шекарада бөгелуінен кәсіпкерлердің орасан зиян шегіп отырғаны алаңдатады. Ол қырғыз үкіметі Еуразия экономикалық одағына мүше ретінде құқығын пайдаланып, жүк тасымалдаушылар мәселесін тезірек күн тәртібіне шығаруы керек деп санайды. Депутат бұл мәселеде тіс жармай отыр деп үкіметті сынады.
- Үкіметтің өкілеттігі бар. Ол телефонмен немесе ұшып барып болсын келіссөз өткізуі тиіс. Өйткені бұл жалпы экономикалық абырой-беделімізге кесірін тигізеді. Халықаралық компаниялар Қырғызстанмен сауда-саттық жасаудан жасқанатын болады, - дейді ол.
Қырғызстан үкіметі шекарадағы жағдайға байланысты тиісті министрлік мәлімдеме әзірлеп жатқанын хабарлады.
Қырғызстандық экономист Еркин Абдыразаков қырғыз-қазақ шекарасындағы жағдай туралы (қырғызша):
2017 жылдың соңында Қазақстан мен Қырғызстан арасында шекарадағы жағдайды реттеу жөнінде қол қойылған "жол картасы" бойынша, шекаралық, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салық салалары тәрізді екі жақты әріптестіктің өзекті мәселелерін кешенді түрде шешуді көздейтін 50 шараны іске асыру көзделген болатын. Қырғызстан үкіметінен осы шаралардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы ақпарат алу мүмкін болмады.
(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалы негізінде әзірленді.)
ПІКІРЛЕР