«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын жобасы 2018 жылғы желтоқсанның 25-інде сол тұстағы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің бұйрығы негізінде дайындалған. Жұмыс тобына парламент пен сенат депутаттары, министрлік өкілдері мен мектеп, колледж директорлары және екі мұғалім, барлығы 22 адам қатысқан.
Заң жобасы дайындалғанға дейін WhatsApp мессенджері арқылы Қазақстанның әр аймағынан оқытушылардың ұсыныстары жиналды. Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған bilimdinews.kz сайтында да жекелеген мұғалімдердің ұсыныстары жарияланып отырды.
Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі заң жобасы бойынша 8 мыңнан астам ұсыныс түскенін, 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында үкімет пен парламентте қаралатынын хабарлаған.
Министрлік ұсынған bilimdinews.kz сайтындағы ұсыныстардың басым бөлігі төменгідей:
- 30 жылдық еңбек өтілімен ер мұғалімдерді – 55 жаста, әйел мұғалімдерді – 50 жаста зейнетке шығару;
- Білім басқармасының ең төмен лауазымды қызметкерден жетекші маман болу үшін кемі 8 жыл, аудан/қала білім бөлімінің жетекші маманы қызметіне конкурсқа қатысу үшін кемі 5 жыл педагогикалық өтіл; ал басшыларына тиісінше, 10 және 8 жыл педагогикалық өтіл талап ету;
- Мектеп директорларын 5 жыл сайын конкурспен тағайындау;
- Бюджеттен мектептерді жөндеуге бөлінген қаражатты БАҚ-та жариялау;
- Мұғалімдерге берілетінәлеуметтік көмекті жергілікті атқарушы органдардың емес, республикалық бюджеттің еншісінде қалдыру.
ЕНБЕЙ ҚАЛҒАН ҰСЫНЫСТАР
Заң жобасына қатысты бірнеше онлайн-конференция өткізіп, бұрынғы білім және ғылым министрі К. Шәмшидинованың атына ашық хат жазған, ақпараттық сайттарда ұсыныстарын жариялаған белсенділердің бірі – «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мейіржан Темірбек.
- Бұл заңның жобасын дайындауға бізді қатыстырмады. Қатыстырмаса да,ұсыныстарымызды дайындап жіберген едік. Бірақ сол ұсыныстарымыздың көбі ескерілмей қалды, - дейді ол.
Мейіржан Темірбек қоғамдық бірлестік атынан мұғалімдердің зейнетке шығу жасын 50-55 жасқа дейін қысқарту немесе 30 жылдық жұмыс өтілі бар мұғалімдерді зейнетке жіберу, ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге берілетін атаулы әлеуметтік көмекті (Білім туралы заңның 53-бабында әлеуметтік кепілдер бойынша төленетін төлемдер – ред.) республикалық бюджетке қарату сияқты ұсыныстар жіберген.
Заң жобасын дайындау кезінде ұсыныс айтқан мұғалімдердің тағы бірі алматылық Сұлтан Сүлеев:
- Тек мен емес, ұсыныс түсірген мұғалімнің барлығы 30 жылдық жұмыс өтілімен немесе 50-55 жаста зейнетке шығуды сұрады. Екінші ұсыныс – мұғалімдердің орташа жалақы деңгейін көтеру. Мәселен, Қазақстанда орташа жалақы деңгейі 162 мың теңге деп көрсетілген. Ал мұғалімдердің орташа жалақысы 102 мың теңге. Дамыған елдерде мұғалімдердің айлық жалақысы орта жалақыдан бес есеге дейін артық болады. Бірақ бұл екі ұсыныс та өтпегеннен кейін жаңа заң жобасынан көңілім қалды, - дейді.
Белсенді мұғалімдердің бірі Айман Сағидулла:
- Бұл заң керісінше болды. Бұған дейін сауықтыру үшін төленетін 13-айлыққа тыйым салынатын болды. Ешқандай жақсылық немесе өзгеріс күтпеймін, - деп қысқа қайырды.
Білім туралы заңның 53-бабындағы «Оларға кезекті еңбек демалысын беру кезінде мемлекеттік білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасымен айқындалған мөлшерде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыруға жәрдемақы...» дейтін жолдар алынып тасталған.
Азаттыққа пікір білдірген кейбір сарапшы жаңа заң жобасы бұрынғы білім туралы заңдағы бар тармақтардан көшіріле салғанын айтп жатты.
«ЕКІ-АҚ РЕТ ЖИНАЛЫС БОЛДЫ»
Ал заң жобасын дайындауға қатысқан жұмыс тобының өкілдері бастапқыда ұсыныстардың ескерілгенін айтады.
- Мұғалімдердің ұсынысын, оның ішінде әлеуметтік көмек пен зейнет жасына байланысты ұсыныстарды өзіміз жасаған жобаға енгіздік. Бірақ кейін ол нормалар алынып тасталды. Қазір қандай ұсыныстар қалып, қандай өзгерістердің енгенін білмеймін. Өйткені екі айға жуық уақыт болды, біз бұл процестен шығып қалдық, - дейді мұғалімдер мәртебесі туралы заңның алғашқы жобасын жасауға қатысқан Астана қаласы гуманитарлық колледжінің директоры Елдос Нұрланов.
Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов жұмыс тобы мүшелерінің тізімінде тұрғанымен заң жобасына қандай ұсыныстардың енгенінен хабарсыз болып шықты.
- 2018 жылы заң жобасы дайындалар кезде қатты талқыға түсті ғой. Екі рет жиналыс болды. Одан кейін ешкім бізді шақырған жоқ. 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында мәжіліске келіп түсуі керек болатын. Басшылықтың ауысуына байланысты кешікті. Одан бері де екі министр ауысып кетті ғой. Енді тамыз-қыркүйек айларында бізге түседі деп отыр. Сол кезде айтпасам, қазір хабарсызбын, - деді ол.
Мұғалімдер құқығын қорғаумен айналысып жүрген белсенді Маржан Асфандиярова «ұсыныс, талап жақсы болғанымен оны шешудің тетіктері жаңа заң жобасында қарастырылмаған» деп ойлайды.
- Жаңа заң жобасын қарап шықтым. Мұғалімдер үшін ең керекті жалақы мәселесі мен зейнетке шығу жасы енбей қалды. Ал қалған тармақтар немесе баптар «Еңбек туралы» кодексте, «Білім туралы» заңда, «Азаматтық» кодексте бар. Тек осыларды бір жерге топтастырып, жаңа заң жасақтап жатыр, - деді белсенді.
ЖАҢА ТАРМАҚТАР
Заң жобасын талқылау кезінде мұғалімдердің ұсынысын ескеру туралы Білім және ғылым министрлігінен жауап алу мүмкін болмады. Баспасөз қызметі «Қазір Арыстағы оқыс жағдайға байланысты балалар мәселесімен айналысып жатқанын, нақты сауалдарға жауап бере қоятын адамның жоқ екенін» айтты. Азаттық министрлікке ресми хат жолдады.
Жаңа заң жобасында бұрынғы Білім туралы заңның «мұғалім мәртебесі туралы» бабына кірмеген мынадай тармақтар бар.
Мұғалімді қорлаудың жазасы. Кәмелетке толмаған балалардың педагогтың ар-намысы мен абыройын кемсітіп жасаған іс-әрекеті үшін олардың ата-аналары мен оларды ауыстыратын тұлғаларға 100 айлық есептiк көрсеткiш (240 мың теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады.
Мұғалімді қызметіне қатысы жоқ жұмысқа жегу. Педагогты өзінің кәсіптік міндеттеріне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартқандарға; педагогтан Қазақстан заңнамасымен көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсынуды талап еткендерге; педагогқа өз қаражаты есебінен оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету үшін қандай да бір бағалы тауар-материал алу міндетін жүктегендерге ескерту жасалады. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде әрекет қайталанса, лауазымды адамдарға – 40, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (1 АЕК - 2405 теңге) айыппұл салынады.
Педагогтың кәсіптік қызметіне негізсіз араласу немесе педагогтың кәсіптік қызметіне оның құқықтары мен заңды мүдделері бұзылса, ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде заң бұзу қайталанса, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (240 мың теңге) айыппұл салынады.
Мұғалімнің жұмыс уақыты. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарды қоспағанда, педагог еңбегінің ерекшелігін ескере отырып, олардың лауазымына және (немесе) мамандығына қарай жұмыс уақытының ұзақтығын (еңбекақы ставкасы үшін оқу жүктемесі сағаттарының нормасы), еңбек шартында белгіленген оқу жүктемесін анықтау тәртібін және оның өзгеруіне негіздемені, педагогтың оқу жүктемесінің жоғары шегін белгілеу жағдайларын білім беру саласындағы тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісу бойынша айқындайды.
Білім беру ұйымдарының құзыреті. Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен педагогтардың міндетті медициналық тексерістен өтуін қамтамасыз ету;
ПІКІРЛЕР