АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысы басшыларымен келіссөздер доғарылатыны туралы мәлімдеді. Бұған дейін Вашингтон Ауғанстанда 18 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты аяқтап, бейбітшілік бітімі мен АҚШ әскерін ол елден әкетудің шарттарына байланысты келісімге келу үшін жылға жуық уақыт "Талибанмен" келіссөз өткізген еді.
Трамп бұл мәлімдемесін 8 қыркүйекте Кэмп-Дэвидтегі резиденциясында "Талибан" жетекшілері мен Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қатысады деп жоспарланған құпия кездесуден бас тартқаннан кейін жасады. Вашингтон осы кездесуде Ауғанстанға кіргеніне 18 жыл болған АҚШ әскерін ол елден әкетудің шарттарын екі тараппен де келіспекші болған. Қазіргі кезде Ауғанстанда АҚШ-тың 14 мыңға жуық сарбазы бар.
Президент Трамптың мәлімдемесінен соң іле-шала "Талибан" келіссөздерді доғарудан ең алдымен АҚШ-тың ұтылатыны туралы ескертті. 9 қыркүйекте АҚШ орталық әскери басшылығының жетекшісі генерал Кеннет Маккензи "Талибанның" осы кезге дейін Катар астанасы Дохада АҚШ әкімшілігімен келіссөздер өткізгеніне қарамастан соңғы айларда шабуылдарды жиілеткенін айтып, Ауғанстандағы АҚШ әскери контингенті енді тәліптер тарапынан үдеуі ықтимал террорлық шабуылдарға қарсы шараларды күшейтетінін мәлімдеді. Өткен аптада Кабулда болған шабуылдардың бірінде АҚШ сарбазы қаза тапқан еді.
Бұған дейін Дохада АҚШ пен "Талибан" арасында өткен келіссөзде жасалған келісім жобасына сәйкес, АҚШ жақын болашақта Ауғанстаннан бес мың сарбазын шығаруға, ал тәліптер өздері бақылайтын аймақтарда АҚШ пен оның одақтастарына шабуыл жасауды көздейтін террорлық топтарды паналатпауға келіскен.
2016 жылы АҚШ президенті сайлауына түскен кезде Трамп Ауғанстаннан АҚШ әскерін толық шығаруды сыртқы саясаттағы негізгі міндеттердің бірі ретінде атаған. АҚШ президенті өз әкімшілігі әскерді толық шығару мүмкіндігін әлі де ойластырып жатқанын айтты.
Вашингтон мен "Талибан" арасында Дохада өткен келіссөздерге қатыспаған Ауғанстан президенті Ашраф Ғани дүйсенбі күні бейбіт бітімге келуге тағы да шақырып, "Талибан" қозғалысы әлі күнге дейін соғысты тоқтату туралы келісімді орындамай отырғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР