Accessibility links

Болгарияда бұрынғы депутатты "Ресейге тыңшылық жасады" деп айыптады


Николай Малинов.
Николай Малинов.

Софияда Болгарияның социалистік партиясы атынан бұрын парламентке сайланған депутат, қазір ресейшіл үкіметтік емес ұйымның жетекшісі Николай Малиновқа "Ресейге тыңшылық жасады және ақша жымқырды" деген айып тақты. Болгарияның бас прокуроры Сотир Цацаровтың айтуынша, егер Малиновтың кінәсі дәлелденсе, 5 пен 15 жыл аралығында бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Малиновқа екі ресейлік ұйым: "Екі басты бүркіт қауымдастығы" (Double-Headed Eagle Society) және Стратегиялық зерттеулер жөніндегі ресейлік институтқа Болгарияның мемлекеттік құпиясын сатты деген айып тағылған. Цацаровтың айтуынша, қолды болған ақпараттың Болгарияның ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар. Бас прокуратура құпия ақпаратқа ие болғандар болгар үкіметінің Ресей мен Батысқа байланысты сыртқы саясатына ықпал етпек болған деп топшылайды.

Соңғы жағдайға байланысты София билігі бұрынғы КГБ агенті, 2009 жылға дейін Ресейдің сыртқы барлау қызметіне жұмыс істеген генерал Леонид Решетниковтың Болгарияға баруына 10 жылға тыйым салды. Решетников 2009-2017 жылдары аралығында Стратегиялық зерттеулер жөніндегі ресейлік институтты басқарған. Бұл ұйымды Батыста 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесін бұрмалаумен айналысты деп айыптайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG