Accessibility links

Бейбіт шеру бостандығы. Билік пен белсенділердің бағасы әрқилы


Полиция наразылық шеруі өтетін орын деп көрсетілген жерге келген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Полиция наразылық шеруі өтетін орын деп көрсетілген жерге келген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Варшавада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адам құқығы өлшемдері жөніндегі дәстүрлі кеңесінде бейбіт жиын өткізу туралы сөйлеген Қазақстанның үкімет делегациясы мен азаматтық қоғам өкілдері елдегі адам құқығының жағдайын әрқилы бағалады.

Польша астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) адам құқығы өлшемдері бойынша жыл сайынғы конференциясы өтіп жатыр. 16-27 қыркүйек аралығында өтетін жиынға қатысып отырған ЕҚЫҰ-на мүше елуден астам мемлекеттің ресми делегациялары мен азаматтық қоғам өкілдері өз елдеріндегі адам құқығының қазіргі жағдайы туралы баяндады.

Конференцияның алғашқы аптасындағы сессияларда азаматтардың пікір білдіру еркіндігі, бейбіт жиындар мен бірлесу бостандығы, діни наным-сенім бостандығы, БАҚ және ақпарат алу мен тарату бостандығы, журналистер қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Сонымен бірге демократиялық сайлау өткізу, демократиялық институттар қызметі, гендерлік теңдік, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және адам саудасы жайлы мәселелер де қаралды.

РЕСМИ ДЕЛЕГАЦИЯ ӨКІЛІНІҢ ПІКІРІ

Варшавадағы конференцияға Қазақстаннан барған үкімет делегациясы мен азаматтық қоғам өкілдері елдегі адам құқығының ахуалы туралы хабарлама жасады. Қыркүйектің 19-ы күні өткен отырыста сөйлеген Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Азамат Сарғазин елде азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы сақталып отыр деп мәлімдеді.

- Қазақстан азаматтары бейбіт жиын өткізу құқығын белсенді түрде пайдаланып жүр. Оған соңғы бес жылда елде өткен 750-ден астам акцияға 25 мыңнан астам адамның қатысқаны дәлел бола алады. Және де осы акциялардың 86 пайызы жергілікті атқарушы биліктің рұқсатынсыз өтті. Алайда сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны акцияларға қатысқандардың 3 пайызына да жетпейді. Жазалау шаралары тек сирек жағдайда, қоғамдық тәртіп қасақана бұзылған кезде ғана қолданылады, - деді ол.

Бейбіт митинг: Биліктің позициясы һәм елдегі жағдай
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Сонымен бірге ресми делегация мүшесі қазіргі кезде Қазақстанда "бейбіт митингілер туралы заңды жетілдіру" мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.

"Қазақстанда жиын өткізу халықаралық құқық нормаларына сай келеді" деді бас прокуратура өкілі.

"БЕЙБІТ ЖИЫН ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ"

ЕҚЫҰ жиынына қатысқан қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер Қазақстанның бейбіт шерулер туралы заңы азаматтарды митинг өткізу үшін жергілікті әкімдіктен рұқсат алуға міндеттейтінін, әдетте ондай рұқсат алу қиын екенін айтады. Варшавада сөйлеген қазақстандық құқық қорғаушы Ерлан Қалиев бейбіт жиындар туралы ұлттық заңды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігіне конференцияға қатысушылардың назарын аударған. Азаттық құқық қорғаушыдан қысқаша сұхбат алды.

Ерлан Қалиев: Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы атынан заңгер Маржан Аспандиярова екеуіміз сөйледік. Алматылық белсенді Данияр Хасенов те жиында болды. Спикерлерге 2-3 минуттан ғана уақыт берілгендіктен өзара негізгі тақырыптарды бөліп алып, мейлінше толымды ақпарат жеткізуге тырыстық. Мен бейбіт митингілер туралы заңға тоқталып, қолданыстағы заңды өзгерту қажеттігін айттым. Қазақстандық адам құқығы бюросы дайындаған заң жобасында егер шараға 50-ге жуық адам қатысатын болса, ескертудің қажет емес екені, тіпті 50-ден көп адам қатысатын болса да арнайы рұқсат алудың қажет емес екені, тек жергілікті атқарушы органды ескертсе жеткілікті деп жазылған.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Сонымен бірге құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жиын кезіндегі міндеті – бейбіт митингке шыққандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені жобада айқын белгіленген. Яғни шараға қатысушылар қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда ғана оларды ұстауға рұқсат, ал егер олар қоғамдық тәртіпті бұзбаса, полиция жай ғана бақылап тұруға міндетті деп көрсетілген. Данияр Хасенов нақты фактілерді, соның ішінде митинг өтпей жатып адамдарды алдын ала ұстап, қамауға алу, әкімшілік жазаға тартылатынын жиынға жеткізді. Айта кететін жайт, Данияр Варшавада осындай хабарлама жасаған қыркүйектің 19-ы күні Қазақстанда 30-дан аса адамды билік әкімшілік жауапқа тартып жатқан еді. Маржан Аспандиярова өз пікірін ашық айтып, қарсылық білдірген азаматтарға билік "экстремист" деген айдар тағып, іс қозғайтынын айтты.

Азаттық: Сессия кезінде саяси тұтқындарды қолдап флешмоб өткіздіңіздер ме?

Ерлан Қалиев: Иә, "Ашық диалог" қорының өкілі Қазақстандағы саяси тұтқындар туралы баяндама жасаған кезде 4-5 адам саяси тұтқындардың суреті басылған жеңі шолақ жейделерді киіп тұрдық. Айтарлықтай реакция болды дей алмаймын. Бірақ біз елдегі саяси тұтқындардың бары екенін көрсетіп, көпшілікке жеткізгіміз келді.

ЕҚЫҰ-ның адам құқығы өлшемдері бойынша жыл сайынғы жиыны. Варшава, Польша, 17 қыркүйек 2019 жыл.
ЕҚЫҰ-ның адам құқығы өлшемдері бойынша жыл сайынғы жиыны. Варшава, Польша, 17 қыркүйек 2019 жыл.

Азаттық: Сіздер көтерген мәселелерге байланысты ЕҚЫҰ өкілдері я өзгелер қандай да бір пікір білдіріп, ұсыныс айтты ма?

Ерлан Қалиев: Әр ел өзіндегі жағдай туралы өте көп құжат әкелгендіктен, оны бірден қарап, зерттеп, ұсыныс айту мүмкін емес. Сондықтан ұйым ұсынысты конференциядан кейін жасайды. Әзірге жиын аяқталған жоқ.

Азаттық: Ал Қазақстан билігі ЕҚЫҰ я БҰҰ секілді халықаралық ұйымдардың ескертуіне құлақ түре ме? Себебі олар әдетте ұсыныс ретінде айтылады ғой?

Ерлан Қалиев: Иә, олар ескертулерін міндеттей алмайды. Дегенмен осындай халықаралық алаңдарда көп ескерту алып, сыннан көз ашпау - елдің имиджіне кері әсер етеді. Бұл адамдар арасындағы қатынас сияқты. Егер көршілерің сыйламаса саған ешкім көмек те бермейді, инвестиция да салмайды, сенімен амандаспайды да, тойға да шақырмайды. Кез-келген елдің беделі – өркендеуінің кепілі. Сондықтан халықаралық деңгейде жақсы имидж қалыптастырғысы келсе Қазақстанның ондай ұсыныс, ескертпелерге құлақ асқаны жөн.

Болмаған шеру: Жылаған бала, протез аяқ және қолшатыр. 21 қыркүйек 2019 жыл.

Болмаған митингі: Жылаған бала, протез аяқ және қолшатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

НАРАЗЫЛАРДЫ ҰСТАУ МЕН ҚАМАУ ЖАЛҒАСТЫ

Қазақстанның ресми өкілдері Варшавадағы ЕҚЫҰ жиынына қатысушыларға "елде азаматтардың бейбіт жиын өткізу бостандығы сақталып отырғаны" туралы хабарлама жасап жатқан кезде Қазақстанның бірнеше аймағында елуге жуық белсендіні полиция шақырып, кемінде 35 адам әкімшілік жазаға тартылды.

Қыркүйектің 20-сы күні бас прокуратура "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" саналатыны, оған қатысқан азаматтардың "жазаланатыны" туралы мәлімдеме таратты. Ертеңіне Қазақстанның бірнеше қаласында полиция жаппай ұстаған азаматтардың арасында елдегі саяси жүйеге наразылық білдіргендер, "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткендер және "Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларына қарсымыз" деп үндеу көтергендер байқалған. Кейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қыркүйектің 21-і күні жүз адам ұсталып, оның тоғызы қамауға алынғанын, алты азаматқа айыппұл салынғанын хабарлады. Билік ұсталғандардың көбі "прокуратураның ескертуіне қарамастан, заңсыз митингіге шыққан" дейді.

Кезектен тыс президент сайлауы күні наразылар жиналған жерде тұрған полицейлер. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні наразылар жиналған жерде тұрған полицейлер. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстанда "рұқсат етілмеген митингіге шыққан" азаматтарды жаппай ұстау биылғы жыл басынан бері бірнеше рет қайталанды. Маусымда кезектен тыс президент сайлауы өткен кезде елдің бірнеше қаласында полиция наразылық акцияларына шыққан төрт мыңға жуық адамды ұстап әкеткен. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, 657 адам әкімшілік қамауға алынып, 128 азаматқа айыппұл салынған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы бұзылып отырғанын айтып, Нұр-Сұлтанды адам құқықтарын сақтау туралы алған міндеттемелерін орындауға шақырған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бейбіт жиындар туралы заңды қайта қарау жөнінде бірнеше рет айтқан. Бірақ әзірге парламентке ондай заң жобасы түскен жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG