Жұма, 11 қазанда Түркістан облысы Арыс қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан полигонда әскери қызметкер қаза тапты деп хабарлады Қазақстанның қорғаныс министрлігі.
Министрліктің айтуынша, арнайы жабдықталған полигон аумағында жиналған оқ-дәрі бөлшектерін жою кезінде "оқ-дәрі фрагменті" жарылып, соның салдарынан топ жетекшісі, әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор А. С. Ақышев қаза тапты.
Ведомство оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқанын, полигонда тергеу тобы жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Олардың сөзіне қарағанда жақын маңдағы елді мекен тұрғындарына қауіп жоқ.
24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген.
Осы оқиғадан соң елдегі әскери қоймалардың жағдайы мен қойма маңындағы тұрғындар қауіпсіздігі туралы мәселе көтеріле бастаған.
13 қыркүйекте Арыс қаласында әскери қойма аумағын тазарту кезінде оқ-дәрі бөлшектері жарылып, төрт әскери жараланды.
Бір аптадан соң 21 қыркүйекте Арыс маңындағы полигон аумағында "оқ-дәрі фрагменті өздігінен жарылып", он сапер жараланды. Үш әскери қызметкердің ауыр халде ауруханаға жеткізілгені хабарланды.
Соңғы он жылда Арыс қаласында әскери оқ-дәрі сақталатын қоймалар мен оларды жоюға арналған жерде төрт рет жарылыс болып, бірнеше адам қазаға ұшыраған. Биыл маусымдағы жарылыстан кейін қорғаныс министрлігі әскери оқ-дәрінің "елді мекендерден аулақ жерге" көшірілетінін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР