Ауғанстан шығысында қаруланған белгісіз топ Жапониядан келген гуманитарлық ұйым өкілдері мінген көлікті атқылады. Жергілікті биліктің хабарлауынша, шабуылдың кесірінен бес ауған азаматы қаза тауып, бір жапон дәрігері ауыр жараланған. Нангархар провинциясы губернаторының баспасөз хатшысы Аттаулла Хогьяни Азаттыққа шабуылдың 4 желтоқсанда провинцияның әкімшілік орталығы Жалалабад қаласында болғанын айтты.
Ауғанстанда жұмыс істейтін Жапонияның Peace Japan Medical Service үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, дәрігер Тетсу Накамура шабуыл кезінде ауыр жараланған. Шабуыл кезінде оның қорғаушысы мен жүргізушісі де қаза тапқан.
Әзірге ешқандай ұйым шабуылды мойнына алмады.
Накамура Нангархардағы Peace Japan Medical Services үкіметтік емес ұйымын басқарады. Ол бұл провинцияда он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді және жақында "Ауғанстанның құрметті азаматы" атағына ие болған.
ПІКІРЛЕР