18 қаңтарда Ақтөбеде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы маңындағы автотұраққа ондаған жүргізуші жиналып, шетелдік нөмірі бар көліктерді заңдастыруды талап етті.
Әнуар Жаңбыров есімді жүргізуші осындай мәселесі бар жүргізушілердің бірігіп, заңды зерттегенін, үкіметке екі ұсыныс жеткізгісі келетінін айтты.
- Біз шын мәнінде үкімет айналысуы тиіс нәрсемен айналысып отырмыз. Енді зерттеуімізге келсек, "Жол ережелері туралы" ұлттық заң 2014 жылы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) қол қойылған Еуразия экономикалық одағының келісіміне қарама-қайшы. Билік яғни, ішкі істер министрлігі осы заңға сүйеніп отыр. Одаққа мүше бес мемлекет қол қойған келісімнің ұлттық заңнан жоғары тұратын заңнамалық күші бар. Бұл Қазақстан Конституциясында да жазылған. Жол ережесі туралы заң одаққа мүше елдер қол қойған келісімнен кейін бірнеше айдан кейін шыққан. Сол себепті біз көліктерімізді заңдастыруды сұрап отырмыз. Бір бірінші ұсыныс. Немесе үкімет қаулы шығарып, онда ЕАЭО-ға мүше елдерде тіркелген көліктерге ие Қазақстан азаматтары оларды тозғанға дейін пайдалана алады деп жазылуы тиіс, - деді Әнуар Жаңбыров. Ол жүргізушілердің бүгін пікірлерін билікке жеткізу үшін жиналғанын айтты.
Жаңбыров сонымен бірге билік "шетелдік нөмірі бар көліктер жол ережесін жиі бұзады деп статистика келтіреді, бірақ жағдайды талдау үшін тұтас республика бойынша статистиканы да келтірсін. Не үшін 170 мың жүргізуші [жол ережесін бұзды делінген] бірнеше мың адам үшін зардап шегуі тиіс?" дейді.
- Біз салық төлеуге дайынбыз. Бірақ үйтіп қыспақтап, миллион теңгеге алған көлігімізді үш миллион 300 мыңға тіркетіп, өз көлігімізді үш есе бағаға сатып алатындай халықтың қауқары да жоқ. Ондай қаражат беріп отырған үкімет те жоқ, - дейді жүргізушілердің бірі.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жүрді. Ақтөбе облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы міндетін атқарушы Еркін Өтегенов жүргізушілерге "арнайы автобустарға кіріп, мәселелерін талқылауға" шақырды.
- Әркімнің мәселесі әртүрлі. Бірінің көлігі Армения, Ресейде тіркелген. Біреу көлікті сақтандыру құжаты арқылы алған, біреуі сенімхатпен алған. Біреуі өздері алған. Сондықтан мәселені шешу үшін автобустағы қабылдауға барыңыздар, - деп кеңес берді.
Жүргізушілердің бірі автобусқа баруға келіссе, бірі "кеден, салық орган өкілдерінің осында келуін" талап етіп, келіспеді.
Осы аптада Қазақстанның ішкі істер министрлігі Қырғызстан мен Арменияда тіркелген көліктерді кедендік тазарту рәсімінен өткізіп, баж салығын төлеп, тіркегеннен кейін ғана пайдалануға болады деп айтқан. Ал тіркелмеген көлік иелеріне айыппұл салынады немесе айыппұл тұрағына көлігі қойылады деп ескерткен. Бұған дейін де жүргізушілер шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркеу құнының қымбат екеніне шағымданып, тіркеу процедурасын жеңілдетуді талап еткен.
Бүгін осыған ұқсас акция Алматы, Семей, Петропавл және өзге қалаларда өтеді деп хабарланған.
ҚазТАГ-тың жазуынша, 18 қаңтарда түске дейін Алматыда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүргізушілер жиналып, Нұр-Сұлтанға хат жолдау үшін қол жинаған.
Оқи отырыңыз: Оралда шетелдік нөмірі бар көлік иелері наразылық білдірді
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қазіргі кезде Қазақстанда шетелдік нөмірі бар 170 мың көлік бар. Олар Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген. Биліктің айтуынша, шетелдік нөмірі бар көліктер тіркелмегендіктен "жауапкершілікті" сезінбейді және жол ережесін бұзса да бақылау камераларына түспейді.
ПІКІРЛЕР