Accessibility links

Назарбаев қызының Швейцариядағы жаңа мүлкі және әкесінің "стратегиясы"


Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева.

Осы аптада батыс басылымдары Қазақстанның бұрынғы президентінің ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның былтыр алған Бельрив сарайының қасынан жер телімін сатып алғаны туралы жазды. Сонымен бірге халықаралық шетел басылымдары Ресей президенті Владимир Путиннің Назарбаев “сценарийімен” реофрма жүргізу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірген әрі Қазақстанмен соттасқан канадалық бизнесменнің және Шыңжаңда қудаланған этностық қазақтардың жайын сөз еткен.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚЫЗЫ ШВЕЙЦАРИЯДАҒЫ ЖЕРІН КЕҢЕЙТТІ

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева Швейцарияда 44 миллион франкқа (шамамен 45 миллион доллар) жер сатып алды. Бұл жөнінде швейцариялық La Tribune de Genève жазды. Басылымның мәліметіне сенсек, жылжымайтын мүлік Женева кантонындағы Коллонж-Бельрив коммунасында орналасқан. Жер телімі Динара Құлыбаева былтыр сатып алған Бельрив салтанатты сарайының аумағымен шектесіп жатыр. Газеттің ақпаратына сенсек, 1,5 гектардай болатын жерді Құлыбаева Монако резиденті Марк Серсоктан сатып алған.


17 ғасырда салынған Бельрив сарайы - ұлттық маңызы бар тарихи нысан. Өткен жылдың наурызында биліктен кеткен экс-президенттің қызы сарайды да дәл сол қожайыннан алған. Швейцария басылымдарының былтырғы жазғандарына сенсек, ағайынды Серсоктар – БҰҰ-ның босқындар жөніндегі бұрынғы жоғары комиссары Садруддин Ага-ханның мұрагерлері. Ол болса мұсылман-исмаилиттердің имамы, принц Ага-хан ІІІ-тің ұлы. Иелері сарайды 120 миллион франкқа сатпақ болғанымен, ұзақ уақыт алушы таба алмаған. Ақыр соңында оны Динара Құлыбаеваға 62 миллион франкқа сатқан. Сол кезде баспасөз ағайынды Серсоктардың Женева кантонындағы екі жер телімін сататыны туралы да хабарлаған. Америкалық Forbes журналы 3,2 миллиард доллар байлығы бар деп болжаған Динара Құлыбаева сол жер телімдерінің бірін алса керек.

2009 жылы Құлыбаева осы елдегі Аньер коммунасында шамамен 75 миллион франкқа вилла сатып алған еді.

“Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының және мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының KAZENERGY қауымдастығының басшысы қызметін атқаратын күйеуі – Тимур Құлыбаевпен бірге бұл жұп Орталық Азиядағы ең бай әулеттің бірі саналады. АЛМЭКС компаниясы арқылы бұл отбасы Қазақстандағы ең ірі банк – Халық банкке қожалық етеді. Forbes журналындағы миллиардерлер тізімінде Құлыбаевтар былтыр 715-орынды иеленген.

ПУТИН НАЗАРБАЕВ “СЦЕНАРИЙІН” ҚАЙТАЛАМАҚ ПА?

Ресей басшысы Конституцияға өзгеріс енгізу туралы бастама көтерген соң батыс БАҚ-тары Мәскеу Қазақстан сценарийін қайталауы мүмкін деген болжам айта бастады. Путин төртінші президенттік мерзімі тақаған тұста реформа жүргізуді ұсынды. Осыған назар аударған америкалық Atlantic журналы былтыр өкілетінен бас тартса да, ықпалды орган – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы әрі билеуші партияның басшысы ретінде мемлекеттік аппаратты сақтап қалған Назарбаевтың тәжірибесін еске салды.


“Мұны Назарбаев стратегиясы деп атайық: аздап кері шегінгенімен, билікті берік қолында ұстап қалған қазіргі лидер үкімет пирамидасының ұшар басында қала береді. Көршілес Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев 79 жасында отставкаға кететінін айтқанымен, полиция мен қауіпсіздік күштерді бақылайтын Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы әрі парламентте басым күшке ие “Нұр Отан” партиясының басшысы қызметтерін сақтап қалды. Әрі ол басты министрлерді тағайындау кезінде жаңа президент өзімен санасады деп сенеді. Бұған қоса ел астанасы Назарбаевтың есімімен аталды әрі ол өзіне “елбасы” атағын алып, қызын сенат төрайымы қызметіне отырғызды. Назарбаев Қытай басшысы Дэн Сяопиннің жолымен жүрген сияқты, ол да біртіндеп үкіметтегі қызметтерінен бас тартқанымен, 1989 жылға дейін маңызы өте жоғары лауазым – Орталық әскери комиссияның төрағасы қызметінде қала берген”, – деп жазады Atlantic.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Мәскеу, 7 қыркүйек 2019 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Мәскеу, 7 қыркүйек 2019 жыл.

2000 жылдары сыртқы жағдай жақсы болып, көмірсутегі бағасы аспандап тұрған шақта экономикалық өсімге қол жеткізу арқылы рейтингі жоғары болған Путин 2010 жылдар “өз режимінің легитимділік негізін экономикалық өсімнен ел ішіндегі репрессия мен сырттағы агрессияға қарай ығыстырды” деп жазады мақала авторы. Мәскеу Қырымды аннексиялап, Шығыс Украинадағы сепаратистерді қолдады, ізінше Сириядағы соғысқа килікті. Путин өзін “әскери кезеңнің президенті әрі жау қоршауында қалған Ресейдің қорғаушысы” етіп дәріптеуге тырысты.

Америкалық басылымның жазуынша, “Назарбаев вариантын” Ресейде іске асырып көруге болады. Бірақ егер мұндай сценарий Путиннің рейтингіне кері әсер ететін болса, онда Ресейдің көршілеріне “абай болған жөн”, себебі билікте қалуға ұмтылған Ресей президенті “тағы бір Қырымға” да қол салудан тартынбауы мүмкін деп жазады Atlantic.

ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІН “ЖЕҢГЕН” КАНАДАЛЫҚ БИЗНЕСМЕН

Канадалық Maclean's журналында “Канадалық азамат Қазақстанмен құқықтық текетіресте миллиондарды ұтып алды. Бұл оған қажет пе еді?” деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда канадалық бизнесмен Пол Кэрролдың Нұр-Сұлтанмен арадағы ұзаққа созылған сот процесі туралы айтылады.

“Жеңіп шыққанына қарамастан, Пол Кэрролдың тойлай қоярлық ештеңесі жоқ, – деп жазады Maclean's. - Тартыс кезінде ол Вашингтонда, Стокгольмде және Лондонда сот залдарының табалдырығын тоздырды. Қазақстан жағы үнемі жеңіп жатқандай көрінген. Бірақ ақыр соңында Кэрролдың заңгерлері өз уәждерінің дұрыстығына халықаралық арбитраж соттарының көзін жеткізген”.

Қазанның 29-ында канадалық кәсіпкерге 53 миллион доллар өтемақы төлеу туралы шешім шықты. Бұған Кэрролдың көңілі пәс болды, себебі ол таба алмаған табысының орнын толтыру үшін миллиард доллардан астам өтемақы сұрап келген. Бизнесменнің айтуынша, бұл өтемақы 21 жылға созылған даудың өтемі бола алмайды.

Пол Кэрролл Қазақстанға алтын іздеп барған. Алтын кенішін игеру туралы өтініші қанағаттандырылмаған соң ол уран өнеркәсібіне мойын бұруды жөн көрген. 1996 жылы оның World Wide Minerals компаниясы сол кезде Степногорскідегі (Ақмола облысы) қаржылық жағдайы ауыр болған Целинный тау-химия комбинатын басқаруға кіріскен. Компания комбинаттың жұмысын жүргізіп, төленбеген жалақы мен зейнетақы қарыздарын өтеу үшін Қазақстанға миллиондаған доллар қаржы әкелген. Кэрролдың айтуынша, Қазақстан оның сыртқа уран экспорттауына келісім берген. Алайда, 1997 жылы Қазақстан үкіметі оған экспорттық лицензия беруден бас тартқан. Бір жылдан соң World Wide Minerals жұмысын тоқтатты, ал Кэрролл қазақтардың өзін елден “қуып” шыққанын айтты.

Қазақстан үкіметі болса лицензия беруден бас тартқанда ұлттық мүддені алдыңғы орынға қойдық дейді. Әділет министрлігінің айтуынша, World Wide 1997 жылы сәуірде қызметкерлерге жалақы бермей, көп цехтың жұмысы тоқтаған, “көмір қоры таусылған, ал бұл ел ішіндегі әлеуметтік жағдайды ушықтырған”, Степногорск “жылу маусымына дайын болмай қалған”, сөйтіп олар “сенімді басқару келісімшартының ережелерін жиі бұзған”.

Ал Кэрролдың айтуынша, оның компаниясы керісінше Степногорскіге жан бітіріп, жалақы мен зейнетақы бойынша қарыздың біразын жапқан.

Бұл іске нүкте қою ертерек сияқты. Әділет министрлігі қазір “шешімге қарсылық білдіріп, апелляция беру мәселесін қарастырып жатқандарын айтып пресс-релиз таратты, демек, бұл іс тағы бір-екі жылға созылуы ғажап емес. Сонымен бірге министрлік өтемақы көлемінің мардымсыздығын ескере отырып, арбитраж сотының аяқталуын “республиканың елеулі жетістігі” деп атады.

ЕҢБЕК ШАРТТАРЫ ТЕҢЕЛЕ МЕ?

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайтында жарық көрген “Наразылықты азайту үшін Қазақстан еңбек нарығындағы жағдайды өзгертуді қарастырып жатыр” деген мақалада қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбек шарттарының арасындағы теңсіздікке наразы жұрттың пікірі келтірілген.

“Жергілікті және шетелдік жұмысшыларға еңбекақы төлеудегі теңсіздік Қазақстандағы күйіп тұрған мәселенің біріне айналғалы көп болды, сондықтан үкімет бұл мәселені шешуге тырысып жатыр, дегенмен әлі оң нәтиже байқалмайды”, – деп жазады Eurasianet.org.

Үкімет инвестициялық жобаларды тексергеннен соң 361 шетелдік жұмысшы сондай қызмет істейтін қазақстандықтармен бірдей жалақы алатын болды. 14 қаңтарда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінетін квота 40 пайызға азайып, 30 мың адамды құрайды деді. Онлайн-комментаторлардың жазуынша, бұл – қазақстандық жұмысшылар бұрынғыдан көп жалақы ала бастайды дегенді білдірмейді.

“Қарапайым адамдар өз аймағындағы мұнай байлығының еш шапағатын көрмейтін” батыс Қазақстанда бұл мәселе әсіресе қатты өзекті болып тұр. Мақалада шетелдік жұмысшы жергілікті қызбен түскен арандатушы фотосын жариялаған соң Атырау облысындағы мұнай кенішінде болған төбелес туралы айтылған. Бұған еңбекақы төлеу мен еңбек шарттарындағы теңсіздіктің себеп болғанын анық еді.

Атырауға барған сапарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кейде жергілікті жұмысшылардың білігі жетіспейтінін айтып, оларды оқыту керектігін ескерткен.

“Тоқаевтың алдында билік құрып, өткен жылы қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев еңбек шарттары туралы әңгіме болғанда көбіне жазалау әдісін қолданған. Қазақстанның батысындағы мұнай өндіретін Жаңаөзен қаласында 2011 жылдың соңында болған мұнайшылар ереуілі кезінде полицияның қатыгез әрекеті кесірінен оннан аса адам қаза тапқан. Содан бері онсыз да тым қатал кәсіподақ заңдары одан сайын күшейтілді”, – деп жазады Eurasianet.org.

Қарашада Тоқаевтың баспасөз қызметі президенттің қытайлық CNPC компаниясының басшысы Ван Илинді қазақстандық жұмысшылардың жалақысын шетелдіктердің жалақысымен теңестіруге шақырғаны туралы хабарлады. Былтырғы қыркүйекте болған Қытайға қарсы шерулерден соң Қытайдың ресми орындары Қазақстанға өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында Пекинмен бірлескен жобаларды жүзеге асыру тиімді деп мәлімдеді. Бұл Қазақстанның шетелден келетін инвестицияға келгенде Қытайға “шешуші рөлді” ұсынып отырғанын аңғартады деп жазады Eurasianet.org.

ШЫҢЖАҢДА ҚАМАЛҒАН ҚАЗАҚТАР

Британдық BBC ақпарат агенттігінің сайтында жарияланған “Қытай лагерьлеріндегі мұсылман қазақтар” деп аталған видеосюжетте Шыңжаңдағы “қайта тәрбиелеу лагерьлерінде” болған бірнеше этникалық қазақтың басынан кешкендері сөз болады.

“2017 жылдан бері мыңдаған мұсылман қазақ атышулы “қайта саяси тәрбиелеу” лагерьлерінде болған. Қазақстанға қайтқандардың айтуынша, қамауда болған бірнеше айдың ішінде оларды ұрып-соққан, зорлаған әрі белгісіз инъекциялар салған. Этикалық қазақтар, сонымен бірге ұйғырлар және өзге де мұсылман азшылық өкілдері ғасырлар бойы осы аймақта өмір сүріп, қытай-қазақ шекарасынан еркін өтіп жүрген. Алайда, Қытай исламды тұншықтырып жатқан қазіргі кезде Пекинді көрші елдегі қазақтардың бостандығы шектеді деп айыптайды”, – деп жазады ВВС.

Ұйғырлар мен қазақтарды қосқанда миллионға жуық мұсылман Қытайдың батысындағы жүздеген “қайта саяси тәрбиелеу” лагерьлеріне қамалған делінген видеосюжетте. Қытай бұл мекемелерді “білім беру орталықтары” деп атайды әрі халықтың онда өз еркімен барып жатқанын айтады. Алайда, куәгерлердің айтуынша, оларды ұрып-соғады әрі күштеп жұмысқа жегеді.

Видеороликте аталған Орынбек Көксебек пен Гүлзира Әуелханның тағдыры туралы Азаттық бұрын да жазған.

Қытайдың Лондондағы елшілігі ВВС-ге мұндай тұжырымдардың “негізсіз өсек” екенін және “еркін түрде білім алып жатқандардың түгел босатылғанын” айтқан.

“Алайда, бұл – олар үйіне қайтты деген сөз емес”, – деп жазады ВВС. Мыңдаған қазақпен арада байланыс жоқ. Қазақстандық “Атажұрт еріктілері” қоғамдық ұйымы Шыңжаңдағы туыстарын іздеген Қазақстан азаматтарының көптеген арыз-өтінішін жариялап отырады.

Қазақстан билігі ел экономикасына миллиардтаған доллар құйып, Орталық Азияда амбициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан Қытайды сынаудан қашқақтайды. Нұр-Сұлтандағы ресми тұлғалар Қытайдағы “лагерьлерде” этникалық қазақтар жоқ деп мәлімдеген.

Видео: "Барлық жерде камера". Шыңжаң лагерінің бұрынғы "тұтқындары" (9 желтоқсан 2019 жыл).

"Барлық жерде камера". Шыңжаң лагерінің бұрынғы "тұтқындары"
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:15 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG