АҚШ Орталық Азияда соңғы бес жылда болған тың өзгерістерді ескере отырып, бұл аймақпен стратегиясын жаңартты деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Элис Уэллс ақпанның 5-і күні.
"Біз жаңа мүмкіндіктер дәуіріне куә болып отырмыз" деді Элис Уэллс АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео аталған аймаққа сапарынан оралған күннің ертеңіне.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Еуропа мен Азияның арасын байланыстыратын, шикізат ресурсына бай Орталық Азия аймағында негізгі екі бәсекелесі Қытай және Ресеймен қатар өз ықпалын арттыруды көздеп отыр. Бұған қоса АҚШ бұл аймаққа көрші Ауғанстанда жиырма жылға жуық созылған соғысты аяқтауға күш салып жатқандықтан, Орталық Азиямен қарым-қатынасын нығайтуға мүдделі.
Уэллс аймақтағы халқының саны ең көп және тығыз қоныстанған Өзбекстанды 2016 жылдан бері басқарып отырған президент Шавкат Мирзияевтың ел ішінде және сырт елдермен қарым-қатынаста тың өзгерістер жасағанын айтты.
Орталық Азиядағы бес елдің басшылары 2018 жылы соңғы он жылда тұңғыш рет жиналып, ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылаған. Былтыр тағы бір саммит өтті. Уэллс аймақ елдерінің өзара байланысын маңызды деп атады.
"Біз аймақтық даралыққа қатысты тың өзгерісті байқап отырмыз" деді ол.
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Орталық және Оңтүстік Азия мәселелерімен айналысатын Лиза Кертис бес жыл бұрын мұндай аймақаралық әріптестік болмағанын айтады.
АҚШ ресми өкілдері Вашингтонның Орталық Азияда біріккен электр желісін құру тәрізді аймақтық әріптестікті нығайтуға ықпал ететін ортақ жобаларды қолдайтынын білдірді. Бұған қоса, АҚШ бес мемлекет арасындағы ортақ виза, кеден процедураларын бірегей стандартқа келтіруді, шекарадағы сауда байланысын дамыту және бизнеске кедергілерді жоятын жобаларды да қолдайтынын жеткізді.
АҚШ шенеуніктері Тәжікстан мен Қырғызстанның болашақта электр энергиясын Ауғанстан мен Пәкістанға экспорттау жоспарының жүзеге асатынына үміт білдірді. Олар бұл жоспардың іске асуы аймақ экономикасына серпін беріп, Ауғанстанда бейбітшілікті қалпына келтіріп, тұрақтылықты баянды етуге көмектеседі деп санайды.
Вашингтон Орталық Азияға байланысты стратегиясының негізгі мақсаты өзгермейтінін - АҚШ аймақта тұрақтылықтың сақталуын және аймақ елдерінің қайсыбір державаға тәуелді болмауын көздейтінін айтады.
Соңғы жылдары Орталық Азия елдеріне Қытайдың ықпалы арта бастады. Пекин аймақтағы инфрақұрылымдық жобаларға қомақты қаржы бөлген. Тәжікстан мен Қырғызстан сияқты кедей елдерге болашақта бұл қарыздан құтылу қиынға соғуы мүмкін. Вашингтон аймақ елдеріне инфрақұрылымдық жобаларды мемлекет экономикасына салмақ салатын қарызға дамыту қаншалықты тиімді болатынын анықтауда көмек көрсетуге әзір екенін айтады.
Орталық Азияға шетел инвестициясын көбейту мәселесі осы елдерде заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалардың қаншалықты тиімді жүзеге асуына байланысты деп мәлімдейді АҚШ ресми өкілдері.
Лиза Кертис Орталық Азия елдері басшыларын "ашық саяси жүйе орнату, тұрақты сайлау өткізу" арқылы адам құқықтарының ахуалын жақсартуға шақырды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Азаттыққа сұхбаты. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.
ПІКІРЛЕР