АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Өзбекстанды «адам құқығы ахуалын жақсартудағы прогресі жоғары бағаға лайық» деп мақтап, екі ел арасындағы "қарқын алып келе жатқан тамаша әріптестікті" атап айтты. Помпео бұл мәлімдемесін ақпанның 3-і күні Шығыс Еуропа мен Орталық Азияға сапарының соңында, Ташкент қаласында Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен кездескеннен кейін жасады.
Помпео осы сапарында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен де кездесті. АҚШ өкілі Өзбекстан басшысына екі ел арасында "стратегиялық әріптестік қалыптастырудағы жетекшілігі үшін" алғыс білдірді.
Мемлекеттік хатшы Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына "Өзбекстанның еркін әрі ашық қоғам мен халық алдында есеп беретін үкімет құруға бағытталған реформаларға ұмтылысын жоғары бағалаймын" деп жазды.
Шавкат Мирзияев 2016 жылы билікке келгеннен бері елдің экономикасын көтеріп, реформалар жүргізуді қолға алған. Бірақ Орталық Азияда постсоветтік елдер арасында халқы ең көп әрі тығыз қоныстанған мемлекетті Совет одағы тарағанға дейін, 1989 жылдан бастап бақилық болғанға дейін өзі орнатқан авторитарлы жүйеде темірдей тәртіппен басқарған бұрынғы президент Ислам Каримовтың тұсында адам құқықтары жиі бұзылғанын айтқан құқық қорғаушылар, бұл елдегі жағдайға әлі де алаңдаушылықпен қарайды.
Freedom House құқық қорғау ұйымы Freedom On The Net 2018 есебінде Өзбекстанды әлемдегі "еркін емес" мемлекеттер қатарына қосып, елдегі интернет ортаны "репрессивті" деп атаған.
Биыл қаңтардың басында өткен Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы – Олий Мажлис сайлауының ресми қорытындысы бойынша, 150 орындық палатаға өзара бәсекеге түскен билікшіл бес партияның өкілдері сайланды. Оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдардан түспек болған тәуелсіз кандидаттарды, бұрынғы президент Ислам Каримовтың кезіндегідей, бұл жолғы сайлауға да қатыстырмады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары Өзбекстанда парламент сайлауы бұрынғымен салыстырғанда еркіндеу өткенімен, жүйедегі өзгерістер оппозицияның орнын толтыра алмады деп мәлімдеген. Оппозиция өкілдері президент Мирзияевты "Өзбекстанда шынайы саяси өзгеріс жасауға батылы жетпеді" деп сынаған.
Ақпанның 3-і күні Ташкентте Камиловпен бірге өткізген баспасөз жиынында Помпео "Өзбекстан азаматтық қоғамның аясын кеңейтуге жағдай жасап, мәжбүрлі жұмысқа жегу мәселесін шешіп, бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы енгізілген шектеуді азайтып жатыр" деп мәлімдеді.
Сонымен бірге АҚШ мемлекеттік хатшысы ресми Ташкентті "осы және өзге салаларда, әсіресе, адам саудасына байланысты тергеу жүргізіп, ондай қылмыстардың жолын кесуге" шақырды.
Камилов Өзбекстанның көршілес Ауғанстандағы жағдайға байланысты қадамдарын үйлестіруді жалғастыратынын, басқа салаларда да АҚШ-пен әріптестікке үміт артатынын айтты.
Сол күні Помпео мен Камилов Ташкентке Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстаннан келген әріптестерімен кездесті.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, келіссөздер барысында аймақтағы қауіпсіздік пен әріптестік және Ауғанстан мәселесі талқыланған.
C5+1 деп аталатын халықаралық кездесу 2015 жылы қараша айында "қауіпсіздік, қоршаған орта, өңірлік сауда айналымын жақсарту, АҚШ-тың Орталық Азиямен сауда және инвестиция саласындағы әріптестігін нығайту" мақсатында құрылған.
Помпео Өзбекстанға келер алдында Нұр-Сұлтанда аялдап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және оған дейін отыз жылға жуық ел басқарып, өткен жылы наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан, бірақ әлі де билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Жексенбі күні Нұр-Сұлтанда Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуде Помпео Қытайдың Шыңжаң аймағында "қамауда отырған бір миллионнан астам мұсылман ұйғыр және этникалық қазақтың тағдырын" талқылаған.
"Бұл қуғын-сүргінді дереу тоқтату үшін АҚШ барлық елдерді [Пекинге] қысым жасауға шақырады. Біз Қытайдан қашатындарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етіп, оларға пана беруді сұраймыз. Адамшылық көрсетіп, дұрыс жасаңыздар" деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Нұр-Сұлтанда Майк Помпео Азаттықтың Қазақ қызметіне сұхбат берді.
Қазақстан мен Өзбекстанға келерден бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео қаңтардың 31-і күні Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен, ал ақпанның 1-і күні Минскіде Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездескен.
Майк Помпео постсоветтік төрт елге қаңтардың 29-ы күні Ұлыбританияда елдің сыртқы істер министрі Доминик Раабпен және премьер-министр Борис Джонсонмен кездескеннен кейін сапармен барған еді.
ПІКІРЛЕР