Accessibility links

Алматылық "727 күн Қытайда қамауда отырған" інісіне сұрау салып консулдыққа келді


"Қытайда қамалған" інісіне сұрау салып келген Байболат Күнболат Қытай консулдығы алдында тұр. Алматы, 16 наурыз 2020 жыл.
"Қытайда қамалған" інісіне сұрау салып келген Байболат Күнболат Қытай консулдығы алдында тұр. Алматы, 16 наурыз 2020 жыл.

Бүгін, 16 наурыз күні Алматыдағы Қытай консулдығы алдында қала тұрғыны Байболат Күнболат "727 күннен бері Қытай қамауда отырған" інісі Баймұрат Наурызбекті босатуды талап етіп, наразылық шарасын өткізді.

Ол қол-аяғын шынжырлап, ағылшын, қазақ, қытай тілінде жазылған "727 күн болды" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

Күнболат інісіне араша сұрап Қазақстан сыртқы істер министрлігіне, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және "Нұр Отан" партиясына бірнеше мәрте хат жазғанын айтады. Сөзінше, Сыртқы істер министрлігі "Ол – Қытай азаматы. Біз басқа елдің ішкі ісіне қол сұқпаймыз" деп жауап берген.

- Інімді 2018 жылы наурыз айында полицияның көмекшісі болып жүрген жерінде ұстап алып кеткен. Cаяси үйрену лагеріне жіберген еді. Кейін "2012 жылы Қытай тіліндегі сайттардың біріне алауыздықты тудыратын жазба қалдырған" деп он жылға соттап жіберді. 2012 жылғы жазба үшін соттау – ақымақтық. Інімді босатсын, – дейді ол.

Күнболат інісіне сұрау салып, Қытай консулдығына бұған дейін де келген еді. Бірақ ол кезде консулдық қызметкерлері Байболат Күнболаттың Қазақстан азаматы екенін алға тартып, қабылдаудан бас тартқан. Одан кейін ол Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігінің алдында "інісін босатуды" талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізген. Кейін Байболат Күнболаттың өзі "Елшілік хатымды қабылдады. Үш күннің ішінде жауап беретін болды" деген еді.

2 наурыз күні Байболат Күнболат өзінің Facebook парақшасында "Нұр-Сұлтан қаласындағы Қытай елшілігінің ресми жауабы" делінген жазба жариялады.

Күнболаттың жазуынша, елшілік інісі Баймұрат Наурызбектің саяси лагерьге қамалмағанын, бірақ 2012 жылы наурызда Қытайдың әлеуметтік желісінде ұлттық арандатушылық сипаттағы жазба жариялағаны үшін сотталғанын мәлімдеген. Жауапта "Наурызбек 2018 жылы 11 сәуірде Шыңжаң өлкесі, Іле облысы Құлжа қаласының сотының шешімімен он жылға сотталғаны, бес жылға саяси құқығынан айырылғаны” жазылған. Жауаптағы дерекке сай, Наурызбек қазір Шиху қаласында жазасын өтеп жатыр.

Алматы тұрғыны інісі түрмеден шыққанға дейін әрекетін жалғастыра беретінін айтады.

БҰҰ есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман лагерьге қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған.

Лагерьлерде отырып шыққан қазақтар да Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректермен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды. Ал Қытайға экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан билігі Пекинің бұл саясаты жайлы ашық айта бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG