26 наурыздан бастап Алматыда коронавирустың тарауын тоқтату шаралары күшейтіледі. Бейсенбіден бастап қалада автосалондар, көлік жөндейтін орындар, гүл сату орындары, киім жуатын, киім тазалайтын орындар, сұлулық салондары, фотосалондар, оптикалар, ломбардтар, жылжымайтын мүлік агенттіктері, көлік жуатын жерлер, яғни халыққа қызмет көрсету орындары жабылады. Тек азық-түлік дүкендері мен медициналық мекемелер, тіс емдеу орындары жұмыс істейді. Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев хабарлады.
“Интернет клубтары, караокелер, балалар орталығы, бильярд залдары, финтес орталықтар, бассейндер, спорт клубтары, солярий де жабылады. Ал тамақтану орындары кешкі онға дейін тағамдарды үйге жеткізу қызметі бойынша жұмыс істей береді. Біздің мақсат – адамдардың бір-бірімен байланысуын барынша азайтып, вирустың тарауына кедергі келтіру” деді әкім орынбасары.
Қазір Қазақстанда 80 адамнан вирус табылды: Алматыда - 31 адам, Нұр-Сұлтанда - 41 адам, Қарағандыда - екі адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Жамбыл облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.
25 наурызда Қазақстан үкіметі екі адам дертінен айыққанын хабарлады.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.
ПІКІРЛЕР