Accessibility links

Ақмола облысында 73 жастағы ер адам қайтыс болған соң вирус анықталды


Ақмола облысында коронавирустан қайтыс болды деп хабарланған ер адамнан екі күннен кейін коронавирус анықталған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

4 сәуірде денсаулық сақтау министрлігі Ақмола облысында бір адамның коронавирустан қайтыс болғанын жариялаған.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сүлен Ілиясов онлайн брифингте 73 жастағы ер адамға коронавирус диагнозы қайтыс болған соң қойылғанын айтты. Марқұм Целиноград ауданынан. Бұған дейін дисциркуляторлы энцефалопатия, қысым көтерілу сынды дерттермен дәрігер есебінде болған.

“2 сәуірде қайтыс болды. Марқұмның мәйітіне Нұр-Сұлтанда сот-медициналық сараптама жасалды. Сол кезде қан анализінен Covid-19 табылды” деді Ілиясов.

Денсаулық сақтау басқарамасының хабарлауынша, қайтыс болған адаммен байланыста болған адамдар оқшауланған.

Қазақстанда коронавирустан бес адам қайтыс болды. Бұған дейін 4 сәуірде Түркістан облысы Жетісай ауданында 64 жастағы тұрғынның көз жұмғаны хабарланды. Ол инфекциялық ауруханаға 29 наурызда жатқызылған. Ал 26 наурызда Нұр-Сұлтан ауруханасында 64 жастағы әйел адам қайтыс болған. Одан да вирус өмірден өткен соң табылған. 31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам өмірден өтті. 1 сәуірде Қарағандыда бір науқас көз жұмған. ​

Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 500-ден асып кетті. 36 адам дерттен айықты. Денсаулық сақтау министрлігі елде вирустың тарауы сәуірдің ортасында шегіне жетіп, азая түседі деп болжайды. Елде 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. Қазақстанның басым бөлігінде карантин жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG