Accessibility links

CDC өкілі: Коронавирус Алматыдағы зертханадан тараған жоқ


Коронавирустың жаңа түрі. Көрнекі сурет.
Коронавирустың жаңа түрі. Көрнекі сурет.

Коронавирустың жаңа түрі Алматыдағы жұқпалы аурулар зертханасынан тараған жоқ. Бұл туралы АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының (Center for Disease Control and Prevention, CDC) өкілі айтты. CDC Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Дэниел Сингер 6 мамыр күнгі телефон брифинг кезінде қытайлық сайттардың бірінде жарияланған "вирус Қазақстандағы "америкалық зертханада" дайындалып, Қытайға жеткізілген болуы ықтимал" деген тұжырымды жоққа шығарды.

"Вирус шығару үшін зертханаға озық технология төртінші деңгейдегі қауіпсіздік керек. Менің ойымша, Алматыдағы зертхана үшінші деңгейдегі қауіпсіздікке ие. Сондықтан бұл зертхананың мұндай вирус шығаруға қуаты жетеді дегенге сенбеймін" деді Дэниел Сингер.

Ол сонымен бірге зертхананың АҚШ-қа тиесілі емес екенін де айтты. Оның айтуынша, АҚШ үкіметі бұл мекемені құру кезінде қаржыландырған. CDC жабдықтармен қамтамасыз етіп, қызметкерлерін оқытқан. Бірақ зертханада бір де бір АҚШ азаматы істемейді.

"Коронавирустың жаңа түрі Алматыдағы зертханадан тарады" деген болжамды қытайлық Sohu.com сайты жариялаған. Бұл ақпараттық сайт емес және онда шыққан мәлімет Қытай билігінің ресми көзқарасын білдірмейді.

Бұған дейін Sohu.com платформасында “Қазақстан неге Қытайға оралуды қалайды?” деген мақала басылып, Қазақстан жағы Пекинге қарсылық нотасын жіберген. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо мақаланы "қаскөйлер" жазды деп сынап, “кімнің мүддесі үшін жасалғанын анықтау керек” деген.

Sohu.com интернет платформасында жарияланып, кейін ашылмай қалған мақалада “Тарихта Қазақстан Қытайдың аумағына тиесілі болған, Қазақстан Цин империясының вассалы еді” деген жолдар болған еді.

Оқи отырыңыз: "Қазақстан Қытайға тиесілі" деген сипаттағы мақала наразылық нотасына түрткі болды

АҚШ билігі коронавирустың жаңа түрі Қытайдың Ухань қаласындағы зертханадан кездейсоқ тараған болуы мүмкін деп болжайды. Пекин мұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG