"ШЫДАЙ ТҰРЫҢДАР!"
25 жастағы Раушан Тұрысбекова – Алматыдағы №19 емхананың офтальмолог дәрігері. Раушанның күйеуі де осы мекемеде рентгенолог болып жұмыс істейді. Төтенше жағдай режиміне дейін олар жұмысқа күнде таңертең қаладан 50 километр қашықта орналасқан Ұзынағаш ауылынан келіп жүрген. Алматы карантинге жабылғаннан кейін облыс аумағында тұратын азаматтар қалаға кіріп-шығу мүмкіндігінен айырылған. Қаладан пәтер жалдап тұруға ақшасы жетпеген ерлі-зайыпты наурыздың 26-сынан бастап әріптестерімен бірге Азаматтық авиация академиясының жатақханасына қоныстанып, жұмысқа сол жерден қатынап істеген. Балаларын ауылдағы ата-енесі қарап отыр.
- Жатақханадағы жағдайдың нашар екеніне бірінші күннен көзіміз жетті: ерлер мен әйелдерге бір-бірден, жиынтығы 200 адамға екі әжетхана мен жалғыз душ, бір қабатта ас-су әзірлейтін жалғыз бөлме бар. Душ пен әжетхананы өзіміз тазалап тұрдық. Ешкім жинаған жоқ. Басында жатақханада бір ғана душ барын білген жоқпыз. Бізге бөлмелердің ғана суретін көрсетті. Бірақ ас бөлме мен әжетхананы көрген жоқпыз. [Олардың қандай күйде екенін] көшіп келгеннен кейін бір-ақ білдік. Жатақханадағы жағдайға шағынғанымызда, бізге "Шыдай тұрыңдар, әзірге басқа жер жоқ" деді, - дейді Раушан Тұрысбекова.
Оның айтуынша, жатақханада Алматыдағы №19, 9, 32 емханалар мен басқа медицина мекемелерінің дәрігерлері және ішкі істер министрлігінің қызметкерлері, жиыны оннан астам ұйымның өкілдері тұрған.
Сәуірдің 24-іне жатақханада тұрған екі дәрігердің коронавирус жұқтырғаны анықалған. Осыдан кейін жатақханада тұрып жатқандардың бәрін тексеріп, мекемені карантинге жапқан.
- Сәуірдің 25-іне бізден ПЦР тест (COVID-19 бар-жоғын анықтайтын - ред.) алды – ешкімнен вирус табылмады. Бізге "әр бөлмеде жеке душ пен әжетханасы бар жерге көшіреміз" деп уәде беріп келді. Бірақ карантин бойы жатақханада тұрдық. Мамырдың 5-іне кешкісін бәрімізді тағы да тестіден өткізді, жатақхана тұрғындарының 50-60 пайызынан коронавирус табылды. Маған да жұғыпты. Ауру белгісін байқаған жоқпын. Бір душ пен бәріне ортақ әжетхананы пайдаланған тұрғындардың вирус жұқтырмауы мүмкін емес. Жағдайы жоқ жатақханада тұрып жатқанымызға кім кінәлі? - дейді Раушан Тұрысбекова.
"НАУҚАСТАРМЕН БАЙЛАНЫСТА БОЛДЫҚ"
Раушанның сөзінше, коронавирус жұқтырған екі науқасты ауруханаға әкеткен соң, олар тұрған қабатта санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізбеген. Раушанның күйеуі Темірлан Тұрысбеков жатақханадан коронавирус табылғаннан кейін науқастармен бір қабатта тұрған басқа медицина қызметкерлерін бірден оқшауламағанын айтады.
- Таңертең коронавирус инфекциясы деген диагноз қойылған адамдарды түнгі сағат 12-ден кейін бір-ақ әкетті. Қалғандары науқастармен байланыста болды. Біз мұнда наурыздың 26-сынан бері тұрамыз, балаларымызды екі ай көрген жоқпыз. Бәрімізді бір қазанға тастағандай болды. 200 адамды бір жерге жинап, бәріне ортақ душ пен әжетхана берсе, оның несі карантин? - дейді Темірлан Тұрысбеков.
Раушан Тұрысбекованың айтуынша, мамырдың 8-іне жатақханада тұратын жүзден астам адам тестіден өтіп, олардың басым көпшілігіне вирус жұққаны анықталған. Осыдан кейін COVID-19 вирусын жұқтырған дәрігерлерді ауруханаға әкете бастапты.
Мамырдың 8-іне Раушан Тұрысбекованы фтизиопульмонология ұлттық орталығына жатқызған. Дәрігер орталықта бір палатада бірнеше науқастан жатқанын айтады. Раушанмен бірге №19 емханада істейтін, қалада пәтері бар дәрігерлерді үйдегі карантинге жіберген. Емхана жұмысы жалғасып жатыр.
Бәрімізді бір қазанға тастағандай қылды. 200 адамды бір жерге жинап, бәріне ортақ душ пен әжетхана берсе, оның несі карантин?
Жатақханада әйелімен бір бөлмеде тұрған Темірлан Тұрысбеков қазір ішкі істер министрлігінің ауруханасында жатыр. Ол науқаспен байланыста болған адам ретінде дәрігердің бақылауына алынған. Темірланнан сәуірдің 25-і және мамырдың 5-іне алынған тест қорытындылары таза шыққан.
- Менімен бірге [палатада] полиция қызметкері, ол арқылы "туберкулез" диагнозы қойылған үйсіз адамдар жатыр. Бүгін [мамырдың 9-ы] [коронавирусқа] тест тапсырдық. Бірнеше қызметкерден вирус табылды, ал менікі таза шықты. Үш күннен кейін тағы да [ПЦР-тест] алады. Келесі сараптама кезінде вирус табылмайтынына кепілдік жоқ. Бір айдан аса уақыт бойы ауруханада жатқан, шыға алмай жүрген таныс дәрігерлерім бар. Келесі тестілеу кезінде вирус жұққаны анықталса, мені бір айға жабады, - дейді ол.
БІР КҮНДЕ - 108 НАУҚАС. ЖАТАҚХАНАДА ВИРУС ЖҰҚҚАНДАР ҚАНША?
Ресми дерек бойынша, мамырдың 8-іне Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырған 108 науқас тіркелген. Оған дейінгі бірнеше тәулікте коронавирус фактісі азайғаны байқалған.
Мамырдың 10-ына өткен брифингте қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин (ол бұл қызметке Алматы қалалық орталық клиникалық аурухананың 300 қызметкерінен жаппай коронавирус табылғаннан кейін тағайындалған) жаңадан тіркелген науқастардың бәрі "ауру адаммен байланыста болғандықтан оқшауланғанын" айтты. Азаттық "Тұрысбековтер отбасы мен басқа дәрігерлер тұрған жатақханада қанша адамға коронавирус жұққан?" деген сұрағына жауап ала алмады.
Қоғамдық денсаулық басқармасы Азаттыққа "дәрігерлер жатақханаға өз еркімен қоныстанды" деп мәлімдеді.
- Оларды ешкім әдейі көшірген жоқ. Дәрігерлерді қоныстандыру бойынша іс-әрекет алгоритмі жоқ. Медицина ұйымдар басшылары жатақханалар мен қонақ үйлерден бос орындар тапты, ал біз келісімшарт жасап, [дәрігерлер тегін тұруы үшін] ақысын төледік. Қажет болған жағдайда дәрігерлердің тамақ шығынын да өтедік. Яғни, мұндай шешімдерді медицина ұйымының басшылары өз бетінше қабылдады, - дейді басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Жатақханада "Неге коронавирус жұқтырған алғашқы науқас анықталған кезде басқа тұрғындарды бірден провизорлық ауруханаға жібермеді?" деген сұраққа Әбілдаев "Мұндай шешімді эпидемиологтар қабылдайды. Қоғамдық денсаулық басқармасына жатақханадағы дәрігерлерді басқа жерге көшіру туралы тапсырма берілген жоқ" деп жауап берді.
Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері, тауарлар, қызметтер сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің басшысы Жандарбек Бекшиннің редакцияға жіберген хатында: "Жатақханадағы жағдай нашар деген мәселе көтерілген жоқ. Яғни, ондағы жағдай бәрінің көңілінен шыққан. COVID-19 тіркелген кезде қолданылатын аурудын алдын-алу және эпидемияға қарсы күрес шараларына науқаспен тығыз байланыста болған адамдарды үй карантиніне жіберу, 14 тәулік ішінде медициналық бақылауға алу жатады. Аумақтық ұйым мамандары осының бәрін жүзеге асырды" делінген.
Бекшин қазір вирус ошағына айналған Азаматтық авиация академиясының жатақханасы босатылып, ғимарат тазартылғанын хабарлады.
НАУҚАСТАР АРАСЫНДА ДӘРІГЕР КӨП
Бекшиннің дерегінше, Алматы облысында тұратын дәрігерлерді қоныстандыру туралы шешімді медицина ұйымдарының басшылары мен аудан әкімдіктері қабылдаған. Алматы карантинге жабылғалы "8 мыңнан астам медицина қызметкері қонақ үй, хостел мен жатақханаға көшірілген. Осы мақсатта 30 мекеме жұмыс істеген".
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметте көп жыл еңбек еткен жоғары деңгейлі дәрігер Лариса Лян билік медицина қызметкерлерін уақытша қоныстандыру кезінде вирус жұқтыру қаупін барынша азайту үшін қажет жағдайдың бәрін жасауы керек еді деп есептейді.
- Медицина қызметкерлері уақытша жатақханада тұрып, күнделікті жұмысқа баратынын білген кезде-ақ, вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін түсінуге болар еді. Дәрігерлерге оқшаулануға мүмкіндік беретін бөлмелер беріп, жатақханаларды сақадай-сай әзірлеп, барлық бөлмені оқшаулап дайындап, дәлізде жүруге, бір-бірімен артық байланыста болуға шектеу қою керек еді. Бірақ олай жасамады. Мұндайда қауіпсіздік шараларының барлығы сақталуы керек, - дейді маман.
Лариса Лян соңғы жағдайдан қоғамдық денсаулық басқармасы мен тауарлар, қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арасында байланыс жоғы анық көрінді деп санайды. Билік коронавирусқа ақпан айынан бері дайындалып, жұмыс барысы жөнінде есеп беріп тұрғанына қарамастан, ақырында осындай жағдай болды. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында жүздеген дәрігерге коронавирус жұғуы жүйедегі қателіктердің бетін ашты: Қазақстанның ірі қаласы мен басқа өңірлердегі дәрігерлер қорғаныш құралдары мен коронавирус тестері берілмегенін айтты. Билік "дәрігерлердің жаппай вирус жұқтыру себебін анықтауға" уәде берді, ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев "бұл жағдайдың қайталануына жол бермеу керегін" ескертті.
"Дәрігер де, медбике де жоқ". Жабық ауруханадағы науқастар қараусыз қалды (21 сәуір 2020 ж.)
Вирус ошағынан кеткен соң, әртүрлі медицина мекемелеріне жатқызылған ерлі-зайыпты Тұрысбековтер соңғы күндері қысымға ұшырағанын, денсаулығын қатерге тігіп жұмыс істегені үшін төленетін үстеме ақыдан қағылғанын айтады.
- Бізді енді денсаулық сақтау саласына жұмысқа алмаймыз дегенді меңзеп отыр. Бірақ біз әділдікті талап етеміз және соңына дейін барамыз, - дейді Темірлан Тұрысбеков.
Ерлі-зайыпты Тұрысбековтер ауруханадан үйге шығуға болады деп есептейді. Денсаулық сақтау министрлігінің жаңартылған қаулысына сәйкес, ауру белгісі байқалмаған науқастар емін үйде жалғастыра алады. Бірақ қалалық денсаулық сақтау қызметінің басшылығы ауруханадан науқастың үйінде оқшаулануға мүмкіндік болса ғана шығуға болатынын, ал мұндай жағдайдың бар-жоғын инфекционист дәрігерлер анықтайтынын айтады.
Алматы қалалық тауарлар, қызметтер сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің мамырдың 10-ына берген дерегінше, қалада 607 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан. Олар Алматыда коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқастардың 38 пайызын құрайды.
ПІКІРЛЕР