Accessibility links

Қордайдағы жанжалға байланысты 59 адам жауапқа тартылып жатыр


Жанжал болған Масанчи ауылында жүрген арнайы жасақ. 9 ақпан 2020 жыл.
Жанжал болған Масанчи ауылында жүрген арнайы жасақ. 9 ақпан 2020 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасы Қордайда болған ұлтаралық жанжалға байланысты 59 адам қылмыстық жауапқа тартылып жатқанын хабарлады. Күдіктілер арасында қазақтар да, дүнгендер де бар. Бұл туралы 29 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров хабарлады.

7 ақпан түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалған еді.

Ожаровтың сөзінше, ұлтаралық жанжалға екі жарым мыңнан аса адам қатысқан, 140 тұрғын және 20 полицей жараланған.

Прокуратура өкілінің айтуынша, Масанчи, Бұлан Батыр, Ауқатты ауылындағы үйлер мен ғимараттарды өртегендердің басым бөлігі "жастар, жұмыссыз жүргендер". Ожаров "олардың арасында бұрын адам өлтіру, бұзақылық, ұрлық, адам зорлау қылмысымен сотталғандар бар" деді.

Ведомство өкілі жанжалды бастағандар және төбелеске белсене қатысқандар арасында қазақтар да, дүнгендер де бар екенін айтады. Сөзінше, жанжалдасқандар қару-жарақ, "Молотов коктейлі", тас қолданған.

"Күдіктілердің төбелеске қатысқаны куәгерлердің сөзімен, видеокамералардағы жазбалар, ұялы телефонға түсірілген видеолардан нақтыланды. Төбелеске қатысқан әр адамның әрекетіне баға жиналған дәлелдерге әбден сараптама жасалып барып берілді" деді прокуратура өкілі.

Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400 астам экспертиза жүргізіліп, мың жарымнан астам адам сұралған.

Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.

Ресми мәлімет бойынша, жанжалға Сартөбе ауылындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы кикілжің себеп болған. Тергеу органдарына дерегінше, ұлты дүнген Марат Юнху жолға шығып, ауладан ағасы мінген жүк көлігін шығару үшін басқа көліктерді тоқтатқан. Дәл осы кезде 78 жастағы қазақ Төлеген Құдашбаевты балалары көлікпен дәрігерге апара жатқан. Осы кезде екі жақ жолға таласып, төбелесіп қалған. Қарияның жамбасы сынған, оның ұлының бас сүйегі мен миына зақым келгені хабарланған. Кейін сот Марат Юнхуды 2,6 жылға соттаған. Ал оның әкесі Эрсман Юнхудың бас бостандығын 2,6 жылға шектеген.

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.​

Оқи отырыңыз: "Ұлтаралық келісімнің" қауқарсыз моделі. Қордайдағы жанжал нені аңғартты?

29 сәуірде Алматыдағы тергеу изоляторында ұлтаралық жанжалға байланысты ұсталған Бекбол Кибаевтың қайтыс болды. Прокуратура осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Оқиғаның басқа жайттары белгісіз.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG