Accessibility links

ОКҚ Нұр-Cұлтан әкімі Көлгіновпен тікелей эфирде журналистердің отшашу жайлы сұрағын қоймады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Орталық коммуникациялар қызметі (ОКҚ) Нұр-Cұлтандағы COVID-19 індетінің ахуалына арналған брифингте қала әкімі Алтай Көлгіновке журналистердің 6 шілде күнгі мерекелік отшашу туралы сұрақтарын қоймады. Бұл туралы KazTAG агенттігі хабарлады.

Коронавирус пандемиясына байланысты ОКҚ брифингтеріне журналистер жүзбе-жүз қатыса алмайды. Олар діттеген сұраған алдын ала жіберуі тиіс. Сұрақтарды тікелей эфир кезінде ОКҚ модераторы қояды.

Кеше, 6 шілдеде Қазақстан Астана күнін атап өтті. Коронавирус індетінің ушығуына байланысты жыл сайын өтетін мерекелік шаралар тоқтатылған я онлайнға өткен. Бірақ мерекелік отшашу болатынын алдын ала хабарланды. Әлеуметтік желіде пандемия кезінде фейерверк ату дұрыс емес деген пікір қызу талқыланып, көптеген желі қолданушысы профайл суреттеріне “6 шілде Қазақстанда COVID-19-дан өлгендерге арналған қаралы күн” деген белгі қойды.

Осыған қарамастан кешкі сағат 11-де қала билігі үш жерден он минуттық қуаты күшті отшашу жасады. Бұл коронавирус індетінен зардап шегіп отырған тұрғындардың ызасын келтіріп, желіде қызу талқылады

Журналистер Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновке фейерверкке қатысты бірнеше сауал жолдады. Олардың қатарында “Астана күніне арналған отшашудың құны қанша?”, “Отшашу шығынын кәсіпкерлер көтерді деген ақпарат тарады, олар бұл ақшаға дәрі алуды ойламады ма?”, “Отшашу қоғамда теріс резонанс тудырды, бұл туралы не айтасыз?” деген сияқты сұрақтар болған.

ОКҚ әкімге бұл сұрақтардың біреуін де қоймады.

Әкімге 6 шілдедегі отшашу туралы сауал жолдаған журналистердің бірі Тамара Вааль ОҚК қызметін сынға алды.

“Бірқатар БАҚ Көлгіновке отставка жөнінде және бүкіл елді ашуландырған кешегі отшашу жөнінде сұрақ жолдады. Бірақ біздің айбынды орталық коммуникациялар қызметі және Руслан Әлішев (ОКҚ директоры - ред.) бәрін тазалап шықты. Сұрақтар, әрине, қойылмады. Мырзалар, менде бір ғана сұрақ бар – сіздер онда не істеп отырсыздар?” деп жазды Vlast.kz сайтының журналисі Facebook парақшасында.

KazTAG агенттігінің сауалына ОКҚ директоры Руслан Әбішев отшашуға қатысты сұрақтарға әкімдіктің басқа басқармасы жауап беретінін, журналистердің сұрағына жауапты мемлекеттік органнан тікелей ала алатынын айтқан.

Көп ұзамай, тілшілердің отшашу туралы сұрағына Нұр-Cұлтан қаласы мәдениет басқармасы жауап берді.

"Астана күніне отшашу жыл басында жоспарланған болатын, демеушілер материалдар сатып алып, орындарды анықтады. Бұл фейерверк қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруге, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдауға арналған” делінген мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі мәлімдемесінде.

6 шілде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да туған күні. Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, президенттіктен кеткен, бірақ билік партиясы “Нұр Отанның” және қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отырған Назарбаев 80 жасқа толды.

Оқи отырыңыз: "Тозақ оттары деміккен халықтың төбесінде тым биік шашырады". Нұр-Сұлтандағы салютке реакция

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG