Accessibility links

Түркістанда шілдеде 2208, Шымкентте 1080 марқұмның қазасы туралы куәлік берілген


Шымкенттегі ХҚКО алдында қайтыс болғаны туралы куәлік алуға келген жұрт. 21 шілде 2020 жыл.
Шымкенттегі ХҚКО алдында қайтыс болғаны туралы куәлік алуға келген жұрт. 21 шілде 2020 жыл.

1-22 шілдеден бері Түркістан облысында 2208 марқұмның, Шымкент қаласында 1080 адамның қайтыс болғаны туралы куәлік берілген. Бұл туралы Азаттыққа 22 шілдеде Түркістан облысы және Шымкент қаласы Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөлімі мәлімдеді.

Шымкент қаласы АХАТ бөлімі өкілдері 21 шілдеде 100 марқұмның туыстарына олардың қайтыс болғаны туралы куәлік бергенін айтады. Түркістан облысы АХАТ бөліміндегілер бір күнде 155 марқұмның туысы жақынының қайтыс болғаны туралы куәлік алғанын хабарлады.

АХАТ бөлімдерінің Азаттыққа ұсынған мәліметтерінде шілденің басынан бері Шымкент пен Түркістан облысында қайтыс болғандардың артқаны байқалады.

Шымкент АХАТ бөліміне мамырда қалада 470, маусымда 576 адамның қайтыс болғаны тіркелген. Ал Түркістан облысы АХАТ бөліміне сәуірде 382, мамырда 1112, маусымда 1737 адамның қазасы тіркелген.

АХАТ бөлімінің мамандары Азаттыққа марқұмдардың неден қайтыс болғаны туралы мәлімет өздерінде тіркелмейтінін айтты.

Аймақта адамның қайтыс болғаны туралы куәлік алушылардың саны елде коронавирус пен пневмония өршіген тұста өсті. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде коронавирус жұқтырғандар 75 мыңнан асты (Шымкентте 4518, Түркістан облысында 2513 адам). 610 адам Covid індетінен қайтыс болды (Шымкентте – 31, Түркістан облысында 36 марқұм).

Елде 1-15 шілде аралығында 1555 адам пневмониядан қайтыс болған.

Қазақстан билігі елде індеттің таралуын тоқтау үшін 2 тамызға дейін карантин жариялаған. Бұл – биліктің коронавирусқа байланысты жариялаған екінші карантині. Осыған дейін 16 наурыз – 11 мамыр аралығында елде төтенше жағдай енгізіліп, қатаң карантин енгізілген. Мамырда карантин жеңілдей бастаған соң елде дертке шалдыққандар күрт көбейіп, билік қайта карантин шараларын қабылдауға мәжбүр болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG