ҮКІМ
12 тамыз күні Алматының Медеу аудандық соты азаматтық белсенді Әсия Төлесованың бостандығын бір жыл алты айға шектеу туралы үкім шығарды. Онлайн режимде өткен сот процесін жүргізген судья Тәкен Шәкіров Төлесованы Қылмыстық кодекстің "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша айыпты деп таныды. Сонымен бірге белсендіні сот шығынын өтеп, жәбірленушілер қорына шамамен 41 мың теңге төлеуді міндеттеді.
Судья Шәкіров екі айдан бері тергеу абақтысында қамауда отырған Әсия Төлесованы босатуды бұйырды.
Сәрсенбі күні Медеу аудандық соты ғимаратының алдына Әсия Төлесованы қолдап келген ондаған адам – құқық қорғаушылар, белсенділер, журналистер мен дос-жараны жиналды. Белсендіні айыпты деп таныған сот үкімін естіген кезде олар: "Масқара!" деп айғайлап, наразылық білдірді.
Сот үкімі оқылғаннан кейін Төлесованың адвокаты Жохар Өтебеков Азаттық тілшісіне:
– Үкіммен келіспеймін, Төлесова ақталуы тиіс деп санаймын. Апелляцияға шағым береміз, – деді.
Арада біраз жуық өткенде Алматының шетіндегі тергеу абақтысынан (СИ-18) бостандыққа шыққан Әсия Төлесованы қолдаушылары қарсы алды.
Бір күн бұрын онлайн режимде өткен жарыссөз кезінде прокурор Ерлан Құланбаев Төлесованың "қоғамға қауіпті қылмыстық әрекет жасағанын" алға тартып, соттан белсендіні бір жылға бостандығынан айыруды және айыппұл төлетуді сұраған еді. Ал қорғаушылар Төлесованың "кінәсін дәлелдейтін" айғақ ретінде көрсетілген видеоның жарамсыз екенін айтып, соттан оны ақтауды өтінген.
"КҮШ КӨРСЕТУГЕ, ЗАҢСЫЗ ҰСТАП, ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТУГЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕУІ ТИІС"
Екі айдан бері тергеу абақтысында қамауда отырған Әсия Төлесова 11 тамыздағы сот отырысындағы соңғы сөзінде сотқа жәбірленуші ретінде қатысып отырған полиция қызметкерлеріне қарата:
– Сіздердің бейбіт митингті тарату кезіндегі іс-әрекеттеріңізбен, дөрекілік танытып, күш қолданғандарыңызбен келіспеймін. Бұл әрекеттеріңіз заңсыз әрі біздің азаматтардың конституциялық құқығын бұзады деп санаймын. Сонымен бірге, әрине, мұның бәрі менің ұстамсыздық танытып, сіздерге көрсеткен қылығымды ақтай алмайды, мен тағы да сіздерден кешірім сұраймын. Мұндай әрекетке әріптестеріңіз – құқық қорғау органы өкілдері маған күш қолданғаннан кейін бардым. Осы болған жайттың бәрі жұмыс әдісіңіз бен отандастарыңызға деген қатынасыңызға әсер етер деп үміттенемін. Өйткені қазіргі Қазақстанда күш көрсетуге, заңсыз ұстау мен қорқытып-үркітуге жол берілмеуі тиіс деп санаймын, – деген еді.
Жәбірленуші Мейіржан Төлегенов "егер жұрттың бәрі Төлесова секілді эмоцияға берілетін болса қоғамда бейберекеттік орнаушы еді" дей келе, азаматтарды "полициямен бірге қоғамдық тәртіпті сақтауға" үндеді.
Жарыссөз кезінде жәбірленушілер соттан Төлесоваға бір жылға бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған прокурор Ерлан Құланбаевты қолдайтынын айтты.
Әсия Төлесованың ісі бойынша сот процесі 3 тамызда Алматының Медеу аудандық сотында онлайн режимде басталған. Биыл 8 маусымда Алматыда тұтқындалған белсенді сот шешімімен әуелі 10 тәулікке қамалған, кейін бұл мерзім бірнеше рет ұзартылып, содан бері тергеу абақтысында қамауда отырды. Адвокаттары соттан Төлесованы үйқамаққа ауыстыруды я кепілмен босатуды тергеу кезінде де, сот процесі басталған соң да сұраған. Қорғаушылар кепілдікке құны 52 миллион теңге тұрғын үйдің құжатын, Қазақстан президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова, мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов және өзге де танымал азаматтардың Төлесоваға кепіл болуға дайын екендігі жайлы өтініштерін ұсынған.
Бірақ судья бұл өтініштерді қанағаттандырмады. Белсендіні үйқамаққа шығаруға прокурор Ерлан Құланбаев қарсы болды.
– Төлесова полиция қызметкерлерін қорлап, олардың денсаулығы мен өміріне зиян келмесе де, күш қолданды. Ол бұл қылмыстық әрекетін одан әрі де жалғастыруы мүмкін, – деді прокурор.
ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ ӨТКЕН СОТ
"Билік өкіліне күш көрсетіп, қорлаған" деген айып тағылған Әсия Төлесованың ісі бойынша сот процесі 3 тамызда Алматының Медеу аудандық сотында онлайн режимде басталған. Биыл 8 маусымда Алматыда тұтқындалған белсенді сот шешімімен әуелі 10 тәулікке қамалған, кейін бұл мерзім бірнеше рет ұзартылып, содан бері тергеу абақтысында қамауда отырды.
Төлесова сотта судьяға сенімсіздік танытты. 3 тамыз 2020 ж.
Адвокаттары соттан Төлесованы үйқамаққа ауыстыруды я кепілмен босатуды тергеу кезінде де, сот процесі басталған соң да сұраған. Қорғаушылар кепілдікке құны 52 миллион теңге тұрғын үйдің құжатын, Қазақстан президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова, мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов және өзге де танымал азаматтардың Төлесоваға кепіл болуға дайын екендігі жайлы өтініштерін ұсынған.
Бірақ судья бұл өтініштерді қанағаттандырмады. Белсендіні үйқамаққа шығаруға прокурор Ерлан Құланбаев қарсы болды.
– Төлесова полиция қызметкерлерін қорлап, олардың денсаулығы мен өміріне зиян келмесе де, күш қолданды. Ол бұл қылмыстық әрекетін одан әрі де жалғастыруы мүмкін, – деді прокурор.
Әсия Төлесова онлайн режимде өткен сотқа тергеу абақтысынан, адвокаттары мен прокурор өз кеңселерінен қатысты. Ал жәбірленушілердің қай жерден қатысқаны белгісіз. Сотта сұраққа жауап берген кезде олардың кейбірі экраннан көрінбей қалды, кейде бөтен дауыстар қосылып, микрофондары өшіп қалып жатты.
Жәбірленушілерге процесс барысында судья да, адвокаттар да бірнеше рет ескерту жасап, тіпті отырған кабинетті, жан-жағын көрсетуді талап етті. Жәбірленушілер, "микрофонды өшірмесе адвокаттың сөзін ести алмағанын" айтып, жанында ешкім жоғын көрсетті.
Айыптау актісінде 6 маусымда Алматыда рұқсат етілмеген митингке барған Әсия Төлесованың полиция қызметкері Нұрбек Темірхановқа "қолын сермегені", алғашқысы тимей, екінші рет ұрғанда фуражкасын қағып түсіргені айтылған.
"Төлесова "оңбаған, сен де оңбағансың. Ешқайсың форма киюге лайық емессіңдер. Жиіркенішті, жиіркенішті мент" деп көпшілік алдында полицейлерді қорлаған" деп жазылған айыптау қорытындысында. Осыдан кейін Төлесованың тағы бір полиция қызметкері Мейіржан Тұрғанбекті де үш рет ұрып жібергені айтылған. Прокурор "мұның бәрін белсенді қасақана жасады" деп мәлімдеді.
Әсия Төлесова өзін айыпты деп санамайтынын, бірақ сол сәтте өз-өзін ұстай алмағанын мойындап, қылығы үшін полиция қызметкерлерінен кешірім сұрады. "Полицияның қоғамға еш қауіп төндірмей, өз ойын бейбіт жолмен айтуға келген қарусыз жұртқа жасағанын көргенде эмоциямды ұстай алмадым" деп жазды белсенді желіде.
Сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан алты полиция қызметкері: Нұрбек Темірханов, Мейіржан Тұрғанбек, Ернат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абибулла мен Тілек Төлегеновтен жауап алу бірнеше күнге созылды. Төлесованың адвокаттары белсендінің қолы полиция қызметкерінің басына емес, фуражкасына тигенін, олардың денесіне соққы тимегенін айтқан. Төлесовадан "үш соққы алды" делінген Мейіржан Тұрғанбек сотта қойылған сұраққа жауабында белсендіні әріптестері көлікке әкеле жатқан кезде "ол қарсылық көрсетіп, өзіне бірнеше рет ұрғанын" айтты.
БЕЛСЕНДІНІ ҚОЛДАУ
Әсия Төлесованың ісі бойынша Медеу аудандық сотында процесс өткен күндері ғимарат сыртында белсенділер #FreeAsya, "Қуғын-сүргін тоқтатылсын!" деген жазуы бар плакаттар ұстап, қамаудағы серігіне қолдау білдіріп тұрды.
Amnesty International және Human Rights Watch сынды халықаралық құқық қорғау ұйымдары да Қазақстан билігін Әсия Төлесованы қамаудан босатуға үндеді.
"Осындай біржақты айыптаулар негізінде Әсия Төлесованы ұстаған полиция және сот асыра сілтеп отыр. Бейбіт митингіні шектеу және Төлесованы қылмыспен қудалау бейбіт наразылық кезіндегі Қазақстанның нағыз репрессивті бейнесін көрсетеді" деді HRW ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мира Ритман.
Amnesty International 16 маусымда жариялаған мәлімдемесінде Төлесованы қамау Қазақстанның адам құқығы саласында алған міндеттемелері мен заңнамасына қайшы келеді деп жазды. "Әсия Төлесованы қамауда ұстау бұл асыра сілтеу, оны саяси белсенділігі үшін жазалап отырғанға ұқсайды" деді құқық қорғау ұйымы.
Бұған қоса, ОАР-дың Йоханнесбург қаласында орналасқан СIVICUS азаматтық қоғам ұйымдарының ғаламдық альянсы қазақстандық азаматтық белсенді Әсия Төлесованы адам құқықтары үшін күрестің символына айналған Нельсон Манделаның күні басталған халықаралық кампанияның басты тұлғаларының бірі етіп таңдады.
35 жастағы алматылық белсенді Әсия Төлесова – совет өкіметі кезінде сталиндік репрессияның құрбаны болған қазақ жазушысы Ілияс Жансүгіров пен мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың шөбересі.
Көпшілікке Төлесова былтыр көктемде Алматыда жол бойына "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазу бар баннерді ілгені үшін 15 тәулікке қамалған соң танылды. Төлесова ол баннерді тағы бір белсенді Бейбарыс Толымбековпен бірге Алматы марафоны өтіп жатқан кезінде жайған.
Осыдан кейін қозғалған әкімшілік іс бойынша өткен сотта Төлесова әділ сайлау өткізу, судьялар мен әкімдерді сайлау, атқарушы биліктің есеп беруі мәселелеріне халық назарын аударғысы келгенін мәлімдеген.
Оған дейін белсенді Алматы тұрғындарына қаладағы ауаның ластануы жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік беретін Almaty Urban Air (AUA) мобильді қосымшасын жүзеге асырып, тіпті 2016 жылы қалалық мәслихат депутаты болуға кандидатурасын ұсынып көрген.
ПІКІРЛЕР