Семей қаласы Қазақстандағы өмір сүруге қолайлы қалалардың көш басында тұрған жоқ. Бірақ Водный және Восход ауылдарындағы жағдай бұдан да қиын. Ауылға кірген бойда қираған ғимараттар, айналасын шөп басқан субұрқақ, шұрқ тесік жол, сыртынан бекітілген есік-терезелерді көресіз.
Бес мыңға жуық адам осындай жағдайда өмір сүріп жатыр.
– Қос ауылда да ауыз судың жоқтығы басты мәселеге айналып отыр. Водный ауылында бұрын су құбыры болған. Бірақ бұл суды ішу мүмкін емес: ол тұзды, шәйнекке қақ тұрып қалады. “Аристонымызды” екі жыл сайын ауыстырамыз. Әлі күнге бес литрлік бөтелкелерімізді алып, қалаға барамыз. Қазір 21 ғасыр ғой. Жеке көлігі жоқтар ауылдың суын ішуге мәжбүр. Ал оны ішу мүмкін емес. Водныйда алты су құбыры болған. Қазір тек біреуі ғана қалды. Оның өзі таза су емес, – дейді Темірлан ауылының тұрғыны Ғылымбеков.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қазір ауыл тұрған орында бұрын Ертіс өзенінің арнасы болған. Ауылдың жерін бір кездері өзендегі су ағынымен келген топырақ құрайтындықтан, халық өз күшімен су тарта алмай отыр.
АУЫР МЕТАЛДАРДАН БӨЛІНГЕН ТҰЗ СУҒА, ҚҰМ БҮЙРЕККЕ ТҮСЕДІ
Су туралы сөз қозғала қалса, құбырдан ағатын сары суды ішуге мәжбүр халық лас судан денсаулығына келген зиян туралы жапа-тармағай айта жөнеледі. Жергілікті тұрғындар ұйқы безіндегі тас пен бүйректегі құмды ауыз судың ластығымен байланыстырады.
Водный ауылының тұрғыны Олег Попов құбырдан шығатын суды сараптамаға тапсырғанын әңгімелеп берді:
– Сараптама бұл судың техникалық мақсатқа пайдалануға ғана жарайтынын көрсетті. Суда темір мөлшері көп. Сондықтан су сәл тұрса, беткі жағы қоңыр түске боялып шыға келеді. Ауыр металдардан тұз бөлінеді.
Восход ауылының тұрғыны Василий Чупинді үйінің жанынан кездестірдік. Оның үйінде таза су ағатын жекеменшік құбыр бар.
– Әкем “геологияда” жұмыс істеген. Қай арнаның қай жерден өтетінін шамалап білетін. Сондықтан алты метр тереңдіктен су құбырын тартқанбыз. Бірақ басқаларда мұндай мүмкіндік жоқ. Тұщы су шығуы үшін жерді 38 метр тереңдікке дейін бұрғылау керек. Атам мұнда жалғыз тұрады. Жерді 38 метрге дейін қазып, тұщы су шығарып алды. Осыған 300 мың теңге жұмсады. Қазір одан да қымбатқа түседі, – дейді Василий.
“ГЕОЛОГИЯНЫҢ” ЖҰМЫСЫ ТОҚТАҒАЛЫ АУЫЛДАР ҰМЫТ ҚАЛДЫ
Восход ауылының Василий тұратын бөлігін “СемГео” мекемесімен 40 жылдық тарих байланыстырады. Геологиялық барлау жұмыстарымен айналысқан компания бұл жерге мектеп салып, екіқабатты балабақшаны сумен және жылумен қамтамасыз етіп келген. Ауылдың өз клубы мен жеке хор капелласы да болған.
– Бұл жерде бәрі болды. Бірақ 1993 жылы “геология” келісімшартпен жұмыс істеуге көшкенде, бәрі тоқтады. Мотор жанып кетті, оны кейін ешкім қолға алған жоқ. Бізге жылыту жүйесі мен су берілмейтін болды. Шынын айтсақ, өте ауыр. Су мен жылу жүргізсе дейміз. Бұл жерге жылу электр станциясын салмақ болған. Бірақ одан бері қанша жыл өтті, бәрі сөз күйінде қалды, – дейді ауыл тұрғыны Галина Бурминская.
– 1993 жылы ауылды жылу мен судан ажыратып тастады. Қыста буржуйка пешімен амалдап шықтық. Әр бөлмеде бір пеш тұратын. Рудная және Алмазная көшелеріндегі үйлердің бәрін геологтар салған. Бұл геологтардың ауылы болатын, – дейді Василий Чупин.
Водный мен Восходтың қалған бөлігінде 30 жылдан бері су жоқ.
– Үздіксіз салық төлеп келемін. Не үшін және кім үшін? Бізді тастап кетті. Ешкім бізбен сөйлескісі келмейді. Депутаттар еш көмек берген жоқ. Олар “ауылда бәрі болады” деп уәде бергенімен, әлі күнге ештеңеміз жоқ. Өмір сүруге мүмкіндік беріңдерші, – дейді Водный ауылының тұрғыны Любовь Воронина.
БАЛАБАҚШАНЫҢ ҮЙІНДІСІ ҒАНА ҚАЛҒАН, МЕКТЕПТЕ ОРЫН ЖОҚ
Водный мен Восход ауылдарының арасында алыстан бұрын балабақша болған ғимараттың үйіндісі көрінеді. Геологтар балабақшаны қалаға тапсырған соң, ғимараттың күйі кеткен. Ауылда бала көп, бірақ бәрі үйде отыр.
Тұрғындарды екі ауылға ортақ бір ғана мектеп бары да алаңдатады. Қазір 600 орындық мектепте бір жарым мыңнан астам бала оқиды.
– Өзім де осы мектепте оқыдым, үш ауысыммен білім алатынбыз. Менің кезімде мектепте 1500 бала оқыды. Мектепте жақсы білім жоқ. Мұғалімдерді де түсінуге болады, олар үлгермейді, – дейді Темірлан.
Восход тұрғыны Елена баласын әжесінің қолына жіберуге тура келгенін, өйткені ауылдағы мектепте оқу қиын екенін айтады.
– Мектеп лық толы, әр сыныпта 30 оқушыдан отыр. Мектепте кабинет тапшы болғандықтан, балам екінші сыныпқа көшкенде оны химия сыныбына отырғызды. Балалар үш ауысыммен оқыды. Білім департаментіне хат жазып жүріп, балаларға арналған кішкентай партасы бар сыныпқа қол жеткіздік. Химия сыныбына төртінші сынып оқушыларын көшірді,– дейді Елена.
Балалар мектепке қараңғы жолмен барады. Жақында әкімдік үлкен жолға электр желісін тартқан, бірақ жарық әлі қосылмаған.
Жолдың әр жерінде адам құлап кетуі мүмкін шұңқырлар кездеседі. Былтыр ауылда қайғылы оқиға болды: бала күнінен денесінің бір жақ бөлігі қимылға келмейтін 35 жастағы ер адам терең шұңқырға құлап, көз жұмған. Марқұмның туыстары оны тоғыз күннен кейін бір-ақ тапқан. Жергілікті халық қайғылы жағдайды көшеде жарықтың болмауынан көреді.
ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ЖАҒДАЙДЫ РЕТТЕУ ЖАЙЛЫ КЕЗЕКТІ УӘДЕСІ
Тұрғындар Азаттық тілшісімен сөйлесіп тұрғанда, жиналған жұртқа Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаков пен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов келді.
Ушаков тұрғындарға биыл әкімдік “Семей қаласындағы Восход ауылына магистральді су құбыры желісін салу” жобасын жүзеге асыруды бастағанын айтты. Құны 235 миллион теңге болатын жоба 2020 жылы қарашада аяқталады деп уәде берді шенеунік.
Отыз жыл бойы қарапайым нәрселерге қол жеткізе алмай келе жатқан тұрғындар әкім орынбасарының сөзіне сене қойған жоқ. Оларды түсінуге болады: шенеуніктер ауылға әлдеқашан су жүргізуге уәде берген. Тұрғындар әкімдікке хат жазып, депутаттарға өтініш айтып, бірнеше жылдан бері ауыз су мәселесін көтеріп келеді.
Әкім орынбасарының сөзінше, Восход ауылының тұрғындарына тағы да күтуге тура келеді.
– 2020 жылы кварталдар ішіндегі су құбыры желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаты жасалады. 2021 жылы Восход және Водный ықшамаудандарының ішкі желілерінің жобасы қолға тиеді, содан кейін ғана қаржы бөлуге өтініш береміз.
– Қаржы бермеуі де мүмкін бе? – деп сұрады тұрғындардың бірі.
– Бермеуі де мүмкін, беруі де мүмкін, – деді Ушаков.
Николай Ушаков тұрғындарға көрші Восточный ауылында 1200 орындық мектеп салынып жатқанын, бұл тұрғындар шағынған үш ауысыммен оқу мәселесін шешуге көмектесетінін айтты. Ол Восточный ауылына балабақша салу бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып жатқанын да атап өтті. Бірақ бұл нысан шынымен салынады дегенді білдірмейді. Өйткені әлі жобаға ақша табылмаған.
Шенеуніктерге Өскемен, Предгорный және Заливный көшелерін жарықтандырумен айналысатын мердігер бекітілгенін жеткізді.
“ТҰРҒЫНДАРҒА ҰЗАҚ КӨРІНГЕНІМЕН, МӘСЕЛЕНІ ШЕШІП ЖАТЫРМЫЗ”
Тұрғындардың шенеуніктермен әңгімесі бірталай уақыт жалғасты әрі шиеленіске толы өтті.
– Оқушылар мектептен қайтатын жолдың айналасында шұңқыр көп, балам бірінші сыныпта оқиды, көшеде жарық жоқ, құлап кетуі мүмкін. Бұған кім жауап береді?
– Ата-ананың жауапкершілігін мемлекеттің мойнына артудың қажеті жоқ.
Көлік жүріп жатқан жол жиегінде ойнап жүрген балаларға арналған ойын алаңы да жақын уақытта салынбайтын сияқты. Ауыл тұрғындары шенеуніктерден “жол жөндейміз” деген уәде ести алмады.
“Неге әкімдік сонша жыл бойы ауыл тұрғындарын елемей келді?” деген сұраққа әкім орынбасары тура жауап бермеді.
– Бұл міндеттерді көп уақыттан бері шешіп келеміз демеймін, мүмкін халыққа ұзақ көрінетін шығар, бірақ жұмыс жүріп жатыр. 3395 жер учаскесін, Үшақтар, Комсомол, Ақсай сияқты үш ықшамауданды қолға алдық. Бұл жұмыс ұзақ жүрді, нәтижесінде үш жылда екі ықшамауданды бітірдік. Су мен электр жарығын жүргіздік, – деді әкімнің орынбасары Николай Ушаков.
Маусым айында Үшақтар ауылының тұрғындары су мен электр жарығының жоғын айтып, өтініш жазған.
Семейде су, электр жарығы мен көшелерде жарықтың болмауынан жиі дау шығады. Тұрғындарға өмір сүруге қажетті қарапайым жағдайларға қол жеткізу үшін күресуге тура келеді. Мұндай мәселеге Водный мен Восход ауылдарының тұрғындары ғана кезігіп отырған жоқ.
Қаланың басқа бөлігінде орналасқан Суық бұлақ ауылының тұрғындары да сусыз отыр. 17 тамызда ауыл тұрғындары әкімдікке барып, жергілікті халықтың талаптары қамтылған, 300 адам қол қойған хатты тапсырған. Тұрғындар биліктен мүмкін емес дүние сұрап отырған жоқ: олар орталықтандырылған су жүйесін іске қосуды, көшелерді жарықтандыруды, қоқыс жинауды, байланыс сапасы мен қоғамдық көлік жұмысын жақсартуды сұрайды. Суық бұлақ тұрғындары әкімдікке жақын арада талаптары орындалмаса, жолды жабатынын айтқан.
22 тамызда тұрғындармен Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов кездескен. Шенеунік қала маңындағы мәселелерді шешу "оңай емесін", әкімдіктің қаланы дамытудың 2017-2031 жылдарға арналған жоспары бойынша жұмыс істеп жатқанын айтқан.
ПОЛИГОН ТӨБЕСІНДЕГІ ҚАРА БҰЛТ
Восход пен Водный ауылы тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе – елдімекенге жақын маңға жиналатын күл-қоқыс. Қала әкімдігі жергілікті жылу электр станциясына жанған көмірдің қалдығын карьерге төгуге рұқсат берген.
Полигон мен оған жақын орналасқан тұрғын үйдің арасы – небәрі 1 километр.
Тұрғындардың айтуынша, ауыл маңындағы полигонға күл әкеліп төгу төрт жыл бұрын басталған. Бірақ қазірге дейін ауыл тұрғындары мұны байқамаған. Қазір көбейген қалдық желмен ұша бастаған.
– Дауыл болғанда, балалар жүгіріп келіп, “жақын маңда өрт болып жатыр, қара түтін көрдік” деп шулады. Далаға шыққанда, қара бұлт тұрғанын байқадық. Ересек адамдар мұның қара түтін емесін бірден түсінді. Өйткені ешқандай иіс болмады. Кейінірек бұл полигондағы күл екенін білдік. Күзетшіден сұрағанымызда, ол жылу электр станциясынан шыққан қалдықты төрт жылдан бері ауыл маңына әкеліп төгіп жүргендерін айтты, – дейді жергілікті тұрғын.
Әкім орынбасары Николай Ушаков полигонның заңға сәйкес жұмыс істейтінін айтты.
– Жиналайық, мен сіздерге құжаттарды көрсетемін, бұл полигон. “Теплокоммунэнерго” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны күл қалдығын жинауға арналған жер учаскесін тіркеткен. Мен мейіргер не дәрігер емеспін, сіздерге құжаттар барын түсіндіріп жатырмын. Полигон елдімекеннен 300-500 метр, ал Ертістен 1,5 километр қашықтықта болуы керек. Бәрі заңға сәйкес тіркелген.
Дегенмен санитарлық талаптарға сәйкес, шаңы көтерілетін қалдықтар желге ұшпауы үшін оларды шұңқырларға көміп, әр төгілген қоқыстан кейін үстіне кемі 20 сантиметр қалыңдықта топырақ салу керек. Полигоннан қоқыстың үсті осындай тәртіппен жабылғанын байқамадық.
ПІКІРЛЕР