25 тамызда Қызылорда облыстық соты Қармақшы ауданы Жосалы кентінің тұрғыны Айтбай Әлиевке қатысты қалалық сот шығарған үкімді күшінде қалдырды.
8 шілдеде Қызылорда қалалық соты Әлиевті "тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағы) деп танып, 6 айға бостандығын шектеген. Судья Б. Жаңабаевтың үкімінде "тұрғын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылсын, 281 мың теңгеге жуық (шамамен 670 доллар) сот шығынын да өтесін" деп жазылған.
60 жастағы азаматтық белсенді Әлиевтің үстінен іс қозғауға оның 3 ақпанда түсірген видеосы себеп болған. Видеода белсенді Нұр-Сұлтан "экстремистік ұйым" деп таныған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бағдарламасымен "танысып шыққанын", қозғалыс пен оның жетекшісі – қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті "толық қолдайтынын" айтқан. Белсендінің ұлы Азаттыққа жіберген іс құжаттарында "Әлиевтің 20 ақпанда Қызылорда қаласындағы базарлардың бірінде жұртты митингіге үндегені" жазылған.
Белсенді Әлиевтің айтуынша, апелляциялық шағымды облыстық сот онлайн режимде қараған. "Сот отырысы бар-жоғы 5 минутқа созылды" дейді ол. Тұрғын өзіне шыққан сот үкімін заңсыз деп санайды. Ол Азаттыққа "Қазақстанда әрбір адамның саяси позициясын білдіруге құқығы бар" деді. Өзінің жұмыссыз екенін айтқан тұрғынның сөзінше, сот шығынын өтеуге жағдайы жоқ.
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро өкілі Андрей Гришиннің Азаттыққа айтуынша, Қызылорда облысы саяси баппен сотталған тұрғын жоқ жалғыз өңір саналып келген.
- Белсенді Әлиевтің ісінен соң Қазақстанда саяси астары бар іс аясында жазаланбаған адамы жоқ облыс қалмады, - дейді ол.
2018 жылы 13 наурызда астана соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, оның жұмысына тыйым салған. Бірақ қозғалыстың жетекшісі, қазір шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді. Ол сот шешімінің саяси астары бар деп санайды.
Қазақстанда былтырдан бері "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, кейбірі сотталған. Заңгерлер "жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды" деп есептейді.
Human Right Watch (HRW) халықаралық ұйымының соңғы есебінде "президенті ауысқан Қазақстанда 2019 жылы адам құқығы бойынша айтарлықтай өзгеріс болмады. Оппозиция, оның ішінде ҚДТ қозғалысының жақтастары мен мүшелерін қудалау күшейді" деп жазылған.
ПІКІРЛЕР