Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының бір топ тұрғыны жалақысы жоғары жұмыс сұраған арызына үкіметтің берген жауабына наразы. Билікке талап айтқандардың арасында 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасында полиция оғынан жараланғандар да, сол кезде жазықсыз қудаланғанын дәлелдеуге тырысып жүргендер де бар. 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт ереуілін полиция оқ атып таратқанда оннан астам адам өліп, жүзден астамы жараланған.
Жаңаөзендік Қайрат Досмағамбетов, Мұханбет Серікбаев, Ермұхан Иманалиев пен Дәулетбек Сәдуақасов биыл жазда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арыз жазып, астанаға да барып қайтқан. Олар азық-түлік қымбат, жұмыссыздық деңгейі өте жоғары моноқалада орташа өмір сүруге жететін жалақысы бар тұрақты жұмыс тауып беруді сұраған еді. Үкімет арыз иелеріне ондай жұмыс ұсына алмайтынын айтып, жергілікті әкімдік ұсынған жұмысқа орналасуға кеңес берген. Жаңаөзендіктер ол жұмыстың жалақысын азсынып, келіспейді.
"ОҚ КЕУДЕМДІ ТЕСІП ӨТТІ"
– Егер ондай жұмыс тауып бере алмаса, онда бізге Қазақстандағы орташа жалақы көлемінде өмірлік өтемақы төлесін, – дейді Ермұхан Иманәлиев.
2011 жылы 19 жастағы Ермұхан Иманалиев Ақтаудағы колледжде мұнайшы мамандығына оқып жүрген. 16 желтоқсан, Тәуелсіздік мейрамы күні Жаңаөзеннің орталық алаңына барған кезде жараланған.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде әуесқой түсірген видео:
– Оқ жүрегіме 2 сантиметр жетпей, кеудемді тесіп өтті. Құлап қалғаным ғана есімде. Ақтауда емдеді. Басқа ешқайда барған жоқпын. Бір рет 500 мың теңге берді. Одан соң, 2013-2014 жылдары өзім несие алып емделдім. Дәрігерлер әлі емделуім қажет екенін, пластик қабырға, жараға (грыжа) қарсы арнайы тор қою керегін айтады. Бәрі ақшаға тіреледі. Сондықтан тұрақты жұмысқа орналасып, емделгім келеді, – дейді ол.
Ермұхан жараланғаннан кейін де оқуын жалғастырып, колледж дипломын алып шыққан. Кейін арнайы курста оқып, дәнекерлеуші мамандығын игерген. Ол Жаңаөзендегі жекеменшік кәсіпорындарда уақытша түрлі жұмыс істегенін, қысқартуға ілініп, жұмыссыз қалғанын айтады.
"СЫЛТАУҒА ТОЛЫ ХАТ ҚАНА КЕЛЕДІ"
Жаңаөзен оқиғасы кезінде оң аяғынан оқ тиген Мұханбет Серікбаев қазір 40 жаста. Айтуынша, ереуілге қатыспаған, алаңға мерекелік шараны тамашалауға барғанда жараланған. Ресейде емделіп, Жаңаөзендегі үйіне оралған соң үкіметтен бір рет 500 мың теңге алғанын, ал одан кейінгі денсаулығын оңалтуға (реабилитация) қаржыны өзі тапқанын айтады.
Мұханбет Серікбаев бұрын Жаңаөзендегі жергілікті мекемелерде жүргізуші болып істеген. Отбасында кәмелетке толмаған алты баласы бар әке қазір жұмыссыз.
– Бір түсінбейтінім, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың [Жаңаөзен оқиғасынан кейін] арнайы мекеме ашып, алаңда 7 ай тұрғандар, жараланғандар, аяғынан тұра алмай жатқандар мен қайтыс болғандардың үйінен бір-бір адамды жұмысқа алу туралы тапсырмасы неге толық орындалмайды? 2016 жылға дейін билік "Өзенмұнайгаз" компаниясында жұмысқа алуға мораторий жарияланған" деген сырғытпа жауап айтып келді. Ал кейінгі төрт жылда әртүрлі сылтауға толы хаттар алдым, – дейді ол.
Жаңаөзен оқиғасынан соң, 2012 жылы "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы құрамында жаңадан "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" құрылып, ереуілге қатысқандардың бір бөлігі жұмысқа алынған болатын.
"26 РЕТ ОТА ЖАСАТТЫМ"
36 жастағы Қайрат Досмағамбетов – 2011 жылы Жаңаөзенде жеті айға жуық ереуіл жасаған мұнайшылар лидері Мақсат Досмағамбетовтің інісі. Ағайынды екеуі де Жаңаөзен оқиғасына дейін мұнай саласында бұрғышы көмекшісі, оператор болып жұмыс істеген.
Қайрат Досмағамбетов Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуіліне қатыспаған. Ол 16 желтоқсан күні алаң маңында сол жақ жамбас сүйегіне оқ тиіп, жараланған. Содан бері 20-дан астам операция жасатып, екінші топ мүгедегі болып қалған. 36 жастағы жігіт биліктің "алдымен аяққа тұрып, денсаулығыңды түзеп ал, жұмыс орның дайын" деген құрғақ уәдесінен қажығанын айтып налиды.
– Мұндай әңгімені 2016 жылы соңғы операцияны жасатқаннан бері естіп келемін. Қит етсе "сендерді далаға тастаған жоқпыз" дейді. Бірақ бізді жұмыспен қамту үкіметтің міндеті деп санаймын. Халыққа оқ атты, оны мойындағысы да келмейді. Ұмытылады деп ойлайды. Мен сияқты 26 рет ота жасатуға кез келген адамның шыдауы екіталай. Зардабы көп, белім ауырады, жамбасым сырқырайды, қуығым шаншиды, – деді ол Азаттық тілшісіне.
Қайрат Досмағамбетов Жаңаөзен оқиғасы тек тәніне ғана емес, жүрегіне де жазылмас жара салғанын айтады.
Оның ағасы Мақсат Досмағамбетов Жаңаөзен оқиғасы бойынша 2012 жылы Ақтаудағы сот процесінде өзінің тергеу кезінде азапталғанын алғашқылардың бірі болып мәлімдеген. Сот сараптамасы оның қабырғасы мен жақ сүйегінің сынғанын анықтаған. Алты жылға сотталған Мақсат Досмағамбетовтың түрмеде жарасы асқынып, билік оны денсаулығына байланысты 2015 жылы ақпанда шартты жазамен мерзімінен бұрын бостандыққа шығарған еді. Бір көзінен айырылып, ауыр дерттен айықпаған Мақсат Досмағамбетов 2018 жылы қыркүйекте 36 жасқа қараған шағында көз жұмды.
Ағайынды Досмағамбетовтардың анасы, 12 бала тәрбиелеп өсірген Оңайгүл Досмағамбетова Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккен екі ұлын емдетуге өздері істеген "Өзенмұнайгаз" компаниясының жәрдем танытқанын жоққа шығармайды. Мақсаттың отбасына пәтер беріп, әйелін жұмысқа да алған. "Бірақ көп ретте "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшылары өз қалтасынан ақша жинап, үлкен қолдау көрсетті" дейді жігіттің қарт анасы.
– Үкімет атқан оқтан бір баламнан айырылдым, біреуі жарымжан болып қалды. Айлап төсек тартып жатқанда, ауруханада сан рет ота жасатқанда күні-түні қасында бірге болдым. Менің зардап шеккенімді дәлелдеудің қажеті жоқ. Сондықтан үкімет баламды жұмысқа алмаса маған да өтемақы төлесін, – дейді Оңайгүл Досмағамбетова.
"ЖАЗЫҚСЫЗ ҚАМАЛҒАНЫМ ЖАЙЛЫ ҚАУЛЫНЫ АЛА АЛМАЙ ЖҮРМІН"
27 жастағы Дәулетбек Сәдуақасов өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрғысы келеді. Ол Жаңаөзендегі колледжді мұнайшы мамандығы бойынша бітірген, қазір жұмыссыз.
Дәулетбек 2011 жылы 16 желтоқсанда өзін полиция үйінің қасынан ұстап әкетіп, қамап тастағанын айтады. Кейін астанадан келген прокурорлардың наразылығымен қамаудан босатылған.
– Мені екі ай абақтыда ұстап, кейін босатты. Яғни заңсыз қамады. Түрмеде таяқ жегенім де, алған жарақаттарымды кейін өзім емдегенім де рас. Қолымда қамалғаным туралы құжаттарым да бар. Қамауда болғанда алған жарақаттардан жүйкеме ауырлық түсті, – дейді ол.
Дәулетбек үстінен қозғалған қылмыстық істің жабылғаны туралы сот қаулысы әлі күнге дейін қолына тимегенін, ол қаулы жұмысқа орналасуға қажет екенін айтып, бас прокуратураға дейін арызданған.
Жаңаөзен қалалық прокуратурасы 2020 жылдың 18 тамызында Дәулетбек Сәдуақасовқа берген жауабында оның үстінен "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан" деген айыппен қозғалған қылмыстық іс 2012 жылғы 6 наурызда Ақтау қалалық сотына жолданып, сол жылы 4 маусымда сот үкімі шыққанын жазған.
"Өзіңізге қатысты құжат көшірмесін алу туралы уәждеріңізбен Ақтау қалалық сотына арыздануға құқылы екеніңізді түсіндіремін", – деп жазады қала прокурорының міндетін атқарушы М.Көшбаев.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккендердің тағы бірі – 25 жастағы Қанат Мұқашев бала кезден мүгедек. Анасы Ырыс Мұқашева психикасында ауытқушылық бар ұлына 2011 жылы 16 желтоқсанда жағынан оқ тигенін айтады.
– Оқ тістерін опырып өтіп, жағына қадалған. Содан бері қою тамақ іше алмайды. Билік бір-ақ рет 500 мың теңге берді, содан кейін ешқандай көмек алған жоқпыз, туыстарым көмектесіп, шамамыз келгенше емдеткен болдық, – дейді Ырыс Мұқашева.
ЖАҢАӨЗЕНДІКТЕРДІҢ БИЛІККЕ ТАЛАБЫ
Қайрат Досмағамбетов, Мұханбет Серікбаев, Ермұхан Иманалиев пен Дәулетбек Сәдуақасов биыл жазда үкіметке талаптарын жеткізу үшін Нұр-Сұлтанға барған. Өздеріне және 2-топтағы мүгедек Қанат Мұқашевтың отбасынан бір адамға Жаңаөзендегі мұнай саласындағы кәсіпорындардың бірінен тұрақты жұмыс сұраған.
Жаңаөзендіктер 25 маусымда Қазақстан президентінің резиденциясы – Ақорданың алдында пикет өткізді. Олармен бірге Оңайгүл Досмағамбетова да болды. Полицияның арнайы жасағы бесеуін күштеп көлікке салып алып кетті. Кейін Есіл аудандық соты "заңсыз акцияға қатысты" деп айыпталған оларды ескерту жасап, босатты.
Жаңаөзендіктер Ақордаға келіп, жұмыс талап етті (Нұр-Сұлтан, 25 маусым 2020 ж.)
Бұл сапарында жаңаөзендіктер "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының ресурстарын басқару жөніндегі басқарма директоры Дәулетжан Хасановқа ғана кездескен.
– Қайрат Досмағамбетовтың жағдайын білеміз. Ал қалғандары туралы ойлануымыз керек. Себебі ұсынылған жұмысқа бармай отырсыңдар. Бекітілген жүйені бұзып, бәріңді бірден "Өзенмұнайгаздың" штатына енгізе алмаймыз, – деді ол наразыларға.
МИНИСТРЛІК ПЕН ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ ЖАУАБЫ
Қазақстан энергетика министрлігі 20 тамызда жаңаөзендік арыз иелеріне берген жауабында "мемлекеттің кәсіпкерлік субьектілерінің ісіне заңсыз араласа алмайтынын" жазған. Хатта 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында жараланған азаматтарға 500 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдем көрсетілгені, Қайрат Досмағамбетовке "Мейірім Маңғыстау" қоғамдық қоры арқылы 500 мың теңгеден 3 рет көмек бөлінгені, Оңайгүл Досмағамбетоваға 2016 жылы Ақтау қаласынан 1 бөлмелі пәтер берілгені айтылған.
Министрлік Ермұхан Иманалиев, Мұханбет Серікбаев пен Дәулетбек Сәдуақасовтың жергілікті билік ұсынған жұмыстан бас тартып, "мұнай саласынан жалақысы жоғары жұмыс сұрағанын" жазған.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы жұмыс сұраған жаңаөзендіктерге жолдаған жауабына жұмысқа қабылдау 2019 жылдың басында Жаңаөзен әкімдігінің "ӨзенМұнайГаз" компаниясымен бірлесіп бекіткен жаңа жүйе бойынша жүргізілетінін хабарлаған.
"Аталған жүйе бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ штатына жұмысқа қабылдау жергілікті еңбекпен қамту бөлімінің қатысуымен, белгіленген квоталар шеңберінде, "Өзенинвест" МҚК, "Таза су", "Verity Group" ЖШС және персоналды ұсыну қызметін көрсететін аутстаффинг компаниясына арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады", – деп жазған "ҚазМұнайГаз" компаниясы.
Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровтан жұмыс сұрағандардың мәселесі қалай шешілетінін сұраған еді. Әкім "ол туралы талап иелеріне айтқанмын" деп қысқа қайырды.
Қайрат Досмағамбетов Жаңаөзендегі "Кенқұрылыссервис" кәсіпорнына сантехник болып кіру жөнінде "ҚазМұнайГаз" компаниясы өкілінің ұсынысынан бас тартқанын растайды.
– 150 мың теңгені айлығын қай жағыма жеткіземін? Денсаулығым әлі оңалтуды қажет еді. Алда тағы бір операция күтіп тұр. Мектепте оқитын қызыма да көмектесуім керек, – дейді ол.
Өзіне ұсынылған аутсорсинг жұмыстан бас тартқан Мұханбет Серікбаев Жаңаөзенде орташа өмір сүру үшін ресми орташа айлық жалақының өзі аз дейді. Ұлттық экономика комитеті статистика комитетінің бағалауынша, 2020 жылғы шілде айында Қазақстандағы орташа айлық жалақы – 208 395 теңге.
– Азық-түліктің бәрі басқа жақтан жеткізілетін Жаңаөзенде орташа тұрмыс үшін жалақы кемінде 300 мың теңге болуы керек. Ондай жалақысы бар жұмыс тауып бере алмаса үкімет бізге өмірлік өтемақы төлесін, – дейді Ермұхан Иманәлиев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ерлан Әукенов 6 тамызда жаңаөзендіктердің президент Тоқаевқа арызы бойынша жазған хатына байланысты жауабында "қолданыстағы заңнамада өтініште баяндалған жағдайға байланысты өтемақы қарастырылмағанын" хабарлаған.
Өтемақыдан өзге Жаңаөзен тұрғындары 2011 жылы ереуіл кезіндегі "халыққа оқ ату ісін" қайта тергеу, зардап шеккендерді жұмысқа орналастыру, оларға арнайы мәртебе беру сияқты талапты бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Ол туралы президент пен үкіметке талай рет хат жолдаған.
2011 жылдың 16 желтоқсанында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жеті айдан астам уақыт бейбіт ереуілде тұрған мұнайшыларға оқ жаудырып, наразыларды күшпен таратқан. Жаңаөзен оқиғасы салдарынан жиынтығы 17 адам (біреуі – Шетпе станциясында) қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бір адам хабар-ошарсыз кеткен.
Ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицеріне бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасы кесілген. Ал "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы мерзімге сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.
Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.
Жаңаөзен оқиғасынан соң Қазақстан үкіметі жараланғандарға 500 мың теңге, ал оққа ұшқандарға бір миллион теңге өтемақы төлеген еді. Кейбір оқ тигендер арасында бұл ақшаны алмағандар да бар. 80 мыңдай тұрғыны бар моноқаладағы ең көкейкесті мәселе – жұмыссыздық. 2019 жылдың ақпан-наурыз айларында қала тұрғындары биліктен бұл проблеманы шешуді талап етіп, наразылық танытқан.
2011 жылдың желтоқсанында болған Жаңаөзен оқиғасы туралы Азаттық материалдарын арнайы парағымыздан оқи аласыз.
ПІКІРЛЕР