1 қазанда Алматы қалалық соты "денсаулыққа орта дәрежеде қасақана зиян келтірді" деп айыпталып, бір жылға бас бостандығынан айырылған белсенді Санавар Закированың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Закирова екінші сот инстанциясынан сот үкімінің күшін жоюды сұраған еді. Айыптауға негіз болған оқиға биыл 8 наурызда "Нұр Отан" партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматтың үйінің маңында болған. Сол оқиғадан соң екі жақ "дене жарақатын салды" деп бір-бірін айыптаған. Ақыры Закирова Т.Ш.-ның 39 жастағы қызы Д.Ш.-ның "денсаулығына орта дәрежеде қасақана зиян келтірді" (Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-бөлімі, 7-тармағы) деп айыпталып, шілде айында бір жылға сотталды.
Бейсенбі күні қылмыстық істер жөніндегі Алматы қалалық сотының Людмила Бектемірова жетекшілік еткен сот алқасы Закированың үкімін өзгеріссіз қалдырды, қорғау тарабының шағымын қанағаттандырған жоқ.
Бектемірованың сөзіне қарағанда қаулы оқылған мезгілден бастап бірінші инстанциядағы сот үкімі күшіне енеді, ал қорғау тарабының кассациялық шағым түсіруіне бір жыл уақыты бар.
Қорғау тарабы апелляциялық сот отырысында үкімнің күшін жойып, "қылмыс құрамы болмағандықтан" Закированы ақтауды сұраған. Адвокат Жанар Балғабаева сотталушы мен жәбірленуші арасындағы жанжалдың саяси сипаты барын да айтқан. Қорғау тарабы бұған қоса, "карцерге заңсыз қамалуына байланысты" екі аптадан бері аштық ұстап келе жатқан Санавар Закированың жағдайын ескеруді, өзге тұтқындар тарабынан оның өміріне қауіп төнгенін айтып, тым болмағанда қамау түріндегі жаза қолданбауын сұрады.
Ал жәбірленуші, "Нұр Отан" партиясы мүшесі Т.Ш.-ның қызы Д.Ш. сотта "істің саяси астары бар" деген тұжырымды жоққа шығарды. Ол өзінің қандай да бір саяси партияға мүше емес екенін, мемлекеттік қызметкер емес екенін де атап өтті. Ол оқиғаны "тұрмыстық сипаты бар жанжал" ретінде баяндады. Д.Ш. сот үкімін өзгертпеуді сұрады.
Ал прокурор Сапар Төреқұл бірінші инстанцияда шыққан сот үкімінің заңды екенін, Санавар Закированың кінәсі сот тергеуі мен іс материалдары барысында толық дәлелденгенін айтты. Ол да апелляциялық шағымды қанағаттандырмауды сұрады.
Апелляциялық сот отырысы онлайн режимде өтті. Оған қорғау тарабының адвокаттарымен қатар құқық қорғаушылар Маржан Аспандиярова, Максим Кудрявцев, Азаттық тілшісі қатысты. Бірақ адвокаттар өтінішіне қарамастан Санавар Закированың қатысуына рұқсат етілген жоқ.
Апелляциялық сот аяқталғаннан кейін белсендінің қызы әрі қоғамдық қорғаушысы Малика Закирова Қазақстан сотынан көңілі қалғанын айтып, кассациялық шағым түсіретінін де айтты.
Закирова шілде айында сот үкімі шыққаннан кейін қамауға алынған. Сот үкімі шыққанға дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген. Сот-отырыстарына онлайн түрде қатысып келген еді. Санавар Закирова мен жақтастары істің саяси астары барын айтады. Жәбірленуші тарап мұны жоққа шығарады.
Осы айдың басында қазақстандық құқық қорғаушылар Санавар Закированы "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.
ПІКІРЛЕР