Accessibility links

Еуроодақтың жаңа құжаты Кремльдің пропагандасын жеңе ала ма?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Еурокомиссия ұсынған "Еуропалық демократия жөніндегі іс-қимылдар жоспарының" негізгі бөлігі Кремль пропагандасымен күреске арналған. Еуроодаққа мүше елдерді сыртқы ықпалдан қорғауды көздейтін бұл құжат аясында жалған ақпарат таратқандарға одақ тарихында алғаш рет санкция қарастырылып отыр. Бұл ресейлік RT және "Спутник" медиа құралдарының Еуропа елдеріндегі бюролары жабылады дегенді білдіре ме?

Коронавирус пандемиясы басталғалы Еуроодақ территориясында жалған жаңалық тарату мен ақпарат бұрмалаудың 500-ден астам оқиғасы тіркелді. Мұндай оқиғалардың 2015 жылдан бері саны 10 мыңнан асады. Кремльге жақын ақпараттық құралдар және басқа да мекемелер атқарып отырған шаруаның ауқымы осындай. Бұл деректі Еуроодақтың ақпаратты бұрмалаумен күрес жөніндегі жұмыс тобы East StratCom Task Force (ESTF) беріп отыр. Іс-қимылдар жоспарына жалған ақпаратпен күрес бөлімін қосуға түрткі болған осы жұмыс тобы.

Еуроодақ 2018 жылы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдар кодексін қабылдаған. Алайда қазір ұсынылып отырған құжаттың сипатына қарағанда, аталмыш кодекс тиімді бола қоймаған. Жағдай енді өзгереді деген үміт бар. Оның үстіне жалған ақпаратпен күреске қосымша қаражат та бөлініп отыр. Қаражаттың қалай бөлінетіні әзірге белгісіз, Еуроодақ бюджеті әлі қаралып жатыр.

Әзірге белгілі болып отырғаны мынау – Ірі ақпараттық платформалардың Еуропада жұмыс істеу ережесі өзгереді. Бұл платформаларға ең алдымен Facebook пен Twitter секілді танымал әлеуметтік желілер, Google секілді іздеу жүйелері кіреді. Жуық айларда Еуропаның Цифрлық қызметтер туралы заңы жарияланады (Digital services Act, DSA). Еурокомиссияның мәлімдеуінше, заң аясында "ақпараттық платформаларға контентті модерациялау, ақпаратты және жарнаманы жариялау және көрсету алгоритмі үшін жауапкершілік жүктеу ережесі ұсынылады".

Еурокомиссияның ақпарат нарығының алпауыттарына қатысты екпіні қатты: бұл компаниялар "[ақпарат тарату] жүйесіндегі қауіп-қатерді бағалауға міндетті болады. Оның ішіне адам құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық денсаулық пен қауіпсіздікті қорғау тұрғысындағы қатерлер де кіреді". Осы күнге дейін аталмыш "үштік" (Google, Facebook және Twitter) жалған жаңалықпен күрес жөнінде Брюссельмен ерікті түрде жұмыс істеп келген. Бірақ бұл платформаларға қойылған талап аса қатал болмады. Енді жағдай өзгеруі тиіс. Бірақ Еурокомиссия мүшесі Вера Йоурова Азат Еуропа/Азаттық радиосы тілшісі Рикарду Йозвякуға берген сұхбатында жаңа құжат аясында бар болғаны тәжірибе жүзінде іске асып отырғанды заң жүзінде бекіту ғана қарастырылып отыр дейді.

Ал жалған ақпарат таратушылармен күрес бұдан да қатал болмақ. Дегенмен Вера Йоурова Балтық елдерінің ресейлік "Спутник" ақпараттық агенттігі мен RT телеарнасының өз территориясында жұмыс істеуіне тыйым салуы "әсіре қатал" шара дейді. "Біз Балтық моделін көшірейін деп тұрған жоқпыз. Бірақ таралуы бүкіл Еуропа бойынша жаппай сипат алып отырған жалған ақпаратпен күрес үшін көбірек әрекет жасамақпыз. Ресейде мұндай операциялар әскери доктринаның тармағы саналатыны құпия емес" деп атап өтті Еурокомиссия мүшесі.

"Жалған жаңалықтың жеті өсиеті". New York Times басылымының Кремль пропагандасы жайлы мақаласынан алынған кескін.
"Жалған жаңалықтың жеті өсиеті". New York Times басылымының Кремль пропагандасы жайлы мақаласынан алынған кескін.

Азаттық радиосы ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі Атлант кеңесінің сарапшысы, East StratCom Task Force жұмыс тобының бұрынғы мүшесі Якуб Каленскиймен сөйлесіп, Еуроодақтың жалған ақпаратпен күрес жоспары туралы пікірін сұрады.

Якуб Каленский
Якуб Каленский

– Авторитар режимдердің жалған ақпарат таратуды "гибридтік соғыс" әдісі ретінде пайдаланып отырғанын Еуропада бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Ең құрмағанда Украинадағы жағдайдан кейін. Еуроодақтың қазіргі қадамдары кеш қалып қойды деп ойламайсыз ба?

– Еуроодақтың сөзін сөйлеуге міндеттімін: менің есебімше, 2015 жылдан бері жалған ақпаратпен күреске қатысты 70-ке жуық құжат қабылданды. Бірақ кей нәрселерді ертерек істеу керек пе еді деген пікірмен келісемін. Бұл – 27 елден тұратын Еуроодақтағы шешім қабылдаудың ерекшелігі. Мәселен, Швеция не Литвадағы саясаткерлерге, шенеуніктерге және сарапшыларға бұрыннан мәлім нәрсе олардың Португалиядағы немесе Кипрдегі әріптестері үшін жаңалық болатын жағдайлар жиі кездеседі.

Ақпараттық агрессорлар әлдеқайда жылдамырақ әрекет етеді.

Еуроодақ баяу қозғалады. Мұның негізгі себебі мақұлдаудың демократиялық процестерінің баяу болуында. Біздің авторитар қарсыластарымыз, ақпараттық агрессорлар біздің қорғаныс механизмдеріміздің қалыптасуынан әлдеқайда жылдамырақ әрекет етеді.

– East StratCom Task Force жұмыс тобында бірнеше жыл жұмыс істедіңіз. Оның жұмысын, жетістіктерін және сәтсіздіктерін қалай бағалайсыз?

– ESTF-тің Еуроодаққа мүше елдер бекітіп берген құзыреті бар. Оған қоғамды фэйк жаңалық пен жалған ақпарат тарату технологиялары жөнінде хабардар ету кіреді. Бұл міндетті біздің команда жап-жақсы атқара алды. Бірақ оған бөлінетін қаражат пен күш өте аз еді: Ресейдің жалған ақпарат тарату науқандарымен және ол туралы хабардар етумен бар болғаны үш адам айналысады. Ал бұл – үлкен жұмыс. Бұл туралы Еуропарламентте айтылды-ақ, бұл жөнінде Еуроодаққа мүше бірнеше ел ескертті. Жағдай өзгереді деп үміттенеміз.

Жетістіктері мен сәтсіздіктеріне келсек, ақпараттық салада оны өлшеу қиын: мәселе салынған жолдың шақырымы немесе мемлекеттік бағдарламаға қатысып жатқан студенттердің саны жөнінде емес. Бірақ мынаны айтуға болады: 2015 жылы көптеген еуропалық саясаткер ресейлік дезинформациямен айналысудың қажеті де жоқ деген көзқараста болды. ESTF-тің және соның аясында құрылған EUvsDisinfo жобасының арқасында мұндай күдіктер сейілді. Өйткені мәселенің барын көрсететін дәлелдер пайда болды. Біздің сараптамамызды Берлинде, Лондонда және Вашингтонда үкіметтік деңгейде зерттеді. Біз тұтас Еуро-Атлантика аймағындағы дезинформация мәселе туралы түсінікті өзгерттік. Мәселен, Британия үкіметі бізге алғыс білдірді. Олардың сөзінше, біздің материалдарымыз Сергей және Юлия Скрипальдар оқиғасынан кейінгі ақпараттық саясатты жасауда қатты көмектескен. Жұмысымыз туралы түрлі пікір айтылды, олармен мына жерден таныса аласыз.

EUvsDisinfo әлі күнге дейін жалған ақпарат жөніндегі жүйелі түрде жаңаратын, жалпыға ашық дерек базасы болып отыр. Өз саласындағы бірегей өнім. Ол жерден кез келген адам Сорос туралы жалған ақпарат қай ақпарат көздерінде жарияланғанын, MH17 апаты, Скрипаль мен Навальныйды улау, Сирия туралы қалай өтірік айтқанын көре алады... Бірақ меніңше, бізге мұндай базалардың көбірек болғаны керек. Дәл солай зерттеу объектілерін де көбейткен жөн. Кремль пропагандасымен шектелуге болмайды. Мәселен, Еуроодақта Қытай тарататын жалған ақпаратқа қатысты дәл осындай жұмысты ешкім атқармайды.

Бұл Қытайдан бастау алған коронавирус пандемиясы кезінде көбірек айта бастады. Осы уақыт аралығында жалған ақпарат таратудың қандай жаңа трендтері немесе дереккөздері пайда болды?

Бұл жердегі басты мәселе сол, пандемияның барына күмән келтіріліп отыр, жаңа коронавирустың қайдан пайда болғаны, қаншалық қауіпті екені және қалай емдеуге (немесе емдемеуге) болатыны жөнінде қастандық теориялары таратылып жатыр. Оның мысалын, мына жерден және мына жерден көруге болады.

Қытайдың рөлі қатты өзгерді. Қытай пропагандасы ұзақ уақыт бойы елдің шетелдегі имиджін жақсартумен айналысты. "Көзделген аудиторияға салдары қандай боларын ойланбастан өтірік айту, көзделген аудиторияның қандай жолмен болса да дүрліктіру" секілді кремльдік пропаганда әдістері қытайлықтар үшін бейтаныс болатын. Қазір олай емес. Тіпті бұл жөнінде "Қытай ақпараттық операцияларының орыстануы" деген термин де пайда болды.

Бастапқыда мұндай әдістерді Пекин жергілікті деңгейде қолданды. Мәселен, Гонконгта және Тайваньда. Бірақ пандемия басталғалы Еуро-Атлантика аймағы елдеріне ойысты. Меніңше, бұған Батыстың Ресейден келетін ақпараттық қауіпке жеткілікті деңгейде жауап бере алмауы түрткі болды. Егер қарсыласыңыз белгілі бір сипаттағы агрессияға жауап бере алмайтынын байқасаңыз, ол әдісті неге пайдаланбасқа?

– Еурокомиссияның қазіргі шаралары кері әсер бермей ме? Еуропа сөз бостандығын шектеп жатыр деп айтатындар да табылуы мүмкін ғой. Сол Кремль айналасындағы баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілердегі трольдер бұл тақырыптары одан әрі ойнатуы мүмкін...

Сіздің балама пікіріңіз болуы мүмкін, бірақ балама фактіңіздің болуы мүмкін емес.

– Иә, мұндай қарсылықтардың шығуы әбден мүмкін және оның артындай ешқандай дәлел де болмайды. Бірақ мына нәрсені атап өткім келеді: Еуропалық демократия жөніндегі іс-қимылдар жоспарында жаңа реттеуші механизмдер жоқ. Бұл жерде әңгіме негізінен медиа технология саласындағы зерттеулерді қолдау, Еуроодақ институттарының әрекетін үйлестіруді жақсарту секілді заңнаманы өзгертуді қажет етпейтін шаралар туралы болып отыр. Негізгі жаңалық – ірі ақпараттық платформалар үшін осыған дейінгі "өздігінен реттеудің" орнына "бірлесіп реттеу" принципінің енгізілуі. Мұның өзінде жалған ақпаратпен және дезинформациямен қалай күресетінін әлеуметтік желі әкімшілерінің өзі шешеді. Жалпы алғанда, дезинформациямен күрес журналистиканың ескі ережесімен үйлеседі: "Сіздің балама пікіріңіз болуы мүмкін, бірақ балама фактіңіздің болуы мүмкін емес". Сол себепті бұл жерде сөз бостандығын шектеу туралы айту қисынсыз. Ал дезинформаторлар, мейлі ол ресейлік болсын, мейлі қытайлық болсын, Еуропа туралы өтірік айтуын жалғастыра береді.

Автордың Азаттықтың Орыс қызметінде жарияланған мақаласынан ықшамдалып аударылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG