Accessibility links

Семейде жедел жәрдем қызметкерлері Covid үшін төленетін үстемақы көлеміне наразылық білдірді


 Семей жедел жәрдем орталығының қызметкерлері үстемақының аздығына, жалақы бойынша берешектің барына шағынып тұр. 16 ақпан 2021 жыл.
Семей жедел жәрдем орталығының қызметкерлері үстемақының аздығына, жалақы бойынша берешектің барына шағынып тұр. 16 ақпан 2021 жыл.

Сейсенбі, 16 ақпан күні Семей қаласындағы жедел жәрдем қызметінің отызға жуық көлік жүргізушісі, фельдшері және дәрігері станция ғимаратының алдына жиналып, коронавирусты жұқтыру қаупіне байланысты төленетін үстемақы көлеміне наразылық білдірді. Наразылық орнына Семей қаласы қарайтын Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Думан Берікұлы келді. Таяу жерде полиция көлігі тұрды.

– Басқа қалаларды 425 мың теңгеге дейін үстемақы алады. Ал бізде осы айда ПТР тестінің оң нәтижесі бойынша санай бастады. Егер [төлеуі керек болса] төлесін, біз де сауатты адамбыз ғой. Президенттің қаулысы бар. Өзге қалаларда мөлшеріңді орындасаң, 425 мың теңгеден төлейді, бізде неге сөйтпейді? – дейді жедел жәрдем бригадасының дәрігері Бақытжан Жұмаділова.

Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Марат Ахметбеков бірге істейтін фельдшердің 90 мың теңге, өзінің 14 мың теңге алғанын айтады.

Семейдегі орталық жедел жәрдем подстанциясының меңгерушісі Эльвира Гатауллина қызметкерлердің үстемақы тағайындау туралы бұйрықты дұрыс түсінбегенін айтады.

– 425 мың теңге белгіленген сома емес. Бұл – вирус жұқтырғандармен, олармен байланыста болғандармен жұмыс істеген уақытқа төленетін максимал сома. Сома кімнің қалай жұмыс істегеніне байланысты. Олардың бәрі бірдей алғысы келеді, бұл мүмкін емес. Адамның ашкөздігіне шек жоқ. Ережені біз бекітпейміз. Эпидемиялық жағдай әр облыста әр қалай, – дейді ол.

Станция бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гаухар Мансұрова медқызметкерлерге үстемақының вирус жұқтырған болуы мүмкін адаммен жұмыс істегені үшін емес вирус жұқтырғаны расталған адаммен жұмыс істегені үшін төленетінін айтады.

– Он күн ішінде бүкіл станция бойынша бар-жоғы 80 расталған жағдай болды. Ал жеткізілген "күдікті" [науқастар] саны – 457. Мұнша науқас елде жоқ, түсінсеңіздерші! Сіздерге "күдіктілер" үшін төленбейді. Егер кейінірек Covid екені расталса, шақыртуға төленеді, – дейді ол.

Қызметкерлер бұл ұстаныммен келіспейтінін айтты.

Ал көлік жүргізушілері тағы бір мәселені қозғады. Олардың айтуынша, мекеменің жалақы бойынша берешегі бар. Жүргізушілердің кейбірі бюджеттік мекемеге – жедел медициналық көмек станциясына – өткен жылдың соңында "Комплекс и К" компаниясынан ауысып келген. Компания транспорт қызметін көрсеткен, оған бюджеттен ақша төленген. Желтоқсан айында компания жабылып қалып, 36 қызметкердің жалақысы төленбеген. Енді көлік жүргізушілері жалақыны станциядан талап етіп тұр.

– Біз "Комплекстен" келгендер қарашаның ақшасын әлі алмадық. Мен пандемия кезінде жұмыс істедім, өмірімді тәуекел еттім. Ақшам қайда? Артық нәрсе сұрап тұрғаным жоқ, – дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Марат Ахметбеков.

Гаухар Мансұрова қазір қаржы ахуалының қиын болуына байланысты "қызмет көрсетушімен есептесіп", жалақы бойынша қарызды өтеудің мүмкіндігі жоқ дейді. Оның сөзінше, қазіргі берешек – "шамамен 260 миллион" теңге.

Облыстық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқаратын Думан Берікұлы жедел жәрдем қызметіндегі қаржы ахуалына байланысты ешнәрсе айта алмады, бар болғаны бұл сұрақ "еңбекақы төлеу қорының" құзыретінде деді.

Қызметкерлер жалақысының бірнеше жыл бойы көтерілмей отырғанын, ал мемлекеттік және кәсіби мерекелер кезінде ешқандай премия берілмейтінін айтады. Олар мұндай премия басқа ауруханаларда беріледі дейді.

Осыған дейін Қазақстанның өзге өңірлеріндегі жедел жәрдем қызметкерлері де жалақының көлемі жөнінде наразылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG