Екі күн бұрын Ақордаға барып, "әділетсіз сот шешіміне шағымданған" наразы топ "Қазақстаннан әділдік таппаса, шетелден көмек сұрайтынын" мәлімдеді. 26 ақпанда Нұр-Сұлтанда жиын өткізген наразылар президент әкімшілігінің мәселені қарайтын комиссия құруға уәде бергенін, бірақ одан нәтиже шығатынына күмән келтіретінін жеткізді. Олардың сөзіне қарағанда, комиссия 4 наурыздан бастап жұмысына кірісуі тиіс.
- Бұл жұмысшы топ шындықты анықтай ала ма, жоқ па, тексереміз. Уәде беру бір нәрсе, жұмыс істеу басқа нәрсе. Біздің мәселеміз президентке жетсе екен дейміз. Өйткені барлық мемлекеттік органдарға жазып, әділдік таппадық, - дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны Серік Жарасбаев.
Билікке бағытталған үндеуде олар жоғарғы сот төрағасы мен бас прокурорды отставкаға жіберуді талап еткен. Бұған қоса, өздерінің істерін қарауы тиіс комиссия құрамына сот пен құқықтық реформаға жауапты мәжіліс пен сенат депутаттарын енгізуді сұраған. "Заңсыздық анықталған жағдайда комиссия мүшелері мәселені мұқият зерттеуі тиіс" дейді хат авторлары.
Жұма күнгі жиында олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "сот жүйесін реформалау, заң бұзған судьяларға жауапкершілікті күшейту қажеттігі" туралы айтқандарын еске салып, "президент мырза, мұңымызды естіңіз" деп үндеу тастады. Жиында сот жүйесіндегі әділетсіздіктер, сот тәуелсіздігінің жоқтығы, заңсыз шешімдердің салдары жайлы айтылды. Жиналғандар "бұған дейін әділдік іздеп, барлық мемлекеттік органдарға шағымданғанын, бірақ мардымды жауап ала алмағанын" айтты.
"Қазақстаннан әділдік таппасақ, шетелден көмек сұраймыз" деді жұма күнгі жиынға қатысқан 20 шақты адам.
Нұр-Сұлтанда "заңсыз үкім мен шешімдерге" шағымданып жүрген бұл топтың құрамында 60 шақты адам бар. Олар биліктен өздеріне қатысты түрлі мәселелер бойынша (жер, баспана дауы, тергеу органдарының әрекеті т.б) шыққан сот үкімдерінің қайта қаралуын талап етіп отыр. 24 ақпанда бастапқыда қабылдамай, кешке қарай оларды қабылдауына кіргізген президент көмекшісі Тамара Дүйсенова "жұмыс тобы құрылатынын, оның құрамына наразылардың бірі енгізілетінін" айтқан.
Дегенмен комиссияның мәселені қалай қарайтыны әзірге белгісіз.
Жұма күні Азаттық тілшісі Тамара Дүйсенова мен президент әкімшілігі өкілдеріне хабарласуға тырысқанмен жауап ала алмады.
ПІКІРЛЕР