Accessibility links

Алматыда көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар билікке талап айтып, әкімдікке келді


Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуді талап еткен аналар ішке енуге тырысып еді, оларды турникеттен өткізбеді. 5 наурыз 2021 жыл.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуді талап еткен аналар ішке енуге тырысып еді, оларды турникеттен өткізбеді. 5 наурыз 2021 жыл.

Әйелдер мерекесі қарсаңында Алматыда жұма күні көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған оннан астам әйел әкімдікке барып, баспана мәселесін шешуді талап етті. Олар ұзақ жылдардан бері баспана кезегінде тұрғанын, кезектің өте баяу жылжып жатқанын айтып шағымданды.

- 2018 жылдан бері әкімдік табалдырығын тоздырып келеміз. Бірақ кезегіміз де жылжыған жоқ, мәселеміз де шешілген жоқ. Сағынтаевтың өзіне де хат жібердік. Әкім хаттағы талапты орындамақ түгілі жауап та жазған жоқ, - деді Балжан Жұмағұлова есімді көп балалы ана.

Жиналғандар қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шығуын талап етіп, "Сағынтаев, шық!" деп айқайлады. Наразы топ баспана кезегінде тұрған мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар мен көп балалы отбасыларды бөлек-бөлек кезекке қоюды да сұрады.

Әйелдер баспанадан бөлек, мүгедек балаларға мемлекет тарабынан қамқорлықтың аздығы, мүгедек статусын алудағы құжат қиындықтары сияқты түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Әкімдіктен наразылар алдына әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Нәзира Тоғызбаева және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров шығып, сұрақтарға жауап берді.

Әкімдік өкілдерінің сөзіне қарағанда, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар мен көп балалы аналарға баспана бойынша жеке тізім құрастыру заңда қарастырылмаған. Бірақ әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топ өкілдеріне арналған жеке бағдарламалар бар.

- Мысалы, "Шаңырақ" бағдарламасы былтырдан бері жұмыс істеп тұр. Ол бойынша кезекте тұрған мың шақты адамға үй бердік, - деді Ермек Әміров. Ол "баспана кезегін egov арқылы көруге болады, бәрі ашық" деді.

Дәл осыған ұқсас талаптарды Нұр-Сұлтанда жергілікті аналар билікке қойып отыр. Астанада мүгедек бала тәрбиелеп отырған оннан астам ана мен бірнеше көп балалы әйелдің әкімдікте қонып жүргеніне алды - 11 күн, соңы 5 күн болды. Көп балалы аналар биліктен 2019 жылы жарты жыл әр балаға төленіп келген 21 мыңдық жәрдемақыны қайтаруды, баспана мәселесін шешуді талап етеді.

Осы апта басында 32 талап жазылған хатты мүгедек баласы бар аналар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне тапсырған. Ол 15 сәуірде жауап беретінін айтқан. Әйелдер "талаптары орындалмайынша, әкімдіктен кетпейтінін" айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG