2017 жылы Сирияда өлтірілген Мұхаммед Э. есімді жергілікті тұрғынның бауыры Ресей тергеу комитетіне шағым түсіріп, "Вагнер" әскери тобының жалдамалы қызметкерлері үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етті. Бұл туралы шағым түсірушінің адвокатына сүйенген "Новая газета" басылымы жазды.
"Ресей заңы Ресей азаматтарының шетелде жүріп жасаған қылмыстарын тергеуді міндеттейді. Бірақ тергеу комитеті әлі күнге дейін адам өліміне қатысты тергеу бастамады. Ресей билігіне бір жылдан астам уақыт бұрын ресми түрде қажет ақпараттың бәрі тапсырылған" деді қаза болған адамның туысының адвокаты Илья Новиков.
Марқұмның бауыры "азаптап өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуы тиіс деп санайды. Ол сонымен бірге "Вагнер" жалдамалы қызметкерлерінің әскери қылмыстарға қатысы барын да тексеруді талап еткен.
2020 жылы қараша айында "Новая газета" басылымы Ресей тергеу комитетінің басшысына оқиғаны тексеру туралы өтініш жасаған. Бірақ комитет жауап бермеген. Өтініште "Вагнер тобының" қылмысқа қатысы барын дәлелдейтін айғақтар көрсетілген.
2019 жылы "Новая газета" басылымы ресейлік жалдамалылардың Сирия тұрғынын азаптау мен өлтіруге қатысы бары туралы мақала басқан. Редакция қылмысқа қатысы бар делінген 30 жастағы Станислава Дычко есімді адамды да анықтаған.
"Новая газета" жариялаған видеожазбада орысша сөйлейтін униформа киген бірнеше адамның тұрғынды азаптап өлтіріп, денесін іліп қойып, өртегені көрінеді. Видеода олардың мазақтап, күлгені де естіледі.
Араб басылымдарының хабарлауынша, азаптап өлтірілген Сирия азаматының аты-жөні – Мұхаммед Таха Исмаил әл–Абдулла. Сирия үкіметі әскерінің құрамында болған Абдулла ол жақтан қашып кетуге тырысқанмен ұсталған. Оны Сирияның Хомс провинциясында Шаир кеніші аумағында 2017 жылы өлтірген деп айтылады.
"Вагнер тобы"– ресейлік бейресми әскери бөлім. Ол Ресей әскери ведомстволары мен заңды тұлғалар реестрінде тіркелмеген. Бірақ журналистік зерттеу мәліметінше, ұйымның жалдамалылары Сирия мен Украина шығысындағы әскери операцияларға қатысқан. Вагнерліктер сонымен бірге кейбір Африка елдерінің мемлекеттік және өнеркәсіптік нысандарын күзетіп, жергілікті әскерилерді дайындауға атсалысқан.
Оның демеушісі Владимир Путин айналасында жүрген кәсіпкер Евгений Пригожин деп айтылады.
ПІКІРЛЕР