Токиодағы жазға белгіленген Олимпиада ойындары коронавирус індетіне байланысты шетел жанкүйерлерінсіз өтеді. Індет салдарынан жарыстың өзі бір жылға шегерілген еді. Төрт жыл сайын келетін спорт ойындары 2020 жылы шілде-тамыз айларыда өтуі керек болған. Олимпиада және Параолимпиада ойындарына билет алып үлгерген халықаралық жанкүйерлерге билет құны қайтарылады. Мұндай жанкүйерлердің саны – 900 мың. Қонақүйге бронь қою секілді қосалқы шығындар өтелмейді.
Сондай-ақ шетелдік еріктілер қызметінен бас тарту және қатысушы елдер делегациясының санын қысқарту жөнінде шешім қабылданды. Ұйымдастырушылар бұл шараға амалсыздан барып отырғанын, атлеттер мен Жапония халқының денсаулығына басымдық беретінін айтады. Осыған дейін Жапония үкіметі шетелдік көрермендердің болуына қарсы екенін білдірген. Қазір эпидемияға байланысты елге кіру талаптары күшейтілген.
Індет басталғалы Жапонияда коронавирус 450 мың адамнан анықталған. Оның 8 мыңнан астамы қайтыс болған. Коронавируспен тіркелген науқастар саны жан басына шаққанда Батыс елдерінің көбіне қарағанда төмен. Елде шектеу шаралары қабылданған, бірақ қатаң карантин туралы сөз болып отырған жоқ.
ПІКІРЛЕР