Аргентина денсаулық сақтау министрлігі вакцина қауіпсіздігі жайлы есебінде коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын пайдаланғаннан кейін екі адамда тромбоциттер азайып, соның салдарынан қансырау жағдайы тіркелгенін жазды.
Құжатқа 1,5 млн доза егу кезінде байқалған вакцинаның жанама әсері жайлы мәліметтер енген. 0,008 пайызында вакцинаның қауіпті жанама әсері тіркелген.
Жалпы елде "Спутник V" егілгеннен кейін 23 804 жағдайда жанама әсер байқалған(яғни, 100 мың дозаға шаққанда 1640 жағдайдан келеді). Жиі кездесетіндері арасында: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, тұмауға ұқсас белгілер, укол салынған жердің ісуі сияқты белгілер бар. Екпе 362 жағдайда жеңіл және орташа дәрежедегі аллергиялық реакция берген.
Статистикаға сәйкес, "Спутник V"-пен байланысты сирек кездесетін жеті жағдай тіркелген: жоғарыда айтылған тромбоцитопениядан бөлек, анафилаксияның бес жағдайы (қауіпті аллергиялық реакция) анықталған.
- Сәуір айының басында Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі британ/швед компаниялары бірлесіп өндірген AstraZeneca екпесі егілген кейбір адамдардың ағзасында тромбоздардың пайда болуы екпемен байланысты екенін растаған. Бірақ мамандар препараттың пайдасы ықтимал қаупінен әлдеқайда мол екенін айтады.
- Бұған дейін америкалық Johnson & Johnson корпорациясы әзірлеген коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты да осыған ұқсас ақпарат тараған.
- Росздравнадзор басшысы Алла Самойлова бұған дейін "Спутник V" егілгендер арасында бірде-бір тромбоз анықталмады деп мәлімдеген. Ресей денсаулық сақтау министрлігі препаратты салғаннан кейін туындайтын жанама әсер жайлы статистика жарияламады.
- Қазақстан да коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын пайдаланып жатыр. 15 сәуірде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі "Спутник V" егілген 16 адамнан коронавирус анықталғанын хабарлаған. Kursiv басылымының жазуынша, министрліктің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті науқастардың ауруы жеңіл жағдайда өтіп жатқанын хабарлаған. Комитет өкілдері коронавирусқа қарсы иммунитет вакцинаның алғашқы дозасы егілгеннен кейін алты апта аралығында қалыптасатынын айтқан.
ПІКІРЛЕР