5 мамырда парламенттің төменгі палатасы жер қатынастары туралы заң жобасына сенат енгізген түзетулерді мақұлдады. Өткен аптада сенат жобаның қоғамда дау туғызған тұстарына түзету енгізуді, атап айтқанда, шетелдіктерге орман өсіру үшін жер бермеуді ұсынып, мәжіліске қайтарған.
Сәрсенбі күні мәжіліс депутаттары бірнеше минуттың ішінде аталған түзетулерді қабылдады. Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің хатшысы, депутат Берік Серікұлы "сенат ұсынған түзетулер" шетелдік жер пайдаланушылар мен шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға жер бермеуді көздейтін заң жобасының "мәжіліс мақұлдаған заң тұжырымдамасын бұзбайды және оның мазмұнын нашарлатпайды, осыған орай комитет сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулармен келісуді ұсынады " деді. Депутаттардың барлығы жобаны қолдады.
Құжат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" деп аталады.
Ақпаратқа қарағанда, заң жобасы енді президентке қол қоюға жіберіледі. Сәрсенбі күні мәжілісте бұған қатысты ешнәрсе айтылмады.
Бұған дейін белсенділер аталған заң жобасы шетелдіктерге орман өсіру үшін 25 жылға жалға жер алуға мүмкіндік береді деп мәлімдеп, жобаны тоқтатуды талап еткен. Кейбір белсенділер бұл заң жобасының орнына "Жерді күту мен сақтау" туралы жоба әзірленуі тиіс деген. 24 сәуірде Алматыда өткен жер митингісінде белсенділер "заң жобасы қабылданса, орталық алаңда шатыр құрып, аштық жариялайтындықтарын" айтқан.
4 мамырда тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай Facebook-та "Жер шетелдіктерге жалға берілмейді әрі сатылмайды" деген бапты заңға енгізбейінше, күрес тоқтамайды деп мәлімдеді.
2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
Сәуірдің соңында осы мораторий мерзімінің тағы бес жылға ұзартылатыны белгілі болып, Жер кодексі нормаларын талқылау үшін құрылған жер комиссиясы таратылған еді. Комиссияның кейбір мүшелері "билік пен ірі жер иеленушілер қалай болғанда да жерді сатуды көздеп отыр, мораторий ұзартылып, жер сату бес жылға кейінге қалды" деп мәлімдеген.
Қарай отырыңыз: Сенат жер туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды. Неге? (29 сәуір 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР