Accessibility links

Қытайға "цифрлық тәуелділік" және Ресейдің "кешіккен" жауабы


Пекиндегі метро станциясында бақылау камерасының қасынан өтіп бара жатқан жолаушылар. Қытай. 7 сәуір, 2020 жыл.
Пекиндегі метро станциясында бақылау камерасының қасынан өтіп бара жатқан жолаушылар. Қытай. 7 сәуір, 2020 жыл.

Бұл аптада сарапшылар Қытайдың Қазақстанды "цифрлық тұрғыда" жаулап жатқанын айтты және АҚШ әскері Ауғанстаннан кеткен соң Орталық Азиядағы "бос кеңістікке" Мәскеу мен Пекин ұмтылады деген болжам жасады. Бұған қоса шетел ғалымдары Мәскеудің Қазақстанға қатысты саясаты құбылмалы деген тұжырым жасады және Шыңжаңда қудаланғандардың дерекқорын жасаған зерттеушінің қысым көріп жатқанына назар аударды.

ШЫҢЖАҢДА ҚУДАЛАНҒАН 14 МЫҢ АДАМНЫҢ ДЕРЕКҚОРЫ

Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалған қысым туралы ашық мәлімет таратқан тағы бір зерттеушіге қарсы науқан бастаған сыңайлы. Cайтын жауып тастап, қысым жасаудан бөлек, Пекин мұндай зерттеушілерге қарсы пропаганда әдісін де жиі пайдаланады. Сондай ақпараттық шабуылға тап болғандардың бірі – тегі орыс, америкалық зерттеуші Джин (Евгений) Буниннің "Шыңжаң құрбандарының дерекқоры" (Xinjiang Victims Database) жобасы. Eurasianet сайтының жазуынша, бұл жоба Қытайды "ашуландырғаны" сондай, ашылғанына бірнеше ай болмастан, Пекин сайтты бұғаттап тастаған.

Шыңжаңда "қамауда отырған" туыстарына сұрау салып, Қытай консулдығы алдында пикетте тұрған қазақтар. Наразылықтың 19-күні. Алматы, 26 ақпан 2021 жыл.
Шыңжаңда "қамауда отырған" туыстарына сұрау салып, Қытай консулдығы алдында пикетте тұрған қазақтар. Наразылықтың 19-күні. Алматы, 26 ақпан 2021 жыл.

Қытайдың мұсылманы басым Шыңжаң аймағында қысымға ұшырап, тұтқындалған не жоғалып кеткен 14 мыңнан астам адамның нақты дерегін жинаған бұл сайтты ресми Пекин "жалған ақпарат таратты" деп сынап, Буниннің өзін қыспаққа алуға көшкен.

Дерекқорда 2400-ге жуық қазақтың мәліметі бар, оның көбінде туыстарының куәлік берген видеожазбасы қоса тіркелген.

"Қытай Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге қатысты халықаралық сынға тойтарыс беруге жанталаса тырысып жатыр. Құқық қорғаушылар мен зерттеушілердің есебі бойынша, онда миллионнан астам адам қамалып шыққан не қазір түрмеде отыр, кейбірі мәжбүрлеп жұмысқа жегілген" деп жазады Eurasianet.

"Батыс елдері арасында Қытайдың бұл саясатын геноцид деп атайтындар көбейіп келеді" деп жазады автор.

Бұрындары Шыңжаңның Қашқар қаласында тұрған, ұйғыр және қытай тілдерін білетін Бунин бұл дерекқорды Алматыда жинап бастаған. Бірақ кейін "лидерлері [Қытай төрағасы] Си Цзиньпинге жағыну үшін бәсекеге түсетін Орталық Азия да оған жаушыл аймаққа айналған". Буниннің Өзбекстанға кіруіне тыйым салынды, Қырғызстанның қауіпсіздік қызметімен қатысы бар басылым оны қаралап мақала жазды, ал "Шыңжаңға байланысты белсенділерді қуғындауды үдеткен" Қазақстан визасының күшін жойды.

8 сәуірде Шыңжаң тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында осы аймақтың ресми өкілі Сюй Гуйсян бұл шетелдік дерекқордағы 1 300 адамның "ойдан шығарылғанын", онда айтылған 7 мыңнан астам адамның "қалыпты өмір сүріп жатқанын", ал 238 кісінің "аурудан не басқа себептен қайтыс болғанын" айтты. Оның айтуынша, Шыңжаңда "жапа шекті" делінген 3 мыңға жуық адам – "террорлық әрекеті не басқа қылмысы үшін жазаға тартылғандар".

Джин (Евгений) Бунин. Алматы, 10 қыркүйек, 2019 жыл
Джин (Евгений) Бунин. Алматы, 10 қыркүйек, 2019 жыл

Ал қытайлық Global Times басылымы бұл дерекқорды "таза саяси маневр мақсатында Қытайға қарсы зерттеу орталығы қолдан жасаған" жоба деп атаса, Буниннің өзін "Америка мен Австралияның қаржылай демеуіне, сепаратистердің қолдауына сүйеніп отыр" деп кінәлаған.

Джин Буниннің айтуынша, басында жобаны жүргізуде қаржылық қиындық болған, бірақ Facebook арқылы жүргізілген краудфаундинг арқасында сайтты ұстап тұруға ай сайын қажет 5 мың доллар жиналып отыр. Оның айтуынша, жоба ешқандай мемлекеттен не институттан қаржы алмайды, түсетін ақшаның көбі – 10-100 доллар арасындағы жай адамдар жіберетін қаржы.

Қытай өкілінінің мәлімдемесі "бізді жігерлендіре түседі, себебі бұл әрбір деректің, біз жасаған әрбір жұмыстың мәні бар екенін аңғартады" дейді Бунин.

Оның айтуынша, өзі немесе қытай, ұйғыр, қазақ тілдерін білетін аудармашылары дерекқордағы мәліметті "мұқият әрі уақтылы жаңартып отырады".

Дерекқордағы 6 мыңға жуық адамның дерегі Қытай санкция салған батыс ғалымы Адриан Зенцтің құпия ресми құжаттардан алған мәліметімен расталған. 500 адамның дерегі Шыңжаңның Қарақаш ауданының қолға түскен құжаттарынан алынған.

Дерекқорда 2400-ге жуық қазақтың мәліметі бар, оның көбінде туыстарының куәлік берген видеожазбасы қоса тіркелген. Буниннің айтуынша, бұл деректі жинауға "Шыңжаңдағы адам құқықтары мәселелерін жариялауға өлшеусіз үлес қосып жүрген" қазақстандық "Атажұрт [еріктілері]" ұйымы көмектескен.

"ЕГЕМЕНДІККЕ ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ"

Америкалық Jamestown қоры Орталық Азияның цифрлық кеңістігіне Қытайдың қалай кіріп жатқаны туралы зерттеу мақаласының Қазақстанға қатысты екінші бөлімін жариялады. Автордың айтуынша, Қазақстан барған сайын Қытайға "цифрлық тұрғыда тәуелді" болып барады, ал бұл сайып келгенде "оның егемендігіне қатер төндіруі мүмкін".

Автор Сергей Суханиннің тұжырымы бойынша, "кәсіби қытайтанушы" Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келген 2019 жылдан бері Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасы "жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген", ал "цифрлық технология саласындағы әріптестік екіжақты байланысты нығайтудың жаңа құралына айналған".

"Қытай цифрлық экономика, электрондық коммерция және жасанды интеллект салаларында ынтымақтасу арқылы жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті болуға ұмтылатын ішкі компанияларын жылдам дамып жатқан нарыққа шығарып, Қытайдың жалпы Орталық Азияға ықпалын күшейтуді көздейді" дейді автор.

Қытайдың мемлекеттік Hikvision компаниясы әзірлеген камера адамның бет-жүзін танып, ол туралы барлық мәліметті әп-сәтте бере алады.
Қытайдың мемлекеттік Hikvision компаниясы әзірлеген камера адамның бет-жүзін танып, ол туралы барлық мәліметті әп-сәтте бере алады.

Ал "ресурсқа қатты тәуелді" Қазақстанға экономиканы дамыту үшін Қытайдың "арзан" технологиясына қол жеткізу маңызды. "Үкіметтің барған сайын онлайнға көшіп жатқан халықты бақылап, қадағалау мүмкіндігін жақсарту ұмтылысы киберқауіпсіздікті күшейту деген ауқымдырақ міндетпен де қабысып жатыр. 2015 және 2019 жылдары интернет трафигін сүзу және бақылау талпынысы іске аспай қалған" деген автор Қазақстан билігінің Нұр-Cұлтан тұрғындарына шетелдік интернет қызметін алу үшін цифрлық сертификат орнатуды міндеттеуге тырысқанын еске салады.

Қытайдың өз технологиясын Қазақстанға экспорттауының артында көп жасырын мүдде, соның ішінде Қазақстан азаматтарының жеке мәліметтерін жинау ниеті тұруы мүмкін

"Сергек" бейнебақылау жүйелерінің басты тасымалдаушысы – Қытайдың Zhejiang Dahua Technology компаниясымен серіктес Korkem Telecom. 2019 жылғы Қытайға сапарында Тоқаев арнайы барған Hikvision-ның тікелей сату кеңсесі Қазақстанда 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Сол сапарында Қазақстан басшысы Қытайдың әсіресе адамның бет-жүзін тану, биометрикалық және медициналық мәліметтерді қолдану, жұмыс істеген жері мен несие тарихы туралы дерек жинау салаларында ілгері кеткеніне ерекше тоқталған. "Жүйелі түрде жинап, сақтап отырса, бұл үкіметтің өз азаматтарының басқан ізін аңдуына мүмкіндік береді" дейді автор.

"Азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар отандық технология саласында Қытай ықпалының артуына және Қазақстан билігінің киберқауіпсіздік пен жаппай аңдуға басымдық беріп отырғанына алаңдайды" деп жазады Jamestown. ІТ-сарапшы Рымбек Ізғалидің айтуынша, бақылау камераларын көптеп орнатуды көздейтін Smart City сияқты жобалар "қауіпсіздікті арттыруға емес, көбіне (ықтимал) наразыларды аңдуға бағытталған".

"Тәуелсіз сыншылардың айтуынша, Қытайдың өз технологиясын Қазақстанға экспорттауының артында көп жасырын мүдде, соның ішінде Қазақстан азаматтарының жеке мәліметтерін жинау ниеті тұруы мүмкін. Мәселен, Қазақстанның телекоммуникация желісін бұзу әрекеті артында Қытайдың ұйғыр туристерінің Орталық Азиядағы жүріп-тұруы туралы мәлімет жинау ниеті жатыр деген пікір айтылған". Сарапшылардың айтуынша, 2019 жылы Қытайға қарсы наразылық акцияларынан кейін Пекиннің Қазақстанның ішіндегі жағдайға қызығушылығы күрт артқан. Шыңжаң қазақтарының тарихи отаны болғандықтан да олар Қазақстанға көбірек бақылау орнатуға тырысады дейді сарапшылар.

Қытай технологиясына, соның ішінде бақылаудың озық жүйелеріне иек арту арқылы Қазақстан Қытайға тәуелді бола түседі.

"Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнату үшін бір ғана құралға сеніп отыру дұрыс емес екенін Пекин жақсы түсінеді, сондықтан ол түрлі саяси, әлеуметтік және экономикалық тетіктерді аралас қолданатын кешенді әдіске жүгініп отыр" дейді автор.

"Қытай технологиясына, соның ішінде бақылаудың озық жүйелеріне иек арту арқылы Қазақстан Қытайға тәуелді бола түседі" деген автор "бұл цифрлық тәуелділіктің ұзаққа созылатын салдары болуы мүмкін" екенін ескертеді.

"Біріншіден, Қытайдың технологиялық үстемдігі елдің киберқауіпсіздік заңдарының іс жүзінде Қытай мүдделеріне бағынуына әкелуі мүмкін. Екіншіден, технология мен қорғаныстың арасында тығыз байланыс барын ескерсек, Қытай аймақтағы қауіпсіздікке ықпалын да арттыра түспек. Үшіншіден, Қытай жергілікті тұрғындар туралы егжей-тегжейлі мәліметке тікелей қол жеткізеді, сонымен бірге Пекин жасанды интеллект сияқты датаға негізделген технологиясын ілгерілетіп, Орталық Азия мемлекеттерінің егемендігіне қатер төндіруі мүмкін" деп қорытады зерттеуші.

"АҚШ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ВАКУУМЫН ТОЛТЫРУЫ ТИІС"

АҚШ әскері кеткен соң Ауғанстанда үкімет пен Талибан арасында тартыс күшейіп, бұл "бүкіл Орталық Азия аумағында қауіпсіздік вакуумын қалыптастыруы" ықтимал, соның салдарынан аймаққа Мәскеу мен Пекин үстемдік жүргізуге ұмтылуы мүмкін. Jamestown қорының аға ғылыми қызметкері Януш Бугайски америкалық The Hill басылымында жарық көрген мақаласында осындай болжам айтты. Мұндай қауіпті сейілту үшін "Вашингтон Орталық Азия мемлекеттерінің бейбітшілік орнату әлеуетін арттырып, экономиканы және аймақтық интеграцияны дамыту мақсатында олармен саяси-экономикалық байланысты нығайтуы керек".

Мәскеудің басты мақсаты – Орталық Азияны өзінің ықпал ету аймағы етіп қалдыру және Батысты алыс қашықтықта ұстау,

Автордың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан Ауғанстанның басты экономикалық серіктесіне айнала алады. Өзбекстан ол елге электр энергиясын көбірек берсе, оның өнім өндіру, жұмыс орындарын ашу әлеуеті арта түседі. Мемлекеттік департаменттің С5+1 жобасы аясында АҚШ аймаққа "үлкен қолдау көрсете алады", ол үшін бұл аймақтық жобаға Ауғанстан "міндетті түрде кіруі керек".

Оның үстіне, АҚШ "тауарлар еркін тасымалдануы" және "адам саудасы мен заңсыз тауар айналымына тосқауыл қойылуы" ісінде ерекше рөл ойнауы керек. "Тұрақты Ауғанстан Оңтүстік Азияның ауқымды нарығы мен Орталық Азия арасындағы маңызды көпір бола алады" дейді Бугайски.

"Мәскеудің басты мақсаты – Орталық Азияны өзінің ықпал ету аймағы етіп қалдыру және Батысты алыс қашықтықта ұстау. Ол аймақтық гегемон рөлін сақтау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын және Орталық Азияны Еуропамен жалғайтын мұнай-газ құбырларын пайдаланып отыр. Ресейдің бұл тәсілі тәуелсіздігін қастерлейтін және Батыспен байланысын сақтағысы келетін елдердің шамына тиеді" дейді автор.

"Қытай инвестициясына есігі ашық болғанымен, ешбір ел қарыз тұзағына түсіп, әскери келісімдер жасауға немесе Пекиннің стратегиялық мақсаттарына байлануға құлықты емес" деп жазады The Hill.

БЕС АЙ КЕШІККЕН МӘЛІМДЕМЕ

Америкалық Diplomat басылымы Қазақстанның егемендігіне, жерінің тұтастығына қатысты мәлімдемелер жасаған Ресей депутаттарының пікіріне ресми Мәскеудің бес айдан соң жауап бергеніне назар аударады. Автордың айтуынша, Ресейдің бұл пікірлерге мұнша кешігіп жауап беруі Кремльдің "Қазақстанға және онда тұратын орыстарға қатысты ұстанымы нақты да бірізді емес" екенін көрсетеді.

2020 жылдың соңында Ресей парламентінің төменгі палатасы – мемлекеттік дума депутаты, ондағы білім және ғылым комитетінің басшысы, биліктегі "Единая Россия" партиясының мүшесі Вячеслав Никонов Қазақстанның солтүстігі тарихи және құқықтық тұрғыда оған тиесілі емес деген даулы мәлімдеме жасаған. Кейін бұл пікірді басқа да саясаткерлер қолдап, Қазақстаннан "жерді қайтаруды" сұраған. Қазақстандағы саяси партиялар, қоғам белсенділері және жалпы халық бұған қатты наразылық білдіріп, Мәскеудің "ресми түрде кешірім сұрауын" талап еткен. Алайда, содан бері Кремльде бұған қатысты ешқандай реакция болмады.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді. Нұр-Сұлтан, 8 сәуір, 2021 жыл
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді. Нұр-Сұлтан, 8 сәуір, 2021 жыл

"Никоновтың биліктегі позициясын және Ресей басшылығына жақындығын ескерсек, бұл талаптарды маңызсыз әрі орынсыз дей алмаймыз" деген автор мұнда екі факторға ерекше назар аударады. Біріншісі – Қазақстан халқының көпұлттылығы және олардың 18,9 пайызы орыстар екендігі. Екіншісі – Ресейдің постсоветтік елдерге қатысты сыртқы саясаты және бұған дейінгі қадамдары. Автор Мәскеудің Грузия мен Украинадағы "әскери құйтырқы әрекеттерін", Ресей президенті Владимир Путиннің 2020 жылғы маусымда шыққан фильмде "постсоветтік республикаларға сыйға берілген жерлер" туралы айтқанын еске салады.

Қазақстанға сапарында журналист сұрағына жауап берген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров арандатушы мәлімдеме жасаған дума депутаттарын "сенсация қуу арқылы карьера жасап жүргендер" деп сипаттады. Ол "Ресей Федерациясының Қазақстанға қатысты саясатын анықтайтын адамдар ешқашан мұндай мәлімдеме жасаған емес, жасамайды да" деді.

Ресей Қазақстандағы орыс қауымының реакциясын бақылап, "олар қармаққа түсіп қалар ма екен?" деп күткен болуы мүмкін.

"Осы комментарий маңызды болғаны сондай, бұл видеоны Ресей сыртқы істер министрлігінің YouTube-тегі ресми арнасы жариялады" деп жазады автор.

"Былтыр желтоқсанда айтылған мәлімдемелерге қатысты Қазақстанның қарсылығына Ресей ұзақ ойланып жауап қатты, осыған байланысты [Мәскеу] неге бұл мәселені дәл қазір қарастырып, оған назар аудартып отыр деген сұрақ туады. Ресей Қазақстандағы орыс қауымының реакциясын бақылап, "олар қармаққа түсіп қалар ма екен?" деп күткен болуы мүмкін. Немесе Мәскеу АҚШ-пен, Украинамен және Түркиямен жақында болған кикілжіңдерге байланысты шегіне тұрған жөн деп шешкен шығар. Мотиві қандай болса да, әйтеуір Ресейдің Қазақстанға және ондағы орыс қауымына қатысты ұстанымы тұрақты әрі бірізді еместігі анық. Бұдан әрі не күтуге болатынын болжаудың өзі қиын" деп тұжырым жасайды Diplomat.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG