Accessibility links

Жәмила Маричева: Әлеуметтік желіде "Рухани жаңғыруды" ешкім оқымайды


Жәмила Маричева – журналист, PROTENGE паблигі редакторы. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.
Жәмила Маричева – журналист, PROTENGE паблигі редакторы. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.

Журналист Жәмила Маричева Азаттыққа берген сұхбатында Instagram желісіндегі PROTENGE жобасы мемлекеттік сатып алуға жауапты шенеуніктердің мазасын қашыратыны туралы айтты.

PROTENGE – Жәмила Маричева мен оның командасы жүргізетін instagram-парақша. Онда тендер және мемлекеттік сатып алу туралы зерттеулер жарияланады. Парақшаның ұраны – "Өз ақшаңыздың қайда жұмсалып жатқанын бізбен бірге бақылаңыз".

"Диалогтар" – Азаттықтың қазіргі заманғы журналистика туралы жобасы. Бұл – журналистердің мамандықтың қыр-сыры, ақпарат құралының билікпен және қоғаммен қарым-қатынасы, жұмыстағы қиындықтар мен елдегі әлеуметтік-саяси оқиғалар туралы сұхбаттар сериясы.

ӘКІМДІ "СЫНАЙТЫН" ЖУРНАЛИСТЕР, МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫС ЖӘНЕ ӨЛМЕСТІҢ КҮНІН КЕШКЕН БАҚ

Азаттық: Павлодарда туып-өстіңіз, журналистік қызметті сонда бастап, көп жыл жұмыс істеген қаладан неге кеттіңіз?

Жәмила Маричева: Мүмкін, Павлодарда жұмыс істегім келетін ақпарат құралы қалмағандықтан шығар. Ол жақта байқап көруге болатын жобаның бәрінде бақ сынап көрдім. Редактор да болдым, баспасөз қызметінің де жұмысына араластым. Павлодарда жолым болды деп есептеймін, өйткені бірыңғай жекеменшік ақпарат құралдарында еңбек еттім. Материалды жариялауға әкімдік келісімін алу деген ешқашан болған емес. Өте жақсы редакторлардың қолында істедім. Бұл дұрыс бағыттағы журналистика еді. Павлодарда атқарушы органдарды сынау – өмір салты іспетті. Біздің кезіміздегі журналистер әкімдерді қатты "сынайтын", басқа қалаларда мұндай үрдіс байқала бермейді.

Азаттық: Сізге шенеуніктердің қысым көрсетуге тырысқан кезі болды ма? Мысалы, мемлекеттік тапсырыс арқылы.

Жәмила Маричева: Сегіз жыл бұрын павлодарлық редактордың түсінігіндегі мемлекеттік тапсырыс қандай еді? Ол кезде газеттің екінші жолағында әкімнің халықты наурызбен құттықтау сөзі, ал үшінші жолағында қала басшысының жұмысындағы басқа бір аспекті туралы көлемді мақала шығатын. Қала әкімдігі жекеменшік газетке мемлекеттік тапсырыс берсе де, бұл басылымға әкімді сынауға болмайды дегенді білдірмейтін.

Жәмила Маричева – журналист, PROTENGE паблигі редакторы. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.
Жәмила Маричева – журналист, PROTENGE паблигі редакторы. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.

Азаттық: Бұл жердегі мәселе редакторлардың жаңа жағдайға тез бейімделетін, келісімге келуге дайын тұратын қасиетінде болса керек?

Жәмила Маричева: Иә, бұл жерде бәрі жекелеген редакторларға байланысты. Мен қазақстандық медиада болған жағдайға редакторлар жауапты деп есептеймін. Белгілі бір медианың жақсы немесе жаман жаққа қарай өзгергенін көрсеңіз, бұған редактор жауапты, өйткені үнемі соңғы сөз айту құқығы соның еншісінде.

Азаттық: "Өңірлік журналистиканы мемлекеттік тапсырыс өлтірді" деген тұжырым дұрыс па?

Жәмила Маричева: Сіз айтқан тұжырымның дұрыстығына 150 пайыз сенемін. Бұл әсіресе, жарнама нарығы жойылғаннан кейін сезіле бастады: бұрын өңірлік басылымның бірінші бетінде екі-үш банктің жарнамасы болатын, қазір олар жоқ. Олардан қалған бос орынға мемлекет келді. Мұндай жағдайда классикалық медианың жұмысын жалғастыру өте қиын. Олар әлеуметтік желіге көшіп, сол жақта ақша табуды үйренуі керек еді. Бірақ көп ақпарат құралы жаңа жағдайға бейімделе алмады. Мәселе олардың үлгермегенінде емес, мемлекеттік тапсырыс өңірлік ақпарат құралдарына мұндай мүмкіндік бермеді. Мемлекеттік тапсырыс болмаса, медиа өкілдерінде таңдау мүмкіндігі қалмас еді. Олар не жаңа жағдайға бейімделер еді, не жабылып қалар еді. Мемлекеттік тапсырыс олардың өлместің күнін кешіп отырған тіршілігін жалғастыруға көмектесті, бірақ іс жүзінде бұрынғы ақпарат құралдарынан ештеңе қалған жоқ. Әрине, осы тұста өңірлік ақпарат құралдары жергілікті, шағын мәселелерді шешетінін, оларға халық көмек сұрап баратынын атап өткен жөн.

Азаттық: Сонда олар қандай мәселелерді шешеді? Пәтер иелерінің кооперативі мен әжелер, подъездің жанындағы қоқыс, ағаш кесіп, қайта отырғызбау сияқты мәселелерді айтасыз ба?

Жәмила Маричева: Иә, сондай мәселелер. Оқуға қызық эксклюзив материалдар өте сирек кездеседі. Медиаға белгілі бір материалға деген кәсіби қызғаныш сезімінің пайда болуына қарап баға беремін. Бұл, әрине, субъективті баға болады, сондықтан алдын-ала кешірім сұраймын.

"ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ САЛМАҚТЫ НӘРСЕ ЕМЕС" ДЕГЕН СТЕРЕОТИП БОЛДЫ"

Азаттық: PROTENGE жобасын құру идеясы қалай келді? Неге Instagram желісін таңдадыңыз?

Жәмила Маричева: HOLA News [интернет-басылымының редакциясынан] кеткен кезде "Ары қарай не істеймін?" деген мәселе туды. Қазақстанда журналистер жұмысын ауыстырған кезде көбіне осындай жағдайға тап болады. Маған өте қиын болды. Мамандығымды жақсы көремін, бұл саланы таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Қуанышқа орай, мамандығым да мені жақсы көреді. Бірге жұмыс істеп көруге болатын ақпарат құралдарының тізімін жасадым. Тізімге қарап, көңіл-күйім түсіп кетті. Өйткені әр медианың өз мінезі барын, маған ол жақта жұмыс істеу қызық болмайтынын түсіндім. Бәрібір әр медиада белгілі бір ережеге бағынуға тура келеді.

Бір күні әлеуметтік желіде маңызды тақырыптар туралы жазғым келетінін түсіндім. Бірақ әлеуметтік желімен жұмыс істеу оңай емес. Ол үшін дизайн, SMM және тағы басқа сала мамандарының көмегі қажет. Осы кезде Internews (медианың дамуын қолдайтын халықаралық ұйымның өкілдігі – ред.) шағын гранттар байқауын жариялады. Байқауға өтініш беріп, грант жеңіп алдым. Осылай Instagram-ға PROTENGE парақшасын тіркегеннен кейін жарты жылдан соң жобаны бастадық.

Ол кезде "әлеуметтік желі – салмақты нәрсе емес" деген стереотип болды. Сондықтан бұл жобамен бір жылдай айналысып, кейін ары қарай жылжимын, мүмкін, дәстүрлі медиаға оралармын деп ойладым. Бірақ қателесіппін. Қазір маған осы форматта жұмыс істеген ұнайды. Классикалық медиа форматы қызық болмай қалды. Мен Instagram-ға кәсіби журналистиканы әкелдім. Бұрын кәсіби журналистиканың атын жамылып, контент ұрлайтын парақшалар көп еді. Ал мен мұндай контентті өзім дайындай аламын. Басында оқырман тарапынан сенімсіздік басым болды. Олар "Кімсіңдер?", "Мұндай деректі қайдан аласыңдар?", "Бұл қайда жазылған?" деп сұрайтын.

Азаттық: PRROTENGE қалың оқырманға мемлекеттің көбіне үлкен көлемдегі бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланатынын көрсетті. Парақшада негізінен тендер жайлы айтылады. Жұмыс барысында қаржыны тиімсіз пайдаланудың ауқымы туралы қандай пікірге келдіңіз?

Жәмила Маричева: Негізі біз көп ақпарат тауып отырған жоқпыз. Шын мәнінде ондаған, жүздеген миллиард теңге дұрыс игерілмейді деп ойлаймын. Бұл – өте көп қаржы. Мысалы, президент істері басқармасының бюджетіжайлы бірнеше материал дайындадым. Мәселе мынада: аудан немесе қала әкімін бәрі тексере алады. Ондай сатып алуды тексеріп, бақылап отыру оңай. Ал сіз "президент істері басқармасына тым көп қаржы бөлінеді" деген жаңалықты соңғы рет қашан оқыдыңыз?

Жәмила Маричева – журналист, PROTENGE паблигі редакторы.
Жәмила Маричева – журналист, PROTENGE паблигі редакторы.

Азаттық: Мен тіпті, мұндай жаңалық жазуға кімнің батылы жететінін де білмеймін.

Жәмила Маричева: Мен ешқашан мұндай тексеру нәтижесін көрмеппін. Президент істері басқармасын тексеретін болса, қалай тексеріп, не тапқанын айтсын. Тексермесе, онда "Неге тексермейсіздер?" деген сұрақ туындайды. Президент істері басқармасын мысалға келтірген себебім, жұмысты төменнен емес, жоғарыдан бастау керек. Біз бірнеше материал дайындап, бұл басқарманың, яғни, шаруашылық мекеменің жылдық бюджеті Павлодар қаласының жылдық бюджетінен көп екенін анықтадық. Бастысы, қаржының бір бөлігін тексеруге болады, ал қалған ақшаның қайда жұмсалып жатқаны мүлде түсініксіз. Иә, көп қызметкерден тұратын штатты қамтамасыз ету керек. Иә, үлкен ғимараттың шығынын өтеу керек. Бірақ ешқандай сұрақ туындамауы үшін қаржының қайда жұмсалып жатқаны ашық көрсетілуі керек деп ойлаймын.

Азаттық: Осы тұста [ресейлік журналист] Алексей Пивоваровтың "Бәрі бәрін түсінеді" деген сөзін келтіруге болар.

Жәмила Маричева: Мемлекеттік сатып алуда ірі көлемдегі ақша жиі кездеседі. Оның бәрін бақылауға ресурсымыз жетпейді. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің де ресурсы жетпейді. Бұған көп адамды тартып, әркім өз деңгейінде бақылау жүргізуі керек. Аудан халқы аудандық әкімдік бюджетін, облыс жұрты облыстағы мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын қадағалауы тиіс. Бұл процеске қоғам араласуы керек. Өйткені прецедент қалыптастырып, мәселе көтеріп, оны талқыламайынша, ештеңе шешілмейді.

Азаттық: Яғни, PROTENGE халықты ағартуға арналған жоба ма?

Жәмила Маричева: Иә. Бірақ бұл "біз – ақылды, әдеміміз, халықтың санасына жарық түсіреміз" дегенді білдірмейді. Жоқ. Ірі көлемдегі ақшаның қайда, қалай жұмсалатынын жұрт түсінбейді. Елдегі адамдар тиын-тебен тауып жүр, олар үшін 42500 теңгенің өзі (мемлекет коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде жұмысы мен табысынан айырылған азаматтарға төлеген жәрдемақы мөлшері – ред.) маңызды. Оларға миллиардтаған теңге туралы айтқанда, халық көлемдегі ақшаны немен өлшеуге болатынын білмейді. Сондықтан мен көбіне "осынша миллиард қаладағы 300 мың адамға жетеді" деп, салыстырмалы журналистиканы пайдаланамын. Осылайша жұрт, менің аудиториям әңгіме қандай көлемдегі қаржы жайлы екенін жақсы түсінетін болды.

Жәмила Маричева – журналист, PROTENGE паблигі редакторы.
Жәмила Маричева – журналист, PROTENGE паблигі редакторы.

"ТОҢАЗЫТҚЫШ ТОЛТЫРУ" НЕМЕСЕ "МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ІСІМЕН ШАРУАСЫ ЖОҚ" АДАМДАР ЖАЙЛЫ

Азаттық: Шенеуніктер, мемлекеттік аппарат қандай реакция білдіреді? Жазба жариялаған соң хабарласып, хат жазатын кезі бола ма?

Жәмила Маричева: Хабарласпайды, бірақ кейде жазады. Былтыр астананы әрлеуге миллиард теңгеден көп ақша жұмсағаны туралы жазғанымызда Нұр-Cұлтан әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі жазды. Біздің материалымызды көп паблик басқаша түсініп, миллиард теңге тек 6 шілдеге (Астана күні мерекесі — ред.) бөлінген деген хабар таратыпты. Кешіріңіз, егер басқа медиа әлденені қате түсінсе оған мен кінәлі емеспін, бастысы біздің ақпаратымыз дұрыс. Оның үстіне, жазбадағы цифрларды қайдан алғанымызды да көрсеттім. Бұдан кейін бізге олай деп жазған жоқ. Ешкім хабарласпады. Кейде жазбамызда аты-жөні аталған адамдар сол жазбаның астына пікір жазады. Оқырманымыз байқасын деп, оны жоғарыда тұратын пікірлер қатарына тіркеп қоямын.

Азаттық: Яғни, түсінгенімше, қысым көрсетуге талпыныс болмады ма?

Жәмила Маричева: Жоқ, болған жоқ.

Азаттық: Бәлкім пафос сияқты көрінер, бірақ PROTENGE жүйені ашық ету не жемқорлыққа қарсы күресуге көмектесу сияқты биік мақсат көздей ме?

Жәмила Маричева: Ең қызығы не екенін білесіз бе? Мен байқаусызда өзімнің кішкентай ғана медиамның иесі атанып шыға келдім. Онда қалағаныммен айналысамын, өзіме ыңғайлы жағдайда жұмыс істеймін. PROTENGE осылай пайда болды. Жүздеген адамның ойын сәл болса да өзгерте алсақ, осының өзі жақсы. Бірақ PROTENGE ауқымды деңгейдегі үлкен өзгеріс жасай алады деген соқыр сенім жоқ. Жемқорлық дегеннің жаман екенін, онымен күресу керегін жұрт өзі уақыт өте келе түсінуі керек. Бұл процесс осылай баяу жүре береді. Жұртты тіксінтетін оқиғалар болмаса, әрине. Мысалы, үш жыл бұрын Денис Теннің қазасы қоғамды дүр сілкіндірді.

Азаттық: Полиция жұмысына жаппай сын айтылып, "Ішкі істер министрлігі реформалансын" деген қозғалыс құрылды, бірақ сол кездегі министр Қасымовты бәрібір отставкаға жіберген жоқ.

Жәмила Маричева: Шыдамымыз әбден шегіне жетті. Бірақ жұрт төзімін қандай оқиға біржола тауысатынын білмеймін. Мұндай фактор PROTENGE болады деп ойламаймын. Журналист Андрей Лошак Юрий Дудьке берген сұхбатында "Ресейде жұртты тоңазытқышта бар нәрсемен ұстап отыр" деген пікір айтқан. Яғни, елдің тоңазытқыштағы заттарды алуға ақшасы бар, бірақ одан өзге ештеңені қалтасы көтермейді. Тоңазытқышты толтыру үшін көп жұмыс істеуің керек, басқада шаруаң жоқ. Қазақстанда да дәл сондай жағдай. Күнелту үшін ғана жұмыс істеп жүргенде мемлекеттік сатып алу мәселесін қадағалауға мұршаң болмайды. Адам құқығының жай-жапсарына көңіл бөлуге уақытың жоқ.

Азаттық: Қазақстандық журналистика он жылдан кейін қалай өзгереді деп ойлайсыз?

Жәмила Маричева: [Журналистиканы] әлеуметтік желілерден көремін. Қазір контенттің 90 пайызын желіден табамын. Маған бұл құбылыс ұнайды. Әлеуметтік желіге мемлекеттік тапсырыс әкелуге мүмкіндік жоғы да жақсы. Әлеуметтік желіде "Рухани жаңғыру" туралы кім оқып отырады дейсің? Мұндай жазба кең тарамайды, ешкім қолдап, талқыламайды. Мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін медианың өзі әлеуметтік желіде ұғынықты, расымен көкейкесті тақырып жайлы жазуға тырысады. Желідегі адамдарды "Рухани жаңғыру" деген керемет нәрсе деп сендіре алмайсың. Осы құбылысқа, айқын ой мен бәсеке жеңіп шығарына сенгім келеді.

Митинг мысалында түсіндірейін. Бұрын бұл еленбейтін жабық тақырып еді. Митингіден хабар тарататын медиа да санаулы болатын. Қазір бұл тақырыпта жазатындар көбейді. Әлеуметтік желіде де митингілер туралы айтылады. [Қоғам белсендісі Жанболат] Мамай мен жақтастарын полицияның кеттлингке алғаны туралы ZTB (1,6 миллионнан аса оқырманы бар танымал қазақстандық парақша – ред.) жазғанда таңғалдым.

Қазір митинг туралы айтпайтын медиа ыңғайсыз жағдайда қалды. Себебі оқырмандар оларға оқиға туралы хабар жібереді, мұны маңызды нәрсе санайды. Мұндайда қателессең, ең адал деген оқырманның өзі бірден "Админ, мұның қате болды" деп жазып кетеді.

Әлеуметтік желіде көріп жүрген осы нәрсе үміт сыйлайды. Ең бастысы онда саған ақша төлеуге дайын жарнама беруші бар және ол – мемлекет емес.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG