Accessibility links

ДДСҰ Қазақстанға күні кеше келген Қытай екпесін мақұлдады. CoronaVac жайлы не білеміз?


Жұмысшы Sinovac вакцинасы құйылған құтыларды тексеріп тұр. Пекин, Қытай. 24 қыркүйек 2020 жыл.
Жұмысшы Sinovac вакцинасы құйылған құтыларды тексеріп тұр. Пекин, Қытай. 24 қыркүйек 2020 жыл.

2 маусымда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдың Sinovac компаниясы өндірген екпені төтенше қолдану үшін мақұлдады. Бір күн бұрын Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі бұл екпенің 500 мың дозасын алдыртқанын хабарлаған.

ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, CoronaVac деп аталатын осы қытайлық екпені салдырғандардың 51 пайызында Covid-19 белгілері байқалмаған. Вакцина сондай-ақ ауруханаға түсуден 100 пайыз қорғаған.

CoronaVac-тың қауіпсіз, тиімді әрі сапалы екені анықталды деді ДДСҰ төрағасы Тедрос Адханом Гебрейесус баспасөз жиынында.

Вакцина араға екі-төрт апта салып егілетін екі дозадан тұрады. Тасымалдау және сақтау үшін бар болғаны +2 пен +8 аралығындағы температура жеткілікті.

"Сақтау талаптарының жеңіл болуы CoronaVac-ты қаржы тапшылығы жағдайы үшін ең тиімді таңдау етпек" деді Гебрейесус.

CoronaVac-тың төтенше жағдай үшін мақұлдануы оның Covax дейтін ғаламдық бағдарламаға қатысуына жол ашады. Бұл бағдарлама кедей елдерге вакцина жіберуді көздейді.

CoronaVac – ДДСҰ мақұлдауын алған екінші Қытай вакцинасы. Бір ай бұрын бұл тізімге Қытайдың Sinopharm компаниясы әзірлеген вакцина да кірген. Біріккен Араб Әмірліктерінде өндіріліп, Hayat-Vax деп аталған бұл екпе қазақстандықтарға да салынып жатыр.

Қытайдың бұл екі вакцинасынан бөлек ДДСҰ тізімінде алты екпе бар. Олар: Pfizer/BioNTech, Moderna, Janssen және Oxford/AstraZeneca вакциналары. Oxford/AstraZeneca екпесінің Еуроодақта, Оңтүстік Кореяда және Үндістанда өндірілген нұсқалары бөлек-бөлек тіркелген.

Қазақстанда кеңінен қолданылатын ресейлік "Спутник V" екпесі бұл тізімге кірмеген. Ал отандық QazVac ДДСҰ қарауында жатқан екпелер қатарында да жоқ.

Sinovac вакцинасының қораптары.
Sinovac вакцинасының қораптары.

ДДСҰ CoronaVac екпесін 18 жастан асқандарға қолдануды ұсынып отыр. Сынаққа қатысқандардың ішінде 60 жастан асқандар саны аз. Бірақ ұйым екпені егде жастағылар үшін де қолдана беруге болады деп отыр.

Дегенмен ДДСҰ сарапшылары кей деректер әлі де жетіспейді дейді.

CORONAVAC ҚАНДАЙ ЕКПЕ?

Sinovac компаниясының екпесі ескі әрі қарапайым әдіспен жасалған. Вакцина адам ағзасына өлі коронавирусты жеткізіп, иммундық реакция тудырады. Бұл жөнінен CoronaVac қазақстандық QazVac екпесіне ұқсайды. Қытайдың Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген вакцинасы Hayat-Vax те осылай жасалған.

Салыстыру ретінде, ресейлік "Спутник V" екпесінде адамға зиян тигізбейтіндей етіп өзгертілген аденовирус (вектор) пайдаланылады. Векторға SARS-CoV-2 вирусының тікен пішінді ақуыз өндіретін гені енгізіледі. Oxford-AstraZeneca және Johnson & Johnson екпелері осыған ұқсас әдіспен әзірленген.

Ал Pfizer және Moderna екпелері РНҚ хабаршысы дейтін молекулаларды (мРНҚ) пайдаланады. Ол молекулаларда коронавирус генетикалық кодының бір бөлігі болады. Вакцина әзірлеуде РНҚ хабаршысын пайдалану жаңа технология саналады.

Векторлы екпелер мен мРНҚ екпелер күрделі жолмен жасалған және әдетте олардың тиімділігі дәстүрлі әдіспен жасалған екпелерден жоғары келеді. Бірақ соңғысын тасымалдау және сақтау жеңілдеу.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, CoronaVac екпесін 40-тан астам ел мақұлдаған. Вакцинаны өндіруші Sinovac компаниясы тапсырыс берушілерге 600 миллион доза жеткізгенін, оның 430 миллионы салынып қойғанын айтады.

ДДСҰ-ның қарауына Қытайдың тағы бір вакцинасы берілген. Бірақ CanSino Biologics компаниясы әзірлеген екпе туралы әлі нәтиже шыққан жоқ.

ВАКЦИНАНЫҢ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Қытайдың ашық саясат ұстанбауынан және індетпен күрестің саясатқа айналып кетуінен, CoronaVac екпесінің әсері жөніндегі деректерге ғылыми қауымдастық аздаған сенімсіздікпен қарап келген. Беделді медициналық басылым саналатын Lancet журналында екпе сынағының тек бірінші және екінші кезеңдері туралы ғана ақпарат бар. Оған қарағанда, бірінші кезеңде 144 адам, екінші кезеңде 600 адам қатысқан сынақ "вакцинаны төтенше жағдай үшін қолдануға болады" деген қорытынды шығарған.

CoronaVac вакцинасы сынағының үшінші кезеңі бірнеше елде өтті және нәтиже әр елде әр қалай. Түркияда сынаққа 13 мың адам қатысып, екпе әсері 84 пайыз болған. Чилиде қытайлық екпені 10,5 миллион адам алған, тиімділігі 67 пайыз болған. Индонезияда 1620 адам қатысқан, әсер 65 пайыз шамасында. Бразилияда 12 688 адам қатысып, екпе тиімділігі 51 пайыз көрсеткен.

Сан-Паулу штатының губернаторы Жоао Дориа CoronaVac екпесін көрсетіп тұр. Бразилия, 19 қараша 2020 жыл.
Сан-Паулу штатының губернаторы Жоао Дориа CoronaVac екпесін көрсетіп тұр. Бразилия, 19 қараша 2020 жыл.

Бұл – адамның екпе салдырғаннан кейін Covid-19 ауруына шалдығу-шалдықпау көрсеткіші. Яғни екпе тиімділігі қанша пайыз деп айтылса, сынаққа қатысқандардың сонша пайызы коронавирус ауруына шалдықпаған.

Бұдан бөлек ауруханаға түсу, жан сақтау бөліміне жатқызылу және өлім көрсеткіштеріне әсері де есептеледі. Мәселен, Чилиде өткен сынақта жалпы тиімділік 67 пайыз болғанымен, екпенің ауруханаға түсуден қорғауы 85 пайыз, жан сақтау бөліміне түсуден қорғауы 89 пайыз, ажалдан аман алып қалуы 80 пайыз болған.

31 мамыр күні америкалық Wall Street Journal басылымы Бразилиядағы сынақ CoronaVac-тың өлім көрсеткішін 95 пайызға азайтқанын көрсетті деді. Басылымның жазуына қарағанда, ақпан мен сәуір аралығында 45 мың адам тұратын Серрана қаласында жаппай вакциналау жүрген. Сөйтіп ақпан мен мамырдың ортасы аралығында өлім деңгейі күрт азайған. Симптомды ауру жағдайлары мен ауруханаға түсетін жағдайлар да осы тәртіппен 80 және 86 пайызға қысқарған.

Бразилиялық қарт әйел Sinovac вакцинасын салдырып жатыр. Рио-де-Жанейро, 1 ақпан 2021 жыл.
Бразилиялық қарт әйел Sinovac вакцинасын салдырып жатыр. Рио-де-Жанейро, 1 ақпан 2021 жыл.

Одан санаулы күн бұрын AFP ақпарат агенттігі CoronaVac-ты жаппай салған Уругвайда өлім көрсеткіші 97 пайызға төмендеді деген ақпарат таратты. Елде қытайлық екпе 1 наурыздан бастап салынған.

Бірақ ДДСҰ жанындағы Сарапшылардың стратегиялық кеңес тобының (SAGE) CoronaVac жөніндегі бастапқы баяндамасында (2021 жылғы сәуірдің соңында жарияланды) кей деректердің әлі де жетпейтіні айтылған.

Баяндамада SAGE "Біз CoronaVac-тың 2 дозасы (18-59 жас аралығындағы) ересектер арасындағы ПТР-мен расталған жағдайлардың алдын алуда тиімді екеніне нық сенімдіміз", бірақ жүкті әйелдер мен егде жастағылар үшін қауіпсіздігі және вирустың өзге варианттарына қарсы тиімділігі жөнінде ақпарат аз деп мәлімдеген.

ҚАЗАҚСТАН CORONAVAC ВАКЦИНАСЫН ҚАЛАЙ АЛДЫРДЫ?

Қытай вакцинасының елге әкелінгенін Денсаулық сақтау министрлігі сейсенбі, 1 маусым күні мәлімдеді. Министрліктің хабарлауынша, екі дозадан тұратын жаңа екпе 18 жастан асқандарға салынады. Доза аралығы – 14-28 күн.

Вакцинаға Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауымен «СК-Фармация» компаниясы тапсырыс берген. «СК-Фармация» компаниясының өкілі Әсел Медеттегі Азаттыққа алғашқы партияның 250 мың адамға салынатынын, екі дозадан тұратын бір комплект үшін 7055 теңге төленгенін айтты. Компания өкілінің сөзінше, тапсырысты "Медсервис Плюс" ЖШС орындаған.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа әкелінген вакцинаның барлық егу пункттерінде болатынын айтты.

Қазақстанда осымен төртінші коронавирус вакцинасы қолданысқа еніп отыр. Елде вакциналау науқаны 1 ақпанда басталған. Бастапқыда адамдарға Ресейден әкелінген "Спутник V" вакцинасын салды. Ал 23 ақпанда нарыққа ресейлік екпенің Қарағандыда өндірілген түрі шықты. Араға екі ай салып, үшінші вакцина қолданыла бастады. 26 сәуір күні сынақтың үшінші кезеңінен өтпеген отандық QazVac вакцинасы қазақстандықтарға салынатын вакциналар тізіміне кірді.

QazVac екпесі құйылған құтыны ұстап тұрған медқызметкер. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.
QazVac екпесі құйылған құтыны ұстап тұрған медқызметкер. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.

Сәуірдің соңында "Самұрық-Қазына" қорының қытайлық Sinopharm компаниясының Hayat-Vax дейтін вакцинасын сатып алғаны белгілі болды. Компания Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген екпенің 1 миллион дозасын сатып алғанын, оның өз қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне салынатынын айтты. Бірақ келесі күндері денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "Самұрық-Қазына" сатып алған вакцинаның бәріне қолжетімді екенін мәлімдеді.

19 миллионға жуық халқы бар Қазақстанда екпе егуге жарамды 10 миллион адам бар. 2 маусымдағы дерекке қарағанда, вакцинаның екі дозасын 1 миллион 96 мың 310 адам алып үлгерген. Кемі бір доза алғандар саны 2,1 миллионнан асады.

Кейінгі күндері ресми дерек бойынша, коронавирус жұқтырғаны расталғандар саны біртіндеп азайып келеді. Сәуірдің екінші жартысында тәулік сайын тіркелетін науқастар саны 2,9 мыңға жуықтаса, осы аптада бұл көрсеткіш 1,5 мыңнан төмен болып отыр. Бірақ аурудан күн сайын 20-дан астам адам қайтыс болып жатыр.

Covid екпесі: мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба? 4 ақпан 2021 жыл.

Covid екпесі: мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Қазақстанда індет басталғалы барлығы 444 мың адамның коронавирусқа шалдыққаны расталған. Оның 389 мыңы ПТР тесті нәтижесінде, 55 мыңы ауру белгілері бойынша (коронавирус пневмониясы) анықталған. Аурудан кемі 7365 адам көз жұмған. Бұдан өзге коронавирус жұққаны расталған, бірақ өзге аурудан қайтыс болды деген адамдардың есебі бар. Бірақ ДСМ олардың дерегін тұрақты жарияламайды. Азаттықтың сәуірдегі сауалына министрлік 2021 жылғы 31 наурызға дейін бұл есепте 1619 адамның болғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG