Accessibility links

"Саяси театр". Рамзан Қадыров төртінші мерзімге қалай түспек?


Рамзан Қадыров.
Рамзан Қадыров.

2016 жылғы ақпан, Шешенстан президентінің сайлауына санаулы апта қалғанда автономиялық елдің басшысы Рамзан Қадыров ұлттық телеарнада сөз сөйлеп, қызметтен кеткісі келетінін айтты.

"Уақытым өтті. Командамызда ізбасарлар көп. Бізде өте жақсы мамандар бар" деді ол.

Сірә, бұл мәлімдемеден кейін Шешенстан басшысы қызметтен кете қойған жоқ. Керісінше, сайлауға түсіп, елді басқаруын жалғастыра берді. Ал бұл мәлімдеме алдын ала ойластырылған сайлау науқанының айласы еді. Осыны айтқаннан кейін жұрт оған жалынып, орнында қалуы сұрауы қажет болатын. Көп күттірмей көзінен жас аққан әйелдер мен балалардың видеолары тарады. Ал елдің адам құқығы жөніндегі омбудсмені Қадыровтің кетуі әрбір шешен азаматының құқығын бұзумен тең деді.

"Қоғам [Қадыровқа] балама болар адамды көріп тұрған жоқ. Бұл жерде ізбасар туралы талқының болуы мүмкін де емес" деді осыған дейін беймәлім болып келген "Шешенстан Республикасының азаматық форумы" дейтін ұйым.

Кремль қолдауына ие Қадыров райынан – егер расымен биліктен кету ойында болса – қайта қойып, сайлау күні таяп қалғанда жылдам науқан ұйымдастыра салды. Ресми нәтиже бойынша, ол 98 пайыз дауыс алып, үшінші мерзімге сайланды. Бірақ үкімет сыншылары сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын, халыққа қысым көрсетілгенін айтып жатты.

Президенттік мерзім аяқталар тұста саяси театр қайта басталмақ. 17-19 қыркүйекте Ресейде парламент сайлауы өткенде, Шешенстанда республика басшысын сайлайды. Ал Қадыров тағы бір мерзімге сайланбақ.

Ресей құрамындағы республиканы 2007 жылдан бері басқарып келе жатқан Қадыров адам құқығын өрескел бұзушы ретінде танымал. Human Rights Watch ұйымы оның тұсында азаптау, ел алдында ұялту, кісі ұрлау, сот үкімінсіз кісі өлтіру оқиғалары болды деп мәлімдеді.

Қадыровқа қатысы бар деген адамдар тергеу журналисі Анна Политковскаяны, адам құқығы жөніндегі белсенді Наталья Эстимированы, Ресейдің бұрынғы вице-премьері, оппозиция қайраткері Борис Немцовты және өзгелерді өлтіруге қатысы бар деген айыппен кінәлі деп танылған.

"ФРАНЦИЯДАҒЫ БАРЛЫҚ ШЕШЕННІҢ АТЫНАН"

23 маусым күні республикасы астанасы Грозныйда "Шешенстан халықтарының дүниежүзілік съезі өтті. Апта басында ғана жарияланған жарты күндік жиынға 23 елден 5000 делегат қатысты. Съезд ұйымдастырушылары делегаттардың Түркия, Франция, Германия, Бельгия секілді елдерден келгенін айтып мақтанды. Азат Еуропа/Азаттық радиосы хабарласқан шешен диаспораларының бәрі бір ауыздан съезд туралы алдын ала ескертілмегенін, оған кісі жібермеген айтты.

"Бұл делегаттарды ешкім таңдамады. Оларды ешкім танымайды, фантом десе де болады... Еуропаның көптеген елінде қауымдастығымыздың өкілдігі бар және біз Қадыровтың шарасына ешқашан кісі жібермес едік" деді Еуропа шешендері қауымдастығының басшысы Аслан Мұртазалиев.

"Рамзан [Қадыров] – Шешенстан республикасының басшысы қызметіне жалғыз үміткер" деді Мемлекеттік дума депутаты Адам Делимханов съезде сөз алып.

Өзін Әли Бажаев деп таныстырған кісі Франция шешендері қауымдастығының вице-президенті екенін, "Франциядағы барлық шешеннің атынан" Қадыровтың сайлауға түсуін қолдайтынын айтты.

1993 жылға дейін Ресей Жоғарғы кеңесінің басшысы болған, президент Борис Ельцинге қарсы шығамын деп қызметінен түскен 79 жастағы Руслан Хасбулатов та шешендерді Қадыровқа дауыс беруге шақырды.

"ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРУ ҮШІН"

Түскі астан соң, республика муфтиі Салах Межиев бастаған делегаттар Қадыровтың резиденциясына жол тартып, "барлық рудың, ауыл-аймақтың және исламдағы сыйлы адамдардың атынан" оны сайлауға түсуге, "оларды жарты жолдан тастамауға" шақырмақ болды.

Межиев съездің бір ауыздан қабылданған қарарын Қадыровқа өз қолымен табыстады. Сарапшылар бұл шараның асығыс-үсігіс ұйымдастырылғанын, оның әлгі қарарды Қадыровқа Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен өтетін видео конференцияға дейін беру үшін ғана өткізілгенін айтады. Путин Қадыровтің республиканы басқаруына жоғары баға беріп, оны "жұмысын жалғастыру үшін" тағы бір мерзімге сайлауға түсуге шақырды.

"Мен өз тарапымнан сізге тек қана сәттілік тілеймін" деді Путин.

Human Rights Watch ұйымы Путиннің Шешенстан Қадыров тұсында Ресейдің "ең қауіпсіз субъектісіне айналды" деуі "арсыздық асқан түрі" деп мәлімдеді. Содан екі күн ғана бұрын Шешенстан ұлттық телеарнасының басшысы Қадыровті сынайтындарды өлтіруге дайын екенін айтқан.

"Біреуді өлтіру керек болса, біреу өлімге лайық болса, өлтіреміз" деді Чингиз Ахмадов Instagram-дағы видеода. "Рамзан Қадыровтің жауы – шешен халқының жауы".

44 жастағы Қадыров Шешенстан басшысы қызметін әкесі Ахмад Қадыровтан мұраға алды десе де болады. Республиканың президенті болған Ахмад Қадыровты 2004 жылы өлтіріп кеткен. Бастапқыда премьер-министр болған Рамзан Қадыровты Путин 2007 жылы республика басшысы қызметіне тағайындады. Одан кейін 2011 жылы Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев пен республика парламенті Қадыровты тағы бір мерзімге қойды. Сол мерзім кезінде "Шешенстан президенті" қызметі жойылып, оның орнына "Шешенстан республикасының басшысы" қызметі енгізілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG