3 шілденің кешінде Орал соты аштық жариялаған белсенділердің бірі Бекболат Өтебаевты "заңда белгіленген тәртіпті бұза отырып өтіп жатқан жиынға қатысты" деп бес күнге қамады. Бұл туралы Азаттыққа осы жағдайды қадағалап отырған құқық қорғаушы Павел Кочетков хабарлады.
— Сот кешкі 5.00-те басталды. Прокурор он тәулікке қамауды сұрады. Судья Өтебаевтың мүгедек екенін, асқазаны ауыратынын ескерген көрінеді, бес күн туралы шешім шығарды, — деді Азаттыққа Кочетков телефон арқылы.
Азаттықтың баспасөз қызметінен соттың пікірін сұрай алмады.
Өтебаев осыған дейін наразылық акцияларына қатысқаны үшін бірнеше мәрте ұсталған. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бейбіт жиынға шыққанын айтқан.
Белсенді аштық акциясына 2 шілде күні қосылған. Оған осы наразылықты бастаған үш белсендінің бірі Амангелді Оразбаевтың қамалуы түрткі болған. Аштық акциясына бұл екеуінен бөлек Орынбай Оқасов пен Дастан Базенов те қатысып жатыр. Олар Нұр-Сұлтан сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарын экстремистік деп тану туралы шешімін жоюды талап етеді. Еуропарламент қарарында бұл екі ұйым бейбіт оппозициялық құрылым ретінде көрсетілген.
Мұндай акция Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында да өтіп жатыр. Акцияның басталғанына екі аптадан асты. Шымкентте аштық жариялаған белсенділер акцияны тоқтатуға мәжбүр болды: 1 шілде күні оларды қала әкімдігі ғимараты алдынан ұстап әкетіп, үстінен әкімшілік іс қозғады. Екеуін қамады, біреуіне айыппұл салды. Аштық акциясына қатысып жатқандар саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, Еуроодақты Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы жеке санкция салуға шақырады.
2020 жылы ел астанасындағы Есіл аудандық соты "Көше партиясы" қозғалысын экстремистік ұйым деп таныған. Екі жыл бұрын "Қазақстанның демократиялық таңдауына" да тыйым салынған. Қазақстан билігі "Көше партиясын" қуғында жүрген экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ның жалғасы санайды.
"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ. Қазақстандық құқық қорғаушылар билік осы екі ұйымға қатысқан деген айыппен 300-ге жуық адамды қудалауға салды дейді.
ПІКІРЛЕР