Accessibility links

Жаңаөзенде жалақы өсіруді талап еткен күзетшілер ереуілі үшінші күнге ұласты


Жаңаөзенде "KMG -Security" күзетшілері ереуілге шығып, жалақы өсіруді талап етіп тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:44 0:00

Жаңаөзендегі "ӨзенМұнайгаз" мұнай өндіруші мекеменің өндіріс ошақтарын күзететін "KMG-security" компаниясы күзетшілерінің жалақыны өсіруді талап етіп, ереуілдеп тұрғанына үш күн болды. Компания кеңсесі маңында түнеген наразы күзетшілерге 15 шілдеде "KMG-security" компаниясының Нұр-Сұлтандағы басқарма басшысының орынбасары Мейірхан Жаманбаев келді. Бірақ күзетшілер мәселенің шешілмегенін айтады.

Күзетшілер компанияның басшылықпен арадағы кездесуін видеоға түсірген. Онда талаптарын айтқан күзетшілерге отставкадағы генерал-майор Мейірхан Жаманбаевтың "бұл жерде тұрмайсыңдар" деп зекіп жатқаны көрінеді.

– Біздерге басшылық келді. Жаманбаев мырза біздің талаптарымызға орай өз талабын айтты. "Не бұрынғы жалақымен қалып жұмыс істейсіңдер, не біз штатты 50%-ға қысқартамыз, сонда жалақы сендер сұраған 150 мыңға көтеріледі" деді. Біз мұнымен келіспедік, - деді аты-жөнін айтқысы келмеген күзетшілердің бірі.

Күзетшілердің айтуынша, компания басшылығы олардың жұмысқа шығуын талап етіп, тамыздың бірінен бастап жалақыны көбейтуге тырысатындарын айтқан. Бірақ оған сенімсіздік білдірген наразылар қолдарына жалақы көтерілгені туралы бұйрық пен келісім-шартқа өзгеріс енгенше тұра беретіндерін мәлімдеген.

Азаттық тілшісі "KMG-security" компаниясының Жаңаөзен қаласындағы бөлімшесіне тағы да хабарласқан еді. Диспетчер бөліміндегілер Жаңаөзендегі мекеме басышысы Алмас Темірәлиевпен де, Жаңаөзенде іссапарда жүрген генерал майор Мейірхан Жаманбаевпен де сөйлесу мүмкін еместігін, оның жиналыста отырғанын айтты.

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы KMG-security компаниясының бас кеңсесінде де Азаттық тілшісін басқарма басшысы Талғат Тоқаловпен сөйлестірмеді. Оның хатшысы Тоқаловтың да Жаңаөзенге іссапарға шығып жатқанын, қазір әуежайда екенін хабарлады.

Жаңаөзендегі "KMG-Security" компаниясы күзетшілерінің наразылығы 13 шілде де басталған. Мекеменің мыңнан астам күзетшісі жұмыстарын толық тоқтатып, айлық жалақысын 150 мың теңгеге (352$) көтеруді және мереке қарсаңында сыйақы төлеуді талап етіп тұр.

"KMG-Security" (бұрынғы "Semser Security", "Семсер") компаниялар тобы күзет қызметін көрсетуші мекеме ретінде 2000 жылы құрылған. Оның Жаңаөзен қаласындағы бөлімшесінде 1200 адам жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG