Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейсенбі күні Linkedin желісінің бұғаттан босатылғанын хабарлады.
Министрлік таратқан хабарламаға сәйкес, Microsoft-қа еншілес компания өкілдері Қазақстан билігінің ескертуін қарастырып, талаптарды орындаған.
"Linkedin әкімшілігі желіде жарияланған материалдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы екені жайлы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ескертуін қарады. Linkedin өкілдері Қазақстан тарабының талаптарына негіз бар деп танып, интернет-ресурстан заңға қайшы контентті жойды" делінген ведомство хабарламасында.
Осылайша желі Қазақстан аумағында қайта қалпына келген. 27 шілдеде Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігі платформада интернет-казинолар жайлы жарнама мен фейк аккаунтар барын алға тартып, Linkedin желісін жапқан болатын.
Қазақстанда онлайн казиноны жарналамау заңға қайшы.
Reuters-тің жазуынша, LinkedIn осы аптада аталған мәселені зерттеп жатқанын, компанияның саясаты да құмар ойындар мен фейк аккаунттарға қайшы екенін хабарлаған.
LinkedIn өкілі (өзін осылай таныстыруды сұрады) Азаттық қойған сауалдарға тура жауап бермеді. Жалпылама ресми комментариінде ол платформаның Қазақстанда қайта жұмыс істеп тұрғанын ғана айтты.
"Біздің негізгі басымдығымыз - платформа қолданушыларының қауіпсіз, сенімді әрі кәсіби байланыс орнатуына әрдайым мүмкіндік беру, бізде құмар ойындарына қатысты жарнамаға және жалған аккаунтқа тыйым салатын нақты ережелер бар" деп жазды LinkedIn өкілі Азаттыққа жауабында.
Украиналық Linked-Promo компаниясының есебінше, Қазақстанда 720,000 LinkedIn қолданушысы бар.
Қазақстанмен саяси және экономикалық тығыз қарым-қатынас жасайтын көрші Ресейде LinkedIn 2016 жылдан бері жабық. 5 жыл бұрын Мәскеу компания ресейлік қолданушылардың дерегін ел аумағында орналасқан серверге ауыстырудан бас тартты деп желіні бұғаттаған.
ПІКІРЛЕР