Accessibility links

Алматы облысында дау туды: Бақылаушылар әкімдіктен "хаттаманы бұрмаламауды" талап етіп отыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ауыл әкімін сайлау кезінде Алматы облысындағы бес ауылдық округті 100 пайыз бақылаған "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы алғашқы хаттама мен ресми хаттама арасында үлкен айырмашылықты анықтаған. Қолдарында бұлтартпас дәлелі бар бақылаушылар жергілікті биліктен "сайлау нәтижесін бұрмаламауды", ресми хаттаманы алғашқысына сәйкестендіруді талап етіп отыр. Олар комиссия төрағасын сотқа бермек.

25 шілде күнгі ауыл әкімін сайлау кезінде "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы бес ауылдық округ: Бәйтерек, Ташкенсаз, Бәйдібек би, Ақши және Қазақстан ауылдық округтерін 100 пайыз бақылаған болатын. Дауыс беру аяқталған соң қолдарына мөр басылған алғашқы хаттаманы да алған. Алайда бірнеше күннен кейін сайлаудың ресми нәтижесі жарияланған кезде бақылаушылар алғашқы хаттама мен ресми хаттама арасында үлкен айырмашылықты байқаған.

– Мысалы, Бәйдібек би ауылдық округында үш сайлау учаскесі бар. Біз үшеуінде де отырдық. Қолымызда үшеуінің де хаттамасы бар. Үшеуін қосқан кезде 1411 адам сайлауға келеді. Бірақ олар [сайлау комиссиясы - ред.] Бәйдібек би ауылдық округінда 5171 адам сайлауға келді деп жазып жіберген. Яғни, хаттаманы қатты өзгерткен, – деді "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Назарова 30 шілдеде Азаттық тілшісіне.

Бақылаушылар мәліметіне сенсек, Бәйдібек ауылында бір кандидатқа 2500 дауыс "қосылған". Яғни, тәуелсіз бақылаушылар есебінше, кандидат 1127 дауыс алса, ресми нәтижеде 3691 дауыс алды деп көрсетілген.

Өзге ауылдардағы хаттамаларда да айырмашылықтар бар дейді олар. Мысалы, Қазақстан ауылында тәуелсіз баұылаушылар есебінше 2213 адам сайлауға қатысса, ресми нәтиже бойынша 2686-ы сайлау учаскесіне келді деп жазылған. Кейбір кандидаттардың дауысы "азайтылып", кейбірінікі керісінше "көбейтілген".

Аталған ұйым Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігіне хат жіберіп, ресми хаттаманы алғашқысына сәйкестендіруді талап етіп отыр. Азаттық тілшісі әзірге әкімдіктен жауап ала алмады.

"Тәуелсіз бақылаушылар "сайлау нәтижесінің бұрмалануына жол берген" Еңбекшіқазақ ауданының аймақтық сайлау комиссиясының төрағасының үстінен шағым әзірлеп жатыр.

– Аймақтық сайлау комиссиясы төрағасының үстінен шағым әзірлеп жатырмыз. Қылмыстық іс қозғалуын сұраймыз. Өйткені біз олардың қай учаскеде хаттаманы қалай өзгерткенін білмейміз, – дейді Арайлым Назарова.

Еңбекшіқазақ ауданы аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Жексенбиев оқиғадан хабардар болып шықты. 30 шілде түстен кейін Азаттық тілшісі хабарласқан кезде ол "бақылаушылардың өздері бізбен хабарласқан жоқ. бірақ Инстаграмнан оқыдық. Қазір сол мәселе бойынша "разборка" болып жатыр" деді.

Хаттамалар арасындағы айырмашылық жөнінде сұрағанымызда:

"Оның бәрін анықтау керек. Дүйсенбі күні хабарласыңдар" деп қысқа қайырды.

25 шілдеде Қазақстанда ауыл әкімін сайлау өткен. Биыл заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, алғаш рет ауыл әкімін халықтың өзі сайлайды. Билік мұны "демократияға бастайтын үлкен өзгеріс" деп атаса, сыншылар "кандидаттарға бірдей жағдай жасалмаған, тәуелсіз кандидаттарға кедергі көп" дегенді алға тартқан.

Бұған дейін билік халықтың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болды деп мәлімдеген, ал белсенділер бұған күмән келтіреді. Сайлау күні кей бақылаушылар мен журналистер заңбұзушылықтар болғанын хабарлаған.

Қарай отырыңыз: Билік "сайлауда заң бұзылмады" дейді, бақылаушылар жоққа шығарады (26 шілде 2021 жыл).

Билік "сайлауда заң бұзылмады" дейді, бақылаушылар жоққа шығарады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG