Accessibility links

Семейде "вакцинаның жалған паспорттарын сатқан" екі медицина қызметкері ұсталды


Екпе пункті.
Екпе пункті.

Семейде коронавирусқа қарсы вакцинаның 30-дан астам жалған паспортын "сатқан" екі медицина қызметкері ұсталды. Бұл туралы дүйсенбі күні ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек хабарлады деп жазды Vlast сайты.

"Семейде жедел шара барысында вакцинаның жалған паспортын сату арқылы ақша таппақ болған екі медицина қызметкері анықталды. Қаладағы медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірінде жұмыс істейтін қызметкер жекелеген азаматтардан 15 мың теңге көлемінде ақша алған. Ақшаның бір бөлігі яғни, 10 мың теңге төлқұжат, құжат көшірмелерімен бірге жедел жәрдем орталығындағы танысына берілген. Ол вакцина туралы дерек қорына бұрыс мәліметті енгізген" деді Шұғыла Тұрлыбек.

Министрліктің хабарлауынша, қазір қылмыстық іс аясында полицейлер вакцинаның жалған паспортын алған адамдарды анықтап, тергеп жатыр. Ұсталғандар 30-дан астам тұрғынға жалған құжат сатқанын мойындаған. Алайда тергеу органдары бұдан да көп жалған құжат сатылуы мүмкін деп топшылайды.

Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін жалған құжаттар мен медициналық деректер жойылады дейді министрлік.

28 шілдеде ішкі істер министрлігі Қазақстанда жыл басынан бері вакцинаның жалған паспортын жасау бойынша 39 қылмыстық іс ашылған деп мәлімдеген.

Министрлік заңнамада жалған құжат жасау бойынша 4 жылға дейін түрме жазасы қарастырылғанын, оны пайдаланғандар 40 күнге дейін қамалуы мүмкін екенін ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG