Accessibility links

Ауғанстанның Құндыз қаласында ауыр шайқас жүріп жатыр


Ауған үкіметі күштері Құндыз қаласында күзетте. 24 маусым 2021 жыл.
Ауған үкіметі күштері Құндыз қаласында күзетте. 24 маусым 2021 жыл.

8 тамыз күні Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз қаласында үкімет күштері мен тәліптер арасында кескілескен шайқас жүріп жатыр. Бұл туралы ресми өкілдер мен жергілікті тұрғындар хабарлады.

Тәліптер 6 тамыздан бері екі уәлаят орталығын басып алған. Бірақ 375 мың тұрғыны бар Құндызды басып алса, мамыр айында бастаған әскери науқанының үлкен жетістігі болмақ.

Қаладағы кейбір маңызды үкімет ғимараттары тәліптеріне қолына өткен. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарының дереккөздері хабарлап отыр.

"Қаланың түрлі бөлігінде ауыр шайқас әлі жалғасып жатыр. Үкімет күшінің кей жасақтары әуежайға қарай шегінді" деді Құндыз уәлаяты кеңесінің мүшесі Амруддин Уәли.

Қаладағы шайқас 6 тамыз күні кешке басталған, содан бері кемі 11 адам мерт болып, 39 кісі жарақаттанған. Бұл туралы уәлаят денсаулық басқармасы мәлімдеді.

Дереккөздер шайқастың полиция штаб-пәтерінің маңында және қала орталығындағы негізгі жол айырығында күшейгенін айтады.

– "Талибан" қаланың бас алаңына жетті. Әуе күштері оларды бомбылап жатыр" жергілікті тұрғын деді Абдул Әзиз телефон арқылы. "Аласапыран орнады".

Құндыздың құлауы Кабул үкіметіне ауыр соққы болып тимек. Үкімет күштері осыған дейін ауыл-аймақтардан кері шегініп, елдің бас қалаларын қорғауға бекінген еді.

6 тамыз күні "Талибан" елдің оңтүстік-батысындағы Нимроз уәлаятының астанасы Зарандж қаласы мен солтүстіктегі Джаузджан уәлаятының астанасы Шеберганды басып алған.

Ауғанстанда жиырма жылдай болған Батыс әскерлері мамыр айында елден шығарыла бастаған. "Талибан" сол кезден бастап шабуылын күшейткен. Елдімекендердің бірінен соң бірі тәліптердің қолына өтіп, ауған үкіметінің болашағына алаңдау күшейді. Шетел әскери күштері елден тамыздың соңына дейін толық кетуі тиіс. Ауған үкіметінің күштері тәліптерге қаншалық төтеп беретіні белгісіз. Бірақ тәліптер жеңіп кетуі мүмкін деген күдік басым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG