Accessibility links

Жүргізушілер наразылығы қарсаңында Шымкентте тағы үш адамның полицияға жеткізілгені хабарланды


Шымкент қалалық полиция департаментінің алды.
Шымкент қалалық полиция департаментінің алды.

29 қыркүйекте Шымкентте полиция қамаудағы жүргізушілер белсендісіне тамақ апарған үш адамды ұстап, түсініктеме алды. Бұл туралы Азаттыққа қалалық полиция департаментінен шыққан жүргізушілер айтты.

Бір күн бұрын полиция ақылы жолға наразылық білдірген топтың жетекшісі Әбдірахым Бейсенді "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" және "билік өкіліне қарсылық білдіру" баптары бойынша кінәлі деп тауып, 15 күнге қамаған еді. Елде жүргізушілер наразылығы қайта басталады деген мәлімет тараған шақта жүргізушілердің ұсталуы жайлы ақпарат жиіледі.

29 қыркүйекте ұсталғандардың бірі Серғали Пірәлиевтің Азаттыққа айтуынша, таңертең Дүйсен Жұмашев, Қаһарман Жолдыбеков үшеуі уақытша қамау изоляторындағы Әбдірахым Бейсенге тамақ алып барған. Сол кезде бірнеше полиция қызметкері келіп, басқармаға алып кеткен.

Жүргізуші Серғали Пірәлиев. 29 қыркүйек 2021 жыл.
Жүргізуші Серғали Пірәлиев. 29 қыркүйек 2021 жыл.

- 30 қыркүйекте ақылы жол мен дизель отынының қымбаттауына қарсылық білдіріп, наразылыққа шығамыз деп едік. Полиция осы наразылыққа байланысты мақсатымызды сұрап, түсініктеме алды, - дейді Пірәлиев.

Дегенмен полиция Пірәлиев, Жұмашев, Жолдыбековтің ұсталуы жөнінде түсініктеме бермеді.

Адвокат Әмірәлі Кененбаев қамауда жатқан Әбдірахым Бейсенмен кездескенін айтқанмен, ол туралы қандай да бір ақпарат бере алмайтынын жеткізді.

Көлік жүргізушілердің 30 қыркүйек күні жолдың ақылы болуына, дизель отынының қымбаттауына, мәжбүрлі вакцинаға қарсылық білдіретіні туралы ақпарат WhatsApp желісінде тараған.

Мамырдың соңында Қазақстанның бірнеше аймағанда жолдардың ақылы болуына қарсы бірнеше наразылық өтті. Онда алыс жолға жүк көліктерін айдайтын жүргізушілер жол сапасының нашарлығына, жанармайдың қымбаттығын, тасымал бағасының төмендігін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG