Accessibility links

Серікжан Мәулетбай: Біздің елде кез келген белсендіні аңдуы мүмкін


Қазақстандық журналист Серікжан Мәулетбай.
Қазақстандық журналист Серікжан Мәулетбай.

"Диалогтар" жобасының кезекті кейіпкері – журналист Серікжан Мәулетбай кибераңду нысанына қалай айналғанын айтып, ақпарат министрлігінің рөлі мен елдегі сөз бостандығы жайлы ой бөлісті.

Биыл жазда жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Pegasus тыңшы бағдарламасының көмегімен телефоны тыңдалған болуы мүмкін делінген адамдардың тізімін жариялады. Олардың қатарында қазақстандық журналист Серікжан Мәулетбай да бар. OCCRP дерегінше, тізімде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы Бигелді Ғабдуллин және президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, ықпалды олигархтардың туыстары сияқты саяси элита өкілдері де болған. Осыған қарап зерттеушілер қазақстандық арнаулы қызмет өкілдері "бүкіл режимді аңдыған болуы мүмкін" деп топшылаған. OCCRP қызметкерлері ақпаратына сәйкес, екі мыңға жуық қазақстандық кибераңду нысанына айналған болуы мүмкін, бірақ олардың тізімі әлі толық жарияланған жоқ.

"Диалогтар" Азаттықтың қазіргі заманғы журналистикаға арналған жобасы. Бұл мамандықтың қыр-сыры, ақпарат құралдарының билікпен және қоғаммен қарым-қатынасы, журналист жұмысындағы қиындықтар және елдегі әлеуметтік-саяси оқиғалар туралы сұхбаттар сериясы.

"ЗАҢЫ ОҢАЙ БҰЗЫЛАТЫН" ЕЛДЕГІ КИБЕРАҢДУ ТУРАЛЫ

Азаттық: "Pegasus тізіміне" ілінгеніңізді білгенде қандай сезімде болдыңыз?

Серікжан Мәулетбай: Ештеңе сезінген жоқпын. Бұл мен үшін жаңалық болмады. Телефоным тыңдалуы мүмкін екенін бұрыннан білетінмін. Шынымен солай болған сияқты. Оның үстіне, заңдарды оңай бұзып, ойына келгенді істейтін Қазақстан үшін бұл – қалыпты құбылыс.

Журналист Серікжан Мәулетбай.
Журналист Серікжан Мәулетбай.

Азаттық: Мені бұл тізімде басқа журналистердің болмағаны таңғалдырды. Өйткені сізден басқа әріптестерімізді де аңдуы мүмкін ғой. Кибераңдуға ұшыраған журналистер тізімі әлдеқайда үлкен сияқты.

Серікжан Мәулетбай: Өкінішке қарай, олар тізімді жаңартпай қойды. "Негізінен саясаткерлер мен кәсіпкерлердің телефоны тыңдалады" делінгенімен, тізімде тағы біраз журналист бар дегенге сенемін. Менен басқа ешкім болмаса, олар "журналистер" деп көпше түрде айтпас еді.

Азаттық: Осыған дейін жеке өміріңіз бен жұмысыңыздың сырттай бақыланатынын білетін бе едіңіз?

Серікжан Мәулетбай: Бұл туралы ойлаған да емеспін, өйткені біздің елде кез келген белсенді адамның телефоны тыңдалуы мүмкін. Сондықтан бұл қалыпты нәрсе, арнаулы қызмет кез келген ақпаратқа қол жеткізе алады. Бірнеше жыл бұрын мобильді байланыс операторларын кез келген телефон әңгімесін тыңдап, жазып алуға мүмкіндік беретін "қара жәшік" орнатуға мәжбүрлеп жатыр деген дау шыққан. Білуімше, азаматтардың телефонын тыңдау үшін арнайы бір рұқсат алудың қажеті жоқ. Тіпті, бұған өткен датамен де рұқсат берілуі мүмкін деседі.

Азаттық: Сіз "Pegasus тізіміне" ілінгеннен кейін "Қаласа, тыңдай берсін. Жасыратын ештеңем жоқ" дедіңіз. Телефоныңызды тыңдауға не себеп болуы мүмкін деп ойланып көрдіңіз бе?

Серікжан Мәулетбай: Шынында жасыратын ештеңем жоқ. Заңды бұзбайтын азаматпын, сондықтан еш алаңсыз телефонымды тыңдай берсін дедім. Әрине, бұл менің құқығым мен жеке кеңістігімді бұзады және мұндай шараларға қарсымын. Бірақ олар тыңдағысы келсе, ешкімнен рұқсат сұрап әуре болмайтынын білемін. Мұны өздерінше "ұлттық қауіпсіздік" деп атайды. Телефонымды тыңдау 2012 жылы Жаңаөзен ісі бойынша жауапқа тартылған азаматтарды қолдауға шығуыммен байланысты деп ойлаймын. Бұл тізімге ілінуіме сол кездегі белсенділігім себеп болса керек. Оның үстіне, тәуелсіз журналиспін, редакция ешқашан бірнәрсе істеуге, баспасөз конференциясында сұрақ қоюға, қандай да тақырыпқа қатысты хат жіберуге тыйым салған емес.

"БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ ӨЗІН ЖЕКЕМЕНШІК КОМПАНИЯ ПИАРШЫСЫ СИЯҚТЫ ҰСТАЙДЫ"

Азаттық: Енді жасыратын құпиясы бардай журналистерден ат-тонын ала қашатындар, яғни, мемлекеттік ведомстволар мен олардың баспасөз қызметтері туралы сөйлессек. Неге мемлекеттік органдар көбіне журналистерге ақпарат бергісі келмейді?

Серікжан Мәулетбай: Бұл бірінші кезекте, журналистиканың деградацияға ұшырап, қазіргі билік позициясының күшеюімен байланысты. Мәселенің тағы бір себебі қазіргі билікке қарсы тұра алатын оппозиция мен белді азаматтық белсенділердің болмауында жатыр. Шенеуніктер халыққа жұмыс істеп, өз қызметін дұрыс атқаруы үшін салық төлеушілердің ақшасынан жалақы алып жүргенін ұмытып кеткен. Баспасөз қызметтері өзін жекеменшік компаниялардың пиаршысы сияқты ұстайды. Яғни, мемлекеттік орган беделіне жұмыс істеп, қай ақпаратты беріп, қайсысын бермейтінін өздері шешеді. Баспасөз хатшылары шенеуніктердің жеке пиаршысына айналған. Олар белгілі бір шенеуніктің беделін қорғап қана жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің көбі не қоғамға ақпарат беру туралы, не БАҚ туралы заңды білмейді.

Азаттық: Өңірлердегі жағдай бұдан да нашар шығар?

Серікжан Мәулетбай: Олай демес едім. Кей өңірде коммуникация қызметі жақсы жолға қойылған, журналистерді жергілікті билік органдарының аппарат жиынына кіргізеді. Бірақ бізде астана мен Алматы сияқты екі негізгі қала бар. Ондағы әкімдер елдің саяси жүйесіндегі "салмақты" тұлғалар болғандықтан, өздеріне қалай ыңғайлы болса, солай жұмыс істейді. Алматы мен астанада кез келген сұраққа жауап алу оңай емес. Әсіресе, бюджет шығыны жайлы ақпаратқа қол жеткізу қиын.

Журналист Серікжан Мәулетбай.
Журналист Серікжан Мәулетбай.

Азаттық: Сіз әртүрлі ведомстволар, соның ішінде денсаулық сақтау министрлігі өткізетін онлайн-брифингтерге жиі қатысасыз. Журналистер мен шенеуніктердің пандемия кезіндегі коммуникациясы туралы не айтасыз? Ақпарат алу процесі жақсарды ма, әлде бұрынғыдан да нашарлай түсті ме?

Серікжан Мәулетбай: Денсаулық сақтау министрлігін алсақ, бұл ведомствоның коммуникациясы өте нашар. Олар баспасөз конференциясында "жақсы жұмыс істейтін баспасөз қызметіміз бар" дегенді жиі айтады. Бірақ министрліктің баспасөз қызметіне қанша рет хат жіберіп, бір мардымды жауап ала алмадым. Бұл жауаптарды материалға қосу мүмкін емес. Бірде салмақты сұрақтар қойып, тақырыпты талдап, түсіндіріп беретін кәсіби инфекциониспен байланыстыруды сұрадым. Нәтижесінде әр сұраққа үш-төрт сөйлемнен тұратын, Google-дан оңай табылатын жауаптар келді. Денсаулық сақтау министрлігі шенеуніктерінің өзі баспасөз конференциясында дәл осылай жауап беріп жатқанда, баспасөз қызметі туралы бірнәрсе айтудың өзі артық.

"АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ПАЙДАСЫНАН ЗИЯНЫ КӨП"

Азаттық: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне көзқарасыңыз қандай? Журналистерге осындай министрлік керек пе?

Серікжан Мәулетбай: Осы салада жұмыс істеген жылдар ішінде ақпарат министрлігінің журналистерге пайдасынан зияны көп екеніне көзім жетті. Журналистика саласы өзін-өзі реттеуі керек. Кей елде ақпарат құралдары өзара келісілген, жазылмаған заңдар бойынша жұмыс істейді. Өкінішке қарай, біздің елде ақпарат құралдары туралы заң бар. Бұл заң журналистерден гөрі шенеуніктерді көбірек қорғайды.

2019 жылы Дәурен Абаев басқарған ақпарат және коммуникация министрлігі аккредитация ережесін өзгертіп, журналистер жұмысын, оның ішінде залдағы орын санын шектеуді ұсынды. Жаңа ережеге сәйкес, журналистер модераторға бағынып, ол тыйым салған тақырыпқа жазбауы керек. Жазса, аккредитация талабын бұзған болып саналады. Жаңа құжатта сөз бостандығы мен Конституцияда бекітілген ақпарат алу және тарату құқығына қайшы келетін тағы бірнеше бөлім болды. Министрлік шынымен журналистер мен сөз бостандығының пайдасына жұмыс істесе, мұндай ереже ұсынбас еді. Ол кезде жаңа ережеге қарсылық білдіріп, 300-ге жуық қол жинадық. Бізге барлық редакция, тіпті республикалық басылымдар да қосылды. Журналистер болып, митинг өткізуге өтініш бердік. Осының арқасында бұл ережелер қабылданған жоқ. Біраз уақыттан кейін (президент Нұрсұлтан) Назарбаев отставкаға кетіп, олардың журналистерге мойын бұруға мұршасы болмай қалды.

Ақпарат министрлігі талқылауға ұсынған кез келген ереже немесе заң жобасы мемлекеттік органдардың мақұлдауынан өтіп, қабылданады. Кез келген нормативті-құқықтық актіні не аккредитация ережесін ашып қарасаңыз, онда құжаттың бірнеше мемлекеттік органның мақұлдауынан өткені жазылғанын көресіз. Бірақ бір де бір құжатта редакцияның қолдауымен қабылданды деп жазылмайды.

Журналист Серікжан Мәулетбай.
Журналист Серікжан Мәулетбай.

Азаттық: Он жылдан кейін қазақстандық журналистикада қандай өзгеріс болады деп ойлайсыз?

Серікжан Мәулетбай: Журналистика біраз еркіндікке қол жеткізеді деп ойлаймын. Әртүрлі шектеу мен цензура салдарынан журналистер әлеуметтік желіге қарай ойысады. Қазірдің өзінде осындай тенденция байқалады. Журналистер YouTube, Тelegram желісінен арна ашып, Facebook, Instagram, TikTok парақшаларын дамытып жатыр. Мемлекет бұл желілерді бақылауда ұстай алмайды. Біраз уақыттан кейін әр журналист жеке ақпарат құралына айналады. Әлеуметтік желі саяси режим мен редакторлардың пікірінен тәуелсіз болғандықтан, классикалық ақпарат құралдарына деген сенім азаяды.

Бірақ қазіргі билік ақпарат құралдарындағы мемлекет ықпалын азайтудың маңызын түсініп, басылымдардың еркіндігі артып, журналистік зерттеулер көбейер деп үміттенемін. Одан бөлек, алдағы он жылда қазақ тіліндегі контентке сұраныс артады. Ақпарат құралдарының көбі қазақ тілінде жаза бастайды.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG