Accessibility links

Алматы соты Еуропарламент пен БҰҰ-ға хат жазған белсенділердің бірінің жазасын қатайтты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты және ұйымдастырды" деп айыпталған азаматтық белсенді Ұласбек Ахметовтің жазасы прокурор өтінішімен қатайтылды. Бұл жөнінде Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы хабарлады.

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы: судьялар Жұмағұлов (сот төрағасы), Кененбаев және Сәкенов – Ахметовті қоныстандыру колониясынан режимі қатаңырақ мекемеге ауыстыру туралы прокуратура өтінішін қанағаттандырған. Одан бөлек, "өзгеше ойлайтындығы үшін" екі ай жаза қосып берген.

19 қазанда Ұласбек Ахметов және "13 белсенді ісі" бойынша сотталған тағы төрт азамат Еуропарламент пен БҰҰ-ға хат жазып, Қазақстандағы саяси қудалауға шағымданған. Хат авторлары Қазақстандағы адам құқығының өрескел бұзылуына жауапты шенеуніктерге санкция салуды сұраған. Ахметовке апелляциялық шешім осы хат жөнінде ақпарат тарағаннан кейін бір күннен соң шыққан.

31 тамызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты азаматтық белсенді Ұласбек Ахметовті екі жылға бас бостандығынан айырып, бес жылға қоғамдық-саяси қызметпен шұғылдануға тыйым салған. Оны қоныстандыру колониясына жіберген. Сот белсендіні Қылмыстық кодекстің 405-бап, 1,2-бөліктері ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу, ұйымдастыру") бойынша кінәлі деп таныған. Ұласбек Ахметов тағылған айыптарды жоққа шығарып, үкімді апелляцияға берген.

Қазақстандық құқық қорғаушылардан құралған сарапшылар кеңесі былтыр қараша айында Ұласбек Ахметовті Қазақстандағы саяси тұтқындар тізіміне енгізген.

Елде пікірін ашық айтқан белсенділердің көбі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарына байланысты айыпталған. Сот аталған екі ұйымды да "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салынған. Алайда Еуропарламент екі ұйымды да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Екі ұйымға шыққан сот қаулылары жарияланбады.

ҚДТ-ны бұрынғы банкир, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Ал "Көше партиясы" ҚДТ-ға тыйым салынғаннан кейін құрылған қозғалыс. Қозғалыс жақтастары өздерін саяси себеппен қудалап отырғанын, өздерінің авторитарлық жүйеге қарсы екенін, парламенттік басқару жүйесін қолдайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG