Accessibility links

KEGOC жетпеген электр энергияны Ресейден импорттайды


Энергия тапшылығы жайлы ақпарат жиліген шақта KEGOC компаниясы жетпеген электр энергияны Ресейден импорттап жүргенін хабарлады.

"2021 жылдың 10 қараша кешкі жағдай бойынша Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі 14 838 МВт құрады, тоқ өндіру мөлшері – 14 265 МВт. Жетпеген 573 МВт тоқ Ресей энергия жүйесінің электр ағыны арқылы толтырылды: 10 МВт - қазақстандық тұтынушыларға арналған, 563-і – диспетчерлік кестеден ауытқыған ҚР тұтынушыларының кемшілігі салдарынан туындаған жүйеаралық электр ағыны" делінген компания хабарламасында.

Компания өкілдерінің айтуынша, тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін Ресейден импортталатын энергияға қатысты сауда-саттық ұйымдастырылған. Қазір оған қатысатын Қазақстанның энергия жабдықтаушы компанияларына жағдай жасау мәселесі қарастырылып жатыр.

"Алдағы күз-қыс маусымында 17 мың МВт-қа дейін салмақ түсуі мүмкін, 16 540 МВт тоқты өзіміз өндіреміз. Жетпеген тоқты Ресейден келетін электр ағыны арқылы, оның ішінде импортты қамтамасыз ету есебінен толтырамыз" деді компанияның баспасөз қызметі.

Компания өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері елде көмір электр станциялары – 66,9 млрд кВт (69%), газ электр станциялары – 18,9 млрд кВт (19,5%), гидроэлектр станциялары – 7,4 млрд кВт (8%), жасыл энергия көздері – 3,6 млрд кВт (3,5%) қуат өндірген.

KEGOC бірқатар электр станцияларының жөндеуде екенін, жөндеу жұмыстары аяқталған кезде өндірілетін энергия көлемі едәуір артатынын да атап өтті.

Бұған дейін Қазақстанның бірқатар өңірлерінде жарықтың шектеп беріле бастағаны жөнінде хабар тараған. KEGOC компаниясы өкілдері оны "аймақтық электр желілеріне қарайтын энергия жабдықтаушы ұйымдар мен тұтынушылардың келісімнен тыс электр тұтынуымен" байланыстырды.

Бұған дейін тасымалдаушы оператор электр қуаты тапшылығын криптовалюта өндірісімен айналысатын майнерлердің күрт көбеюімен де ұштастырған еді. 11 қараша күнгі хабарламасында компания елде тіркелген майнерлер 600 МВт электр пайдаланады, ал "ашық жұмыс істемейтіндері" қолданатын энергия көлемі 300-400 МВт құрайды деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG