Accessibility links

"Полицейлерге мұнайшыларды атуға мен бұйрық бердім бе?" Әблязов Назарбаевтың айыптауына жауап берді


Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов

Шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Жаңаөзен оқиғасына Әблязов кінәлі" деген сөзін "жалған" деді.

Әблязов 3 желтоқсанда Facebook парақшасына жариялаған видеосында "Назарбаев көзді бақырайтып қойып алдап отыр. Сонда адамдарды кім атты? Әблязов па? Полицияға атуға кім бұйрық берді? Әблязов па? Назарбаевтың бұл алдау сөзін жағдайды бағамдайтын адамдар жоққа шығара алады" деді.

Әблязов видеосында Жаңаөзендегі мұнайшыларды атуға "билік алдын ала дайындалды" деп, Назарбаевты "мұнайшыларды атуды ұйымдастырды және бұйрық берді" деп айыптады.

"Мен қаржыландырған К+ телеарнасы Жаңаөзенге барып мұнайшылар наразылығынан хабар таратты, сол видеолар арқылы Жаңаөзенде мұнайшыларға оқ атылғанын бүкіл әлем білді. Сондықтан Назарбаевқа шындықты жасыруы қиын. Себебі түсірілген кадрларда бәрі бар" деді Әблязов.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен оқиғасына мемлекеттік телеарналардан көрсетілген деректі фильмде Жаңаөзен оқиғасына қуғындағы банкир, шетелде тұратын билік оппоненті Мұхтар Әблязовты кінәлаған еді.

"Бұл - Әблязовтың ісі. Мереке кезінде алаңда тойлап жатқан адамдарға шабуыл жасау. Енді бәрі түсінікті болды, біз мұны зерттедік. Демек, ақша берген, мұнайшының киімін де кигізіп қойған, араққа тойдырып, Молотов коктейлін әзірлеген. Тәуелсіздік күні. Алаңда эстрада концерті өтіп жатқан, адамдар тұрған. Олар концерттің шырқын бұзды. Онымен тоқтамай, полиция кеңсесін талқандауға барған. Қару-жарақ қайда тұрғанын іздеген" деді Назарбаев америкалық кинорежиссёр, сценарист және продюсер Оливер Стоуннің деректі фильмінде.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Ондаған адам жараланған.

Ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілген. Ал ереуіл бойынша "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығында сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін оппозициялық саясаткерлер – Владимир Козлов, Жанболат Мамай, Серік Сапарғали; режиссер Болат Атабаев және тағы бірнеше адам "әлеуметтік араздықты қоздырды" деп айыпталып, істі болған еді. Олардың сотында "айыпталушылар Әблязовпен байланысы бары" айтылған еді.

Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.

Қазақстан билігі билік оппоненті Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік деп танып, елде қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды. Әблязов бірнеше жылдан бері Францияда тұрып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG