Қазақстанда атом электр станциясы (АЭС) салынады, электр энергиясын тасымалдау жөнінде Қытаймен келіссөз жүріп жатыр. Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік телеарналардан көрсетіліп жатқан "Qazaq. Алтын адам тарихы" атты деректі фильмінде осылай деп мәлімдеді.
Бұл жөнінде "Интерфакс" агенттігі хабарлады. Сегіз сағаттық фильмді түсіруге америкалық режиссер Оливер Стоун атсалысқан. Аталған фильмнің кезекті сериясы 3 желтоқсанда жергілікті арнадан көрсетілген.
"Біз атом станциясын саламыз. Мердігер мен технологияны таңдау керек. Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея мен америкалық компаниялар [салуға] қатты ықылас білдіріп отыр. Қазір мұны қайда салу жағын қарастырып жатырмыз" деді Назарбаев.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда электр энергиясы жеткілікті болғанмен алдағы уақытта тапшы болуы мүмкін.
"Қазір бізде электр энергиясы мол. Оны қайда жіберуді білмей отырмыз. Біз мұнай, газ, көмір шығаратын елміз. Бірақ атом станциясын салуға 7-8 жыл керек, оған дейін тапшылық туындайды" деді бірінші президент.
"Интерфакстың" жазуынша, одан сұхбат алған Оливер Стоун сөз арасында "Қазақстан электр энергияны Қытайға сата алады" деген кезде Назарбаев "біз олармен келіссөз жүргізіп жатырмыз" деп атап өткен.
Бірінші президент сонымен бірге Қазақстанда АЭС салуға Ресейдің қатты қызығып отырғанын, сол себепті Мәскеудің "үнемі" ол жайында сұрап жүргенін жеткізген.
Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанда АЭС-тің орны мен құрылысын зерттейтін арнайы комиссия құрылған.
Кейінгі кезде билік АЭС мәселесін қайта жиі айта бастады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қарашада қаржы секторының өкілдерімен жүздесуде елде электр энергиясы тапшылығы туындағанын алға тартып "біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек" деп мәлімдеген. Оның алдында қыркүйекте Қазақстанға атом электр станциясы қажет деп айтқан.
Биыл қазанның 27-сіне Қазақстан энергетика министрлігі атом электр станциясын салу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын.
Алайда қоғамда АЭС-ке байланысты қорқыныш та бар. Жұрт елде салынған АЭС апатқа ұшырай ма деп қауіптенеді. Елдегі жемқорлық мәселесі де жағдайды күрделендіруі мүмкін деп санайтындар бар. Күзде болған наразылықтар кезінде "АЭС салынбасын!" деген ұрандар да айтылды.
30 қыркүйекте аймақаралық ынтамақтастық форумы кезінде Ресей президенті Владимир Путин "Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр" деп мәлімдеген. Ол станция ғана емес, тұтас атом саласын дамыту жөнінде ұсыныс айтқан.
ПІКІРЛЕР