14 желтоқсанда сот "пара алды" деп айыпталған Талғар ауданының бұрынғы әкімі Серікжан Ерекешевке үкім оқып, 59,4 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Телеграмдағы парақшасында хабарлады.
Сот одан бөлек, Талғар ауданының тұрғын үй коммуналды шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Асқар Шамаевқа 29,7 млн теңге көлемінде айыппұл салған.
"Аталған лауазымды тұлғалар компания директорынан сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін және компанияны мемлекеттік қызметтерді адал атқармайтын ұйым деп тану туралы сотқа талап-арыз жібермегені үшін 2 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Үкім заңды күшіне енген жоқ" делінген агенттік хабарламасында.
Orda.kz сайтының хабарлауынша, прокурор айыпталушыларды жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот айыпталушылардың кінәсін мойындағанын, "қылмысты ашуға көмектескенін" және Ерекешевтің денсаулық жағдайын ескеріп жазаны жұмсартқан.
Талғар ауданы әкімінің ұсталғаны жөнінде хабар биыл ақпанда тараған.
Билік парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр. Жемқорлықпен күрес агенттігі билік тармақтарында жұмыс істейтін шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғанын жиі хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, биыл қаңтар мен қараша айы аралығында 1576 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген.
ПІКІРЛЕР