Accessibility links

Үш орынбасары "пара алды" деген күдікке ілінген Атырау әкімі қылмыстық істер жөнінде айтты


Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Нұр-Сұлтан, 14 желтоқсан 2021 жыл.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Нұр-Сұлтан, 14 желтоқсан 2021 жыл.

Үш орынбасары "пара алды" деген күдікке ілінген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қарамағындағы шенеуніктердің қылмыстық жауапкершілікке тартылуы жөнінде айтты.

"Үш орынбасарыңыз қатарынан пара алды деген күдікке ілінді. Бұл неден хабар береді?" деген журналистердің сұрақтарына ол:

– Нұрлан Таубаев қызметінен кеткен. Қазір облыс әкімінің орынбасары болып істемейді. Сот отырысы жалғасып жатыр. Сот үкімін күтеміз. Оның орнында Серік Айдарбеков жұмыс істеп жатыр. [Бақытгүл] Хаменованың орнына әлі ешкім келген жоқ. Себебі оқиға 10 желтоқсанда болған. Тергеу амалдары жүріп жатыр, – деді.

Бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасарлары Нұрлан Таубаев, Қайрат Нұрлыбаев және Бақытгүл Хаменованың әр уақытта "пара алды" деген күдікке ілінгені белгілі болған. Өткен апта соңында Бақытгүл Хаменова мемлекеттік тендерге бөлінген қаражаттан "жымқырды" деген күдікке ілініп, үйқамаққа қамалған.

Қазақстанда "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс.

14 желтоқсан күні отставка туралы сұраққа жауап берген Атырау облысының әкімі "егер қарамағымдағы азаматтардың жемқорлық жасағаны анықталса, заңға сәйкес отставкаға кету туралы өтініш беруге тиіспін" деді.

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, биыл қаңтар мен қараша айы аралығында Қазақстанда облыс деңгейіндегі 159 басшы "жемқорлық қылмысы үшін" жауапқа тартылған.
  • Қазақстанда жемқорлық бойынша шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады немесе мерзімінен ерте бостандыққа шығады. Сыншылар биліктің жемқорлықпен күрес шараларын тиімсіз санайды.
  • Transparency International халықаралық ұйымының биыл қаңтарда жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 94-орын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG